Қазақстан бюджетінің негізгі доноры саналатын Атырау облысының өзінде шешімін таба алмай келе жатқан мәселелер жетерлік. Соның бірі – күрделі жөндеуге сұранып тұрған қаладағы жалғыз облыстық аурухана ғимараты. Аурухана ғимараты үш корпустан тұрады. 1967-ші, 1998-ші және 2002 жылдары салынған. Үш ғимараттың үшеуінің де тозығы жеткен. Төбеден су ағады, терезелерден жер гулейді, қабырғаларында жарықтар пайда болған. Әсіресе, 57 жыл бұрын салынған ескі ғимарат сын көтермейді. «Оны бұзып, орнына жаңасын салмаса болмайды», - дейді аурухана басшысы Ербол ИМАНҒАЛИЕВ.
345 төсектік облыстық ауруханада қазір 368 науқас ем алып жатыр. Аурахана - көпсалалық. Мұнда қабылдау бөліміне жүзден астам адам келеді. Одан бөлек, қала бойынша жалғыз жарақат бекеті ауруханада болғасын мұнда жарақат алған адамдар көп келеді.
Жалпы былтыр ауруханада 14 мыңның үстінде науқас ем алып шыққан. Ал қабылдау бөліміне 36 мыңға жуық адам келіп қаралған. Жарақат бекетіне 21 мыңның үстінде адам келген. Аурухананың әкімшілік бөлімі 2002 жылы салынған ғимаратта орналасқан. Аурухана директоры Ербол Иманғалиев күрделі жөндеу көрмеген аурухананың төбесінен жаңбыр жауғанда су ағатынын, терезелерден жер гулеп, іш салқындап кетті деп науқастардан шағым жиі түсетінін айтады.
Аурухана ғимаратына күрделі жөндеу қажет деп жыл сайын айтылып келген. Биыл күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаты дайындалып, сараптамаға жолданған. Иманғалиев кейін салынған екі ғимараттың іші мен сыртын биыл мамыр айында күрделі жөндеуді бастау жоспарланып отыр дейді. Оның сөзінше, 1967 жылы салынған ғимарат жөндеуге келмейді. Оны бұзып, орнына қосымша ота жасау бөлімдері бар 250 төсектік аурухана ғимаратын салу қажет деп санайды.
Ескі ғимаратта нейроинсульт орталығы, травматология бөлімі, кеңес беру диагностикалық орталығы орналасқан. Біз нейроинсульт орталығын аралап көрдік. Мұнда 56 төсек бар. Оның бесеуі неврологиялық аурумен келгендерге арналған.
23 жылдық еңбек өтілі бар невропатолоог, орталық меңгерушісі Марта ИСМАИЛОВА былтыр мұнда 1618 науқас ем алып шыққанын айтады. Ал 2022 жылы 1580 адам емделген. Исмаилованың сөзінше, жыл сайын орталыққа түсетін науқастар саны 40-50 адамға өсіп отыр. Науқастардың мыңға жуығы инсультпен түседі. 14-20 күн емделіп жатады. Егер инсульт қатты соғып, аяқ-қолы істемей қалса, 14 күн жатып, оңалту бөліміне ауысып, қайтадан 14 күн жатады. Басқа науқастар инсульт алдындағы жағдаймен, нефрологиялық аурулармен, остеохондроз, эпилепсия, менингитпен келеді. Инсультпен түсіп жатқандардың 80 пайызы гипертониктер дейді.
- Бізде мамандар жеткілікті, ал санитаркалар тұрақтамайды, себебі, жұмыстары өте ауыр. Науқастар бізге көбіне өздерін күте алмайтын жағдайда келеді. 60 шақты науқастың 40-50-і әдетте төсекке таңылған болады. Оларды жарты сағат сайын аударыстырып, памперсін ауыстырып тұру керек. Орталықта 16-17 санитарка болуы керек. Ал бізде қазір 7 санитарка істейді. Олар екі тәулік сайын ауысып тұру керек, бірақ бізде санитарка жетпегесін бір тәулік демалып істейді. Күндізгі санитаркалар мүлде жоқ. Санитаркалар жетіспеушілігі бізде қазір орталықта үлкен проблема. Олар жас, бәрінің белі ауырады. Себебі, науқастарды күту оңай емес, оларды аудару үшін де күш керек. Науқастардың дәретін жуу, тазалығын қамтамасыз ету керек. Бәрі бұрыннан келе жатқан санитаркалар. Кейін жұмысқа тұратын санитаркалар бір ай істеп, шыдамай шығып кетеді. Бара-бара санитаркалар болмайтын шығар. Бізде бар санитаркаларды ұстап қалу үшін жалақыны көтеру керек. Мен медбике, дәрігерлердің жалақысын көтермей-ақ қойыңыздар, санитаркаларға көтеріңдер деп үнемі айтамын. Санитаркаларды тек жалақымен ұстап қалу ғана мүмкін, - дейді Исмаилова.
Санитаркалардың алатын жалақысы 100 мың теңгенің үстінде екен.
Орталықтың бір палатасында науқас болған жоқ. Кіріп көрдік. Қабырғада ұзын жарық пайда болған. Дәліздерде әр жерде сынып жатқан кафельдерді байқадық.
Аурухананың 1967 жылы салынған ескі ғимаратының сыртын түсірген видео жақында әлеуметтік желіде тарады. Видео иесі нағашысын жекеменшік «Кардиомед» орталығына апарғанда көріп шошығанын айтады. «Кардиомед» орталығы облыстық ауруханадан ғимарат бөлігін жалға алып отыр. Аурухана кейде осы орталықтың қызметіне келісімшарт негізінде жүгініп отырады.
Біз бұл орталықтың иесі әрі басшысы – көпжылдық тәжірибесі бар кардиолог Мирам НҰҒМАНОВПЕН де сөйлестік. Орталық іші күрделі жөндеуден өткен, күтіп ұсталған, таза. Ал ғимарат сырты енді әбден тоз-тозы шыққан. Нұғманов та, облыстық аурухана басшысы Ербол Иманғалиев те бұл ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу қаржыны далаға шашқанмен тең деп есептейді.
Оның сөзінше, ауруханада жыл сайын науқастар саны көбейіп отыр. Ол мұны халық өсімімен байланыстырады. Сол себепті қалаға екінші аурухана қажет дейді. Сөзінше, қазір мамандар шұғыл көмекті қажет ететін науқастардан қолы босамай, жоспарлы операцияларға уақыт табу қиындап кеткен. Өздерінің жоспарлы емін алу үшін күтуге тура келетін науқастардан шағымдар жиі түсіп тұрады.
- Біздің қазір мамандар өз күшінің 80 пайызын шұғыл көмек көрсетуге жұмсап жатыр. Науқастардан жоспарлы көмек алу бойынша шағым көп түседі. Екінші аурухана керек дейтінім содан. Облыстық аурухананың 2002 жылы салынған ғимаратының өзінде де төбеден жаңбыр жауса, су ағады. Мәжіліс залында да сол. Науқастар дәліздерде терезеден жел гулеп, іш салқын деп шағымданып жатады. Бұл үш корпусқа да қатысты жағдай. Денсаулық сақтау басқармасына күрделі жөндеу қажет деп жыл сайын айтамыз, құжаттары дайындалуы керек болғасын тез шешілмейді. Күрделі жөндеуге не жататынын айтуымыз керек. Жөндеуге жұмсалатын қаржы шамамен 6 млрд теңгедей болады. Ол да нақты емес, - дейді Иманғалив.
Былтыр аурухананың қызметіне республикалық бюджеттен 3 млрд 8 млн теңге қаржы бөлінген. Биыл да сол қаржы қаралған, қосымша тағы сұратамыз дейді аурухана басшысы.
Қаладағы әлеуметтік маңызы бар нысандардың бірі – аурухананың жылдар бойы созылып келе жатқан мәселесі осындай. Қазақстандағы бюджеттік төлемнің тең жартысын дерлік Атырау облысы төлеп келеді. Мәселен, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Мақсот ҒАЛЫМОВТЫҢ мәліметінше, 2021 жылы 221 млрд теңгеден астам, 2022 жылы 277 млрд теңгеге жуық қаржы құйып, Алматы қаласының алдына шықса, кейінгі жылдары түрлі мінберлерден «республикалық бюджетті Атыраудың ақшасымен толтыруды азайту керек, өңірдің өзіне ақша жетіспеген соң маңызды жобалар іске аспай отыр» деген үндеулер айтылғасын төлем көлемі азайтылды. 2023 жылы Атырау облысы республикалық бюджетке 155 млрд-тан астам теңге төледі. Ал биыл 168 млрд теңге үстінде қаржы бөліп аударатын делініп отыр. Жалпы, «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңының 5-бабында 2024 жылы облыстық бюджеттерден, республикалық маңызы бар қалалардан, астанадан мемлекеттік бюджетке 469 млрд 501 млн 19 мың теңге төленуі тиіс екені көрсетілген.
Айнұр САПАРОВА
Суреттерді түсірген автор