
2026 жылдың басынан бері Батуми теңіз портының (БТП) терминалы арқылы 31 мың тонна қазақстандық жүк тасымалданды. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ баспасөз қызметінен хабарлады.
Қазір портта қазақстандық жүктердің импорт, экспорт және транзит бағыттары бойынша негізгі номенклатураларын өңдеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Батумиден тауарлар Марокко, Түркия және басқа да елдерге экспортқа жөнелтілетіні хабарланды.
Компаниядан атап өткендей, БТП арқылы қазақстандық жүктерді ауыстырып тиеудің тұрақты динамикасы Транскаспий халықаралық көлік бағытының сұранысқа ие екенін және Қазақстан, Грузия мен халықаралық нарықтар арасындағы логистикалық ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанын көрсетеді.
Анықтама: «Батуми теңіз порты» ЖШҚ (БТП) – 1878 жылы негізі қаланған Қара теңіздегі ең көне порттардың бірі. Порт инфрақұрылымына 11 айлақ, мұнай және әмбебап терминалдар, BICT контейнерлік терминалы, сондай-ақ теміржол мен автокөлік кірме жолдарының дамыған желісі кіреді. Порттың жалпы өткізу қабілеті - жылына 21 млн тонна. Флоты 12 кемеден тұрады. «КазТрансОйл» Грузиядағы өндірістік активтерге «Батуми мұнай терминалы» ЖШҚ (БМТ) арқылы тікелей иелік етіп, БТП осы терминал құрамына кіреді.
В Атырау +26.1