
30 мамыр күні Құлсары қаласында жарылыс болған «Ниет» газ құю станциясының тиісті рұқсат құжаттарсыз жұмыс істегені анықталды. Бұл туралы Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Сырым ЖАЙМАҒАМБЕТОВ мәлімдеді.
Оның айтуынша, станцияның бекітілген жобасы болмаған, ал нысанның құрылысы мен іске қосылуы төтенше жағдайлар департаментімен келісілмеген. Бұл – ҚР «Азаматтық қорғау туралы» заңының 78-бабының талаптарын бұзу болып есептеледі. Сонымен қатар, өнеркәсіптік қауіпсіздікке қатысты міндетті талаптар да сақталмаған.
Оқиға орнында арнайы комиссия жұмысын жалғастыруда. Департамент мәліметінше, өрттің шығу себептерін анықтау бойынша тергеу жұмыстары бір айға созылады, қажет болған жағдайда ол мерзім ұзартылады.
Еске сала кетейік, жарылыс салдарынан 1977 және 1980 жылы туған ерлі-зайыпты қаза тапты. Тағы 14 адам түрлі дәрежеде жарақат алды.
Айта кетейік, осыған ұқсас жағдай 2020 жылғы 5 маусымда Атырау қаласындағы «Промгаз ВР» ЖШС-не тиесілі газ құю станциясында да болған еді. Ол кезде бір адам қаза тапты.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау -1