
Атырау қаласында пластик қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Өндірісті «Фибратекс» ЖШС қолға алған. Жоба өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартып, қалдықтарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Кәсіпорын ПЭТ-бөтелкелерді өңдеу арқылы полиэфирлі штапельді талшық өндіреді. Жаңа өндірістік желі тәулігіне 20 тонна пластик қалдықты өңдеуге қабілетті. Толық қуатына шыққанда жылына 7 мың тонна дайын өнім өндіріліп, 67 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Өндіріс директоры Тұрлан Нұрлановтың айтуынша, процесс үш кезеңнен тұрады:
– Алдымен пайдаланылған пластик бөтелкелер сұрыпталып, жуылып, өңделеді. Соның нәтижесінде «флекс» деп аталатын ұсақ пластик шикізаты дайындалады. Кейін флекс жоғары температурада арнайы қондырғыда ерітіліп, полиэфирлі талшық алынады. Соңғы кезеңде талшық өңделіп, тұтынуға дайын өнім шығарылады, – деді ол.
Өнім өткізу нарығы да анықталған. Жылына өндірілетін 7 мың тоннаның 3,6 мың тоннасы кәсіпорынның геосинтетикалық материалдар өндірісіне жұмсалады. Ал 2,4 мың тоннасы шетелге экспортталады.
Қазір өндірістік жабдықтарды орнату және іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілуде. Жоба толық іске қосылғаннан кейін өңірдегі қалдықтарды қайта өңдеу көлемі артып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Сонымен қатар экспорттық әлеует күшейіп, жасыл экономиканың дамуына үлес қосады.
В Атырау +26.1