Атырау, 6 желтоқсан 18:52
 бұлттыВ Атырау -1
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Құлсарыдағы жанармай бекетіндегі жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы қалай

967 рет қаралды

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев, Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов және ТЖД өкілдері Құлсарыдағы жанар-жағармай құю бекетінде болған өрттен зардап шеккендердің жағдайын білді.

Қызыл жалынның салдарынан жалпы саны 16 адам зардап шекті. 31 мамырдағы жағдай бойынша 5 азамат аудандық ауруханада жатыр. Алты адам амбулаториялық ем алу үшін үйлеріне жіберілді. Сонымен қатар үш науқас облыстық ауруханаға ауыстырылды.

- ⁠Ауруханадағы медициналық көмек көрсетіліп жатқан пациенттердің жасы —25-75 аралығында. Олардың күйік шалу көрсеткіші 5-25 пайыз арасында. Пациенттердің жағдайы —тұрақты. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ,- деді Жылыой аудандық ауруханасының директоры Асулан Абдрахманов.

Атырау облысы әкімінің тапсырмасымен 30 мамыр күні Атырау қаласынан Құлсарыға 4 дәрігер жіберілді .

Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің болжамынша, жарылыс газ таситын жүк көлігінен резервуарға автогаз құйылып жатқан уақытта болған. Салдарынан екі ғимарат өртенді. Қызыл жалын 450 шаршы метр аумақты шарпыды.

-⁠ ⁠Қазіргі уақытта өрттің себебін анықтау мақсатында департаменттен үш, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен тағы үш маман оқиға болған жерде жұмыс істеуде, - деді Атырау облыстық ТЖД бастығының орынбасары Нариман Өтешов.

Тілсіз жауды ауыздықтауға 81 адам, 17 техника жұмылдырылды. 21:47 -де өрт толығымен сөндірілді.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев және жергілікті атқарушы орган өкілдері өрт салдарынан қайтыс болған 2 азаматтың үйіне барып,туған-туыстарына көңіл айтты.Жылыой әкімдігі тарапынан аталған жанұяға қажетті көмек көрсетіледі.

31 мамыр, 14:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.