Атырау, 3 қараша 18:45
 дождьВ Атырау +16.8
$ 453.64
€ 508.17
₽ 5.59

​«Шаңнан ештеңе көрінбейді»: жүргізушілер Атырау — Орал бағытындағы айналма жолға шағымданды

66 рет қаралды
Сурет: ҚазАвтоЖол
Сурет: ҚазАвтоЖол

Атырау облысында тұрғындар Атырау — Орал тас жолының жөндеуі аяқталды деп есептейтін учаскелерін ашуды сұрайды. Қазірше автокөлік иелеріне топырақты айналма жолдарды пайдалануға тура келеді.

Жергілікті тұрғындардың бірі «ҚазАвтоЖол» компаниясына айналма жолдардың жағдайына шағымданды. Оның айтуынша, қарсы бағытта ауыр жүк көліктері қозғалған кезде жүргізушілерге ерекше қиынға соғады.

«Атырау — Орал жолының дайын учаскелерін неге ашпайды? Қалаға жету өте қиын. Айналма жолдың қандай күйде екенін қараңыздар: айнала бос топырақ, ал қарсы бағытта жүк көліктері өткенде соншалықты шаң көтеріледі, тіпті ештеңе көрінбейді», — деді әйел.

Оның айтуынша, Елтай ауылына қарайтын жолда да осыған ұқсас жағдай қалыптасқан. Жөндеуге байланысты тұрғындарға Атырауға да, аудан орталығына да жету қиындаған.

Әйел жаздан бері жағдай осындай екенін айтады. Ол бірнеше ай бұрын Telegram арқылы шағым түсіргенін, алайда мәселе әлі де шешілмегенін жеткізді.

«Бүкіл жаз бойы осындай жағдайда жүрдік, жағдай әлі күнге дейін өзгерген жоқ. Алда жаңбыр мен қар жауа бастайды. Ол кезде бұл жолдармен қалай жүреміз?» — деп ренжиді тұрғын.

«ҚазАвтоЖол» өкілдері жолдың жөнделіп жатқан учаскелеріндегі қозғалыс асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін кезең-кезеңімен ашылады деп жауап берді.

Сондай-ақ компания өкілдері мердігер ұйым шаң мөлшерін азайту үшін айналма жолдарға жүйелі түрде су себетінін хабарлап, жүргізушілерден уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұрады.

Дегенмен, жауапта учаскелердің нақты ашылу мерзімі көрсетілмеген. Ал тұрғындарды тек шаң ғана емес, жаңбыр мен аяз түскенде қара жолмен жүрудің одан әрі қиындап кететіні де алаңдатады.

Абзал ҚАЙРАТҰЛЫ

Бүгін, 17:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.