
«Мұнай жағылған бала»: Берік Уәп мұнай саласында қалай мансап жасап, Норвегияға қалай жетті?
2000 жылы жеті жасар Берік Уәп Қазақстанның мұнайлы дәуірінің символына айналды — Қашаған кен орнын ашу салтанатында елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев қолын мұнайға малып, баланың бетіне жаққан еді. Бұл көрініс көпшілік үшін жай ғана рәсім болса, Беріктің тағдыры үшін бастама болды: бүгінде ол халықаралық білім алған инженер, Норвегияда тұрады және жұмыс істейді.
«Ақ Жайық» тілшісі Осло қаласында Берікпен кездесіп, оның өмір жолы, шетелдегі тұрмысы және бір ғана фотосуреттің адамның тағдырын қалай өзгерте алатыны туралы әңгімелескен еді.
2024 жылдың соңынан бастап Берік Уәп Норвегияның энергетикалық компаниясы Equinor-де кен орындарын игеру жөніндегі аға инженер қызметінде жұмыс істейді.
— Equinor-дағы жұмыс мүмкіндігі туралы маған бұрынғы әріптесім айтқан еді. Екі кезең сұхбаттасып, мінездемелерді зерделегеннен кейін маған лауазым ұсынылды. Бұл шешімім де бір жағынан тосын әрі ойластырылған болатын. Қазір мен барлау сынақтары кезінде жиналған деректерді талдайтын ұжымда жұмыс істеймін. Міндеттеріміз кең ауқымды, бірақ техникалық тұрғыдан Қашағандағы жұмысыма ұқсас. Қазақстанда қолданылатын технологиялардың әлемдік стандарттарға сай екенін көру қуантады. Осы тәжірибе арқасында Equinor-ға тез әрі жеңіл бейімделдім, — дейді Берік.

Негізгі жұмысынан бөлек, Берік Еуропада, әсіресе Норвегияда белсенді қолдау тауып жатқан көмірқышқыл газын жер қойнауына айдау жобасына да қатысады. Бұл бағыт әлі жаңа болғанымен, көмірсутек кен орындарын басқарумен көптеген ұқсастығы бар.
— Норвегия сізді қалай қарсы алды?
— Қыс мезгілі оңай болған жоқ: қар, мұз, күн қысқа. Мұндағы мұз басқан жолдарды тазаламайды, тек тас төгіп тастайды. Кеңседен тыс жерде тіл — маңызды фактор: адамдардың көбі норвег тілінде сөйлейді, бұл белгілі бір шектеулер туғызады. Бірақ халықаралық мамандар көп жұмыс істейтін кеңседе бейімделу жеңіл өтті. Әріптестер мені өте жылы қабылдады. Жергілікті мектеп те ата-аналарды белсенді түрде тартатындықтан, бұл жергілікті мәдениетті түсінуге көп көмектеседі.
— Сізді ең қатты не таңғалдырды?
— Мұнда адамдар сенің шетелдік екеніңді білсе де, сөйлесуді көбіне норвег тілінде бастайтыны таңғалдырды. Қазақстанда, керісінше, бірден ағылшын тіліне көшіп, ыңғайлы болуға тырысамыз ғой. Бұл біздің ашықтығымызды бағалауға үйретті. Бірақ егер норвег тілін білмеймін десең, көпшілігі бірден ағылшынға өте салады. Тағы бір қызық нәрсе — ұлттық киімге деген құрмет. Олардың дәстүрлі киімдері біздің шапан мен камзолға ұқсайды. Әсіресе, 17 мамыр — Норвегияның Ұлттық күнінде халық түгелдей ұлттық киіммен көшеге шығады, өте әсерлі көрініс.
— Қазір сізге не шабыт береді?
— Жұмыс. Әлемдік жобаларға қатысып, кен орындарын игерудің түрлі тәсілдерін көру — үлкен шабыт. Норвегия да, Қазақстан сияқты, мұнай секторына тәуелді, бірақ соған қарамастан $2 трлн активі бар Ұлттық әл-ауқат қорын құра алды. Бұл өте үлкен жетістік. Солардың мұндай деңгейге қалай жеткенін түсінгім келеді.

— Мұндағы өмірдің Қазақстаннан айырмашылығы неде?
— Тыныштық. Қазақстанда, әсіресе жұмыс барысында, үнемі асығыстық сезілетін. Мұнда бәрі әлдеқайда өлшемді: жұмыс күнін сағат 16:00-де аяқтаймыз, отбасына, спортқа уақыт жеткілікті. Тіпті көліктердің өзі 40 км/сағ жылдамдықтан артық сирек жүреді. Білім беру жүйесі де мүлде өзгеше — балаларға 7-сыныпқа дейін баға қойылмайды. Олар ойнап жүріп, еркін зерттеп, қысымсыз білім алады.
— Қашағандағы сол сурет сіз үшін нені білдіреді?
— Көп нәрсені. Бастапқыда мен қаржы саласына барғым келген. Бірақ нақты таңдау жасау сәті келгенде, балалық шақтағы сол оқиға маған айқын бағыт көрсетті. Бұл оқиға маған жастық шақта да, қазір де маман ретінде дамуыма шабыт беріп келеді.
— Бұл хикаяңызды Норвегияда бөлістіңіз бе?
— Әзірге жоқ. Equinor компаниясында бұл туралы тек қазақстандық бірнеше әріптесім ғана біледі. Әңгімелеп берген кезде көпшілік таңырқайды: "Бала қалай бұрғылау алаңына барып жүр?" дейді. Әкемнің геодезист болып жұмыс істегені арқасында сол сәт мүмкін болғанын түсіндіргенде — бірден сене қоймайды. Ұлыбританиядағы университетте оқып жүргенде, топтастарым бұл оқиғаны Гарри Поттерге теңеп әзілдейтін.

— Сол кезде сізді каскамен президенттің жанында көрген адамдарға не айтар едіңіз?
— Мен өз елімнің тарихындағы маңызды сәттің бір бөлшегі болғанымды мақтан тұтамын. Ол кезде бұл тек символдық сәт еді, ал бүгінде Қашаған бір миллиард баррель мұнай өндірді. Мен бұл жобаның бір бөлшегі болғаныма, тек бала ретінде емес, маман ретінде де үлес қосқаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта тек Қашаған емес, жалпы Қазақстанның энергетика саласына үлес қоса аламын деп сенгім келеді.
— Қазақстанға оралғыңыз келе ме?
— Әрине. Менің басты мақсатым — Қазақстан игілігі үшін еңбек ету. Қазір мен білім мен тәжірибе жинау кезеңіндемін, уақыт келгенде елім үшін пайдалы болғым келеді. Equinor-дағы жұмыс осы жолда маған көп нәрсе беріп жатыр. Норвегия — керемет ел, бірақ қалай десек те, «өз үйім — өлең төсегім».
— Каска киген жеті жастағы балаға не айтар едіңіз?
— Үлкен мақсаттар қой. Бұл — жай кездейсоқ сәт емес еді. Сол сәт менің өмірімдегі маңызды шешімдерімнің бастау нүктесіне айналды. Бұл сәт әлі күнге дейін мені алға жетелеп келеді.

Айгүл МАНСУРОВА
Берік Уәптың жеке мұрағатынан алынған суреттер
В Атырау +4