Атырау, 4 маусым 19:55
 дождьВ Атырау +26.1
$ 489.31
€ 568.33
₽ 6.63

Ашылмай жатып, қирап жатыр: Құлсарыдағы жаңа саябақ нысаны бүлінді

Сурет Бейнежазба
106 рет қаралды

Жылыой ауданы Құлсары қаласы Махамбет даңғылы бойында орналасқан "Барлау-Бұрғылаушыларға" арналған саябақтың құрылысы аяқталмай жатып вандализмге ұшырауда. 

Зақым келген нысан – сала қызметкерлерінің есімдері жазылған гранит тақтайша. Қала әкімдігі мұны вандализм әрекеті болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ал ардагерлер саябақтың орналасқан жерінің қаншалықты қолайлы таңдалғаны жөнінде билікпен пікірталастарын жалғастыруда.

Махамбет даңғылының аумағы 2023-2024 жылы қаланың бас жоспарына енген еді. Жергілікті тұрғындар бірнеше жыл бойы оның қайта жаңғыртылуын талап етіп келген.

Ардагер-бұрғылаушылардың айтуынша, кезінде мұнда демалыс аймағы болған. Бірақ уақыт өте келе ол қараусыз қалып, қаңырап босап, арамшөптер басып кеткен. Қоршаулар қирап, иесіздіктің қамытын киген. 

- Саябақ №1 мектеп қасында орналасқан. Ал  айналасынан кәсіпкерлерге жер беріліп кеткен. Олар бірнеше нысандарды салып, саябақ қоршауда қалып қойды. Оны алу жөнінде бармаған жеріміз, ашпаған есігіміз қалмады. Жоғары Үкіметке де жаздық, ешқандай нәтиже шықпады. Енді келіп саябақты жөндеуге кірісіп кетті,-дейді бұрғылаушы зейнеткерлер. 

Саябақ құрылысын жөндеуді "КаспийҚұрылысLTD" ЖШС жеңіп алғанымен жұмысты шала-шарпы жасап, ақыры бітірмей тастап кетеді. Тапсырысшы қала әкімдігі жұмысын уақтылы аяқтамаған ЖШС-мен келісім шартты біржақты бұзып тастайды. 

Биыл саябақ құрылысы жанданып, оған 82 млн 675 мың теңге қаралып, "КапремСНИБ" ЖШС жұмысты жалғастырады.

Бұрғылаушыларға арналған ескерткіш және  бұрғылаушылардың есімдері жазылған гранит тақтайша, қоршау, тағы басқа жұмыстарды жасап бітіреді. Құрылыс жұмысы толық аяқталған жоқ, жалғасуда. 

Алайда құрылыс жұмысы бітпей жатып, гранит тақта неге екені белгісіз тас-талқаны шығады. 

- Оны сапасыз құрылыстың салдарынан қатты желден ұшып кеткен деп жатырғандар бар. Мен оған келіспеймін, себебі гранит түгел емес, жартылай сынған. Мұны вандализм деуге болады. Сол үшін келісім шартта көрсетілмесе де камера қоюға тура келіп тұр,-дейді қала әкімі Қадыржан Адинов

Бүгінде бүлінген жерлер қалпына келтірілуде.

Ал бұрғылаушылар әлі де саябақтың орналасқан жеріне наразы күйде. Тасада қалған саябақ елеусіз жерде тұрғандықтан әлі де бүлінуі мүмкін деген пікірде. 

Әкімдік саябақтың дәл алдына (көше бойында) орналасқан нысанды сатып алмақ болғанда кәсіпкер қыруар қаржы сұраған. Амал жоқ екінші бір нысанды алу арқылы алдынан есік шығарған. 

Әкімдіктің мәлімдеуінше саябақтың құрылысы  жуырда аяқталмақшы. Бірақ ардагерлер тұрақты бақылау болмаса, саябақ қайтадан вандалдардың нысанына айналуы мүмкін деп алаңдайды.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді, видеоны түсірген автор

Бүгін, 18:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.