Атырау, 23 қараша 21:42
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырау облыстық прокуратурасының қызметкерлері қыста тоңғандықтан, жөндеу жұмыстары басталған

1 088 просмотра

Бұған дейін әлеуметтік желіде блогерлердің бірінің облыстық прокуратура ғимаратының жөндеу жұмыстары туралы ашулы жазбасы жарияланған болатын. Бірақ кейін бұл жазба ғайып болды дакерісінше жұртшылықта сұрақтар туындай бастады. Сұрақтар негізінен прокурор ғимаратын жөндеуге бөлінген бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына қатысты болды.

Атыраулық әлеуметтік желі қолданушыларының пікірінше, салынғанына аз ғана уақыт болған ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізудің қажеті жоқ екен. Халық прокуратура ғимаратын жөндеуден гөрі, шын мәнінде мүшкіл халде тұрған облыстық аурухананы немесе онкология диспансерін қайта жөндеуге қаржы бөлу керек деген ұсыныс айтты.

Облыстық аурухана күрделі жөндеуді қажет ететінін бұдан бұрын жазғанбыз. Ал бұл мақала онкология диспансері ғимаратының жөндеуді қажет ететінін дәлелдейді. Қазір бұл ғимараттардың жөндеу-құрылыс жұмыстары қалай жүріп жатқаны туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі кейінірек жауап беруге уәде берді. Бірақ көбіне уәделер орындалмай қалатындықтан, біз облыстық денсаулық сақтау басқармасына e-Otinish арқылы ресми сауал жолдауды жөн көрдік.

Облыстық прокуратура ғимаратының жөндеу жұмыстарына қатысты ведомство резиденттерінің өздерінен сұраған дұрыс деп шештік. Облыстық прокуратураның өкілі Қанат ҚАБДОЛОВТЫҢ айтуынша, ғимарат 2010 жылы пайдалануға берілген, қазір жоспарлы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның айтуынша, ғимарат жөндеу жұмыстарын көптен бері қажет етіп тұрған. Өйткені қыста терезеден жел гулеп, прокуратура қызметкерлері тоңғандықтан өз кабинеттерінде сырт киіммен жұмыс істеп жүрген.

– Ғимарат сырт көзге жөндеуді қажет етпейтіндей көрінеді. Шындығында, қыста өте суық болды: ғимараттың алдыңғы жағынан жел соғып тұрды, әйнек жабындарды ауыстырып, кірпіш қабырғалардағы саңылауларды бітеп, терезелер орнату керек болды. Қазір жөндеу барысында шатыры жаңартылып, терезелері ауыстырылып, қабырғалары жөнделіп, кірпіш қалануда, – дейді Қабдолов.

Ғимараттың алғашқы мердігері кім болғаны және құрылысқа бюджеттен қанша қаржы бөлінгені айтылмады. Айтпақшы, жөндеу жұмыстары туралы деректер де құпия: жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігердің кім екенін және бұл мақсатқа бюджеттен қанша қаражат бөлінгенін айтпады.

«AЖ» 2010 жылы облыстық прокуратураның қасындағы жаңа ғимаратқа көшкені туралы жазған еді. Бес қабатты ғимараттың жалпы ауданы 3870 шаршы метрді құрайды. Ғимаратта үлкенді-кішілі мәжіліс залдары, тергеу және криминалистикалық әдістеме кабинеті, тестілеуге арналған компьютерлік сынып, мұражай бар.

Қадағалау органының жаңа ғимараты саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштің бұзылған орнына бір жылға жетпей бой көтерді. Ашылу салтанатына облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ пен ҚР Бас прокуроры Қайрат МӘМИ қатысты.

Осы аралықта ғимарат құрылысының жалпы құны туралы толық ақпарат алу үшін облыстық прокуратураға ресми сауал жолдап, мердігерді атауды, сонымен қатар құрылысқа ақшаның қайдан бөлінгенін сұрадық. Дәл осы сауалдар қазіргі жөндеу жұмысына қатысты да қойылды.

Сәл кейін Қанат Қабдолов жазбаша жауап ұсынды:

«Атырау облысы прокуратурасының ғимараты 2010 жылы пайдалануға берілген. Аталған ғимараттың тозуына (шатыр, ішкі бөлігі және т.б.) және қыс мезгілінде шығыс бөлігінің (панорамалық терезелері) пайдалануға мүлдем жарамсыздығына байланысты күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданған. Қолайсыз жағдайда қадағалау қызметін жүзеге асырып жүрген қызметкерлерге санитариялық талаптарға сай жұмыс орнын ұйымдастыру мақсатында күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жөндеу жұмыстарының құжаттары талаптарға сәйкес рәсімделген». Әрі қарай мәтін бойынша прокуратура азаматтардың бостандығы мен құқықтарын және мемлекет мүддесін қорғау бағытында ауқымды жұмыстар атқарып жатқаны туралы ақпарат берілген. Айтпақшы, биыл облыс прокуратурасының актілері бойынша бюджетке 18 миллиард теңге өтелсе, 801 миллион теңгенің мүлкі мемлекетке қайтарылды. 29819 тұлғаның, оның ішінде 4977 адамның конституциялық құқығы қорғалды.

«АЖ»-ға берілген жауап соңында: «арандатушылық және жалған ақпарат тарату үшін заңға сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған» делінген ескерту сөйлемі болды.

Иә, иә, білеміз.

Айнұр САПАРОВА

17 шілде, 16:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.