Атырау, 24 қараша 09:53
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Kashagan boy

Сурет
4 684 просмотра

«Мұнай жағылған бала» туралы хикаяны бүкіл Атырау білмесе де, мұнай саласының қызметкерлері жақсы біледі. Біз онымен тағы да, Қазақстан мұнайының 120 жылдығы қарсаңында кездескен едік. Сол балақай өзінің ересек өмірін мұнай саласымен байланыстырған екен.


ҮЛКЕН МҰНАЙДЫҢ КІШКЕНТАЙ СИМВОЛЫ

26 жастағы Берік УӘП алғаш рет - 2000 жылы журналистердің фотокамерасына түскен кезде 7 жаста болатын. Сол кезде Қашаған кен орнында жобаның ресми ашылу рәсімі өткен еді.

- Қазақстандағы осынау тарихи оқиғаны бүкіл әлемге жария ету керек болды. Атырау облысының сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің идеясына сәйкес, бұл креативті, әсерлі және елдің болашағына байланысты болуы керек еді. «Креативті элемент» ретінде баланы таңдаған. Сөйтіп ағылшын тілін білетін 7 жасар қазақ баласын іздей бастапты. Неге мені таңдаған? Өйткені сол кезде әкем аталмыш кен орнында геодезияшы болып жұмыс істеді, - дейді Берік.

Оның үстіне кенішке кездейсоқ адамдар жіберілмейтін. Бұл жерде болу үшін ересектер қауіпсіздік курстарынан өтуі керек. Сондай-ақ, бала ата-анасымен ғана келе алатын, ал Беріктің әкесінде барлық рұқсат құжаттар болған.

- Міне, 2000 жылғы 4 шілдеде салтанатты ашылу рәсімі өтті, шараға президент Нұрсұлтан Назарбаев келді. Мұның бәрі ОКИОК компаниясының Сұңқар бұрғылау баржасында болды. Баржаға тікұшақпен ұшып бардық - бұл мен үшін алғашқы ұшу сапары болатын.

Оның алдында Берікке маман киімі - үлкен өлшемдегі комбинезон беріліпті. Өйткені балалар үшін маман киімі мүлдем тігілмейді.

- Комбинезонды түстен кейін  алдым, ал түнге дейін үйден тігетін тігінші іздедік. Өйткені барлық ателье жабық болатын. Әзер деп таптық, ол киімді менің денеме сай тарылтып берді. Тығыз матаны тігемін деп бірнеше инесін сындырған шығар. Таңертең комбинезоным дайын болды, мен ұшып кеттім.

- Қашағанда президент Нұрсұлтан Назарбаевты алғаш рет көрдім. Ол Қашағанның алғашқы мұнайын алақанына құйып, алдымен бетім мен маңдайыма жақты, содан кейін Балғымбаев пен Тасмағамбетовтің беттеріне, содан соң ғана өзінің бетіне жақты. Бетіме жағып жатып: «Қазақстанның болашағы үшін!» деді.

«Қазақойл» компаниясының сол кездегі басшысы Нұрлан Балғымбаев Беріктен қандай ойыншықтарды ұнататынын сұрапты.

- Мен лаптопта (алғашқы ноутбуктарды сол кезде солай атаған)  бейне ойындар ойнағанды ұнатамын деп жауап бердім. Оны әкем жұмыстан кейде алып келетін. Қашағаннан оралғанда, маған президенттің атынан принтері бар дербес компьютерді сыйға тартты. Ол әлі сақтаулы тұр.  Бұл мен үшін ең керемет сыйлық болды. Оның жады 4 Мб болатын, әлі есімде, қазір тіпті смартфондардың өзінде гигабайттар бар ғой. Мен кейде оны қосып ойнаймын, бірақ ол қазіргі ойындар үшін әлсіз ...

- Егер мені тірі символ ретінде таңдамаса, мүмкін менің өмірім басқаша болар ма еді. Енді басқаша болуы мүмкін емес. Бір қызығы, олар әкеме мені әзірлесін деп бірінші рет айтқан кезде, анам екеуі бас тартыпты. Мені осының бәріне қатыстырғысы келмепті. Маған «көз тиеді» деп қорыққан екен. Оның үстіне, сол кезде әкем демалыста болатын, Алматыға бару үшін пойызға билет алып қойған едік.. Бірақ басшылық талап еткен соң, олар келіскен.


ҚАШАҒАНДАҒЫ ИНЖЕНЕР…

Бүгінде Берік НКОК компаниясында жұмыс істейді және биылдан бастап SPE инженер-мұнайшыларының халықаралық коммерциялық емес қоғамының Атырау бөлімін басқарады.

- Қазір балалық шақта болған оқиға менің болашағымды айқындады деп айта аламын. Қазақ-түрік лицейін бітіргеннен кейін Манчестер университетіне мұнай факультетіне оқуға түстім. 4 жыл оқығаннан кейін мұнайшы мамандығы бойынша Шотландиядағы Эдинбург университетінің магистранты болдым.

- Алғашқы коммерциялық мұнайды 2013 жылы 10 жылдан астам құрылыс жұмыстарынан кейін алу жоспарланған болатын. Алайда ол жерде техникалық проблемалар болды. Бірақ құрлықта, Қарабатанда «Болашақ» зауыты ашылды. Атырауға президент Назарбаев пен Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон келді. Сол күні мені де салтанатты шараға шақырды, ол кезде мен Ұлыбританияда оқып жүрген едім.

- 3 жылдан астам уақыттан бері өз компаниямда  өнімді қойнауқат инженері болып жұмыс істеп келемін. Әр ұңғыманы қадағалап отырамыз, қажет болған жағдайда оларды жөндеуге дайындаймыз, қысым, температура бойынша әртүрлі инженерлік талдаулар жүргіземіз... Маған жұмысым ұнайды.


…ЖӘНЕ SPE ТӨРАҒАСЫ 

SPE бүкіл әлемдегі мамандарды біріктіреді, оның мүшесі 150 000 адамнан асады. Атырау бөлімі 1995 жылы құрылған, бүгінде онда 300-ге жуық маман бар.

- Қоғамның мақсаты - әлемнің түкпір-түкпірінен келген әр түрлі компаниялардың мамандары арасында тәжірибе алмасуды ұйымдастыру. Біздің бөлімнің алаңында дәрістер мен семинарлар өткіземіз. Бұдан басқа бізде Атырау мұнай және газ университеті мен AРEС колледжінің студенттерін біріктіретін студенттік секциялар бар. Мысалы, биыл біз мұнай-газ саласы бойынша интеллектуалдық олимпиада өткіздік, - дейді Берік өзінің қосымша қоғамдық жұмысы туралы.

Айтпақшы, Берік бұл қызметке жай келген жоқ. Жыл сайын қоғамдастық төрағалығы түрлі компанияларға беріледі. Ал биыл қоғамға НКОК компаниясы басшылық етеді. Сондықтан компания қызметкері төрағалық етуі тиіс. Сайлау өткізіліп, Берік дауыс беру арқылы төраға болып сайланыпты.

Айтпақшы, әңгіме соңында Берік Ұлыбританияға оқуға қалай түскені туралы айтып берді. 2010 жылы сол кездегі облыс әкімі Бергей Рысқалиев олимпиадалар мен басқа жарыстарда жеңіске жеткен мектеп түлектерін, «Алтын белгі» иегерлерін өз қабылдауына шақырып, талапкерлерге «Атырау болашақтары» қорының құрылғаны туралы хабарлаған.

- Бізге стипендия алуға құжаттар тапсыруды өтінді. Мен бірінші болып үшжақты келісім жасадым. Университетке түскендіктен барлық құжаттарым жинаулы болатын. Мектепте физика, экология бойынша түрлі олимпиадаларға қатыстым. Республикалық жобалау олимпиадасының жеңімпазы атандым, Түркиядағы олимпиадада екінші орын алдым. Қорға мұнайгаз компаниялары демеушілік жасады. Тұманды Альбионға осылай жол тарттым. Шет елде жерлестерім – жоғары курс студенттері қолдау көрсетті.

Айтпақшы, Берік ағылшын тілін 2-сыныптан бастап оқи бастаған. Ата-анасы репетитор жалдаған. Шет тілінің болашақта пайдасы тиеді деп үнемі айтып жүрген екен.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Берік Уәптің мұрағатынан алынған суреттер

29 тамыз 2019, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.