
Минскіде 32 жастағы Қазақстан азаматшасы бірнеше рет жол ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Әлеуметтік желілерде жарияланған жазбалардан кейін оқиға үлкен резонанс тудырды. Қолданушылар қазақстандық нөмірлі Mercedes-Benz G-Class көлігінің заңсыз жерге қойылғанына назар аударды. Алдымен ол жаяу жүргіншілер жолына қойылғаны байқалды, кейін мүгедектерге арналған арнайы орынға тоқтағаны түсірілген.
Тексеру барысында полиция тағы бір заңбұзушылықты анықтады: әйел екі жасар баласын алдыңғы орындықта арнайы құрылғысыз алып жүрген. Соның нәтижесінде ол ресми түрде әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төледі.
Беларусь ІІМ оның Қазақстан азаматшасы екенін және бірнеше рет жол ережесін бұзғанын хабарлады. Ведомство: «Заңды сақтамау ел қонақтары үшін елден шығарылуға әкелуі мүмкін» деп ескертті.
Сонымен бірге, әйелдің төрт баласы бар екенін ескеріп, оған соңғы мүмкіндік берілген. Ол азаматтық және көші-қон бөлімшесіне шақырылып, егер тағы да заң бұзса, Беларусьтен шығарылатыны ресми түрде ескертілді.
ІІМ Беларусьтің шетелдік қонақтарға ашық екенін, бірақ кез келген құқық бұзушылық назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
Әлеуметтік желілерде қазақстандық қолданушылар да отандасының әрекетін сынап, кез келген елде жол ережесін және мәдениетті сақтау қажеттігін айтты.
В Атырау +26.1