
Алқабилерге мәйіттер табылған жерден түсірілген бейнежазбалар, мүрдеханадағы кадрлар, Индонезиядан оралғаннан кейін Ақбаян Мұқанғалиевадан жауап алу барысы, сондай-ақ марқұмдардың есепшоттарындағы ақша қозғалысына қатысты материалдар көрсетілді.
Түстен кейін сот бейнематериалдарды зерттеуді жалғастырды.
Алдымен Сұлтан Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиевтың былтыр 9 желтоқсанда “Қапланбек” автобекетінен өткенде құжаттарды тексеру сәті түсірілген видеосы қаралды. Видеодағы қызыл күртеше киген адам - Ақбаян.
Одан соң Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның өз аулаларындағы сарайдың едені астынанан мүрделерін шығарып алу кезінде түсірілген видеоларды қарау жалғасты.
Тергеу материалына сәйкес, шұңқыр ұзындығы 2,30 метр, ені 85 см етіп, қабырғадан 1,5 метр қашықта қазылған. 1 метр тереңдікте табылған Мақсот Қарабалинның үстінде көк түсті жүннен тоқылған жилет, қою көк түсті тор көзді жейде, қою көк түсті трико, аяғында шұлығы болған. Нәсіп Өтешқалиеваның үстінде қою көк түсті халат болған. Екі құлағында алтын сырғасы болған.
Одан соң келесі видеода сот-медицина сарапшысының мүрделердің үстінде болған басқа да киімдері мен заттарын визуалды қарау кезінде түсірілген видео көрсетілді. Кейінгі видеода мүрделер визуалды түрде тексерілді. Видеода мүрделердің денесінің көгерген, қанталаған іздері көрінді. Сарапшы қараған өлі дененің бір бөлігі шіри бастағанын айтты.
Мүрделердің видеосын қарау барысында жәбірленуші тарап видео қарау ауыр екенін, шыдай алмай отырғанын білдіріп, қарай алмайтынын айтты. Судья Зарема Хамидуллина видеоларды қарауды тоқтатпады. Тек “қарамаңыз” деді.
Келесі видео 2 қаңтарда облыстық мүрдеханада түсірілген. Мүрдені тануға марқұм Қарабалиннің қарындасы, қазір жәбірленуші болып қатысып отырған Әдемі Жалмағамбетова кірген.
Ақша қозғалысы Qazpost пен Halyk Bank арқылы анықталды
Кейін марқұмдардың есепшоттарындағы ақша қозғалысына қатысты материалдар қаралды. Алқабилерге «Qazpost» АҚ арқылы ақша шешіп алу сәттері түсірілген бейнежазбалар көрсетілді. Сондай-ақ фигуранттардың Шымкент вокзалынан өтіп, «Halyk Bank» АҚ бөлімшесіне барған кадрлары қаралды.
Еске салайық, бұған дейін да айыптау актісінде айтылғандай, Н.Өтешкалиеваның «Qazpost» АҚ-ғы есепшотынан былтыр 10 қарашада «Yandex.eda» қосымшасына төлеу арқылы 12 669 теңге, 14 қарашада 38 000 теңге, 16 қарашада 33 914 теңге, 8 желтоқсанда «Halyk Bank» АҚ-ғыесепшотынан 84 318 теңге ақша қаражатын заңсыз иемденіп, өз қажеттілігіне жұмсағаны айтылды.
Мақсот Карабалиннің «Qazpost» АҚ-ғы есепшотынан былтыр 14 қарашада 121 000 теңге және «Halyk Bank» АҚ-ғы есепшотынан былтыр 8 желтоқсанда 96 569 теңге ақша алынған.
Сондай-ақ, тергеу нұсқасы бойынша Мейрамгүл Қарабалинаның «Qazpost» АҚ-ғы есепшотынан былтыр 13 қарашада 120 000 теңге, 14 қарашада 21 000 теңге және «Halyk Bank» АҚ-ғы есепшотынан 74 428 теңге шығарып алып, өз қажетіне жұмсаған.
Сонымен қатар, бұған дейін айыптау актісінде Наурыз Мұқанғалиевтің маркасы «Samsung A21» ұялы телефонын қолданып, оның «Kaspi.kz» қосымшасын пайдалана отырып, 4,5 млн теңгеден астам материалдық шығын келтіргені де айтылды.
Тағы да тергеу нұсқасы бойынша Сәрсемалиев Наурыздың Kaspi.kz қосымшасына кіретін құпия сөзін Түркия мемлекетіне бірге барғанда біліп алған.
Тағы да тергеу нұсқасы бойынша Н.Мұқанғалиевтің мүгедектігі үшін алатын зейнетақысын «Kaspi.kz» қосымшасы арқылы «Qazpost» банкоматының кәртішкесінен аударып алу арқылы шығарып алған.
Ақбаяннан жауап алу және Мұнайшыда жүргізілген тергеу әрекеттері
Сот процесіне қайта оралсақ, кейін Ақбаян Мұқанғалиевадан 9 наурызда Индонезиядан келген соң жауап алынған видео қаралды.
Жазбада Ақбаянның үні өте ұяң, бәсең. Сұрақтарға баяу жауап берді. Кей жерде даталарды еске түсіре алмады. Мұнайшыдағы үйде тіркеуде тұрғанын, Индонезиядан қашан келгені туралы жауап берді. Ал ата-анаңыз қайда деген сұраққа, ауылда деп жауап берді. Соңғы рет олармен қашан сөйлескенін нақты есіне түсіре алмады.
Видео қарап болған соң судья Зарема Хамидуллина Ақбаяннан сот-психиатриялық сараптамасы дайын болмаған кезде жауап алынғанын түсіндіріп өтті. Тергеуші істі тезірек ашу мақсатында жауап алған деді судья.
Кейін Сәрсемалиев 2023 жылдан бері жалдап тұрған Мұнайшы ықшам ауданындағы үйдің іші мен ауласында тергеу кезінде түсірілген видео көрсетілді. Осы үйдің маңынан Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның мүрделері көмілген күйі табылған еді.
Тергеушілер ауладан Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиеваның және балаларына қатысты жеке деректері жазылған туу туралы куәлік көшірмелерін, неке туралы куәліктері, медициналық анықтамалар сияқты құжаттарды, суреттер салынған блокнот табады.
Наурыздың атынан жазылған хабарламалар
Кейін Сәрсемалиевтың Наурыздың телефоны арқылы WhatsApp арқылы сөйлескен хабарламаларды зерделеу басталды.
Бірінші көршісіне қорадағы малды қарап беру үшін жазған хабарламалар көрсетілді.
Былтыр 20 сәуірде Наурыз өз номерінен сол көршісіне көзі тірісінде қарызға алған шамалы ақшаны қайтарғаны туралы аудиохабарлама жазған. Кейінгі хабарламалар мәтін түрінде болды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, отбасы жоғалғаннан кейінгі хат-хабардың бір бөлігін Сәрсемалиев Наурыздың телефонынан жолдап отырған.
Дәлелдемелерді зерделеу жалғасады.
Келесі сот отырысы 9 маусымға белгіленді.
Айнұр САПАРОВА
Сурет пен видеоны түсірген автор
В Атырау +25.1