
«Қазақмыс» корпорациясы геологиялық барлау жұмыстарына жасанды интеллект, спутниктік байланыс және үшөлшемді модельдеу технологияларын енгізіп жатыр. 2026 жылы компания жалпы инвестициялық портфелі 18,2 миллион долларды құрайтын 20 жобаны жүзеге асыруда.
Жаңа технологиялар геологиялық барлаудың түрлі кезеңдерінде — тау жыныстарының үлгілерін зерттеуден бастап бұрғылау жабдықтарын бақылауға және кен орындарының цифрлық модельдерін жасауға дейін қолданылады.
Компания мәліметінше, бүгінде 50 техника онлайн-мониторинг жүйелерімен жабдықталған. Шалғайдағы өндірістік учаскелерде деректерді жеткізу үшін Starlink спутниктік байланысы пайдаланылады. Ал Жезқазғандағы геологиялық кластерде ANCORELOG және LithoLens жасанды интеллект жүйелері жұмыс істейді.
Сонымен қатар, «Қазақмыс» кен орындарын үшөлшемді модельдеуге арналған Micromine бағдарламасын қолдану аясын кеңейтуде. Micromine Origin & Beyond жүйесімен жұмыс істеуге шамамен 400 маманды оқыту жоспарланған. Геологиялық ақпаратты бір орталықта сақтау және талдау үшін Geobank жүйесі енгізілуде.

Он айда 72 шақырымға жуық ұңғыма бұрғыланды
2026 жылдың қаңтар-қазан айларында «Қазақмыстың» геологиялық барлау бөлімшелері 71,7 мың қума метр бұрғылау жұмысын орындаған. Бұл жоспарланған көрсеткішке сәйкес келеді.
Жезқазған кен орнында жалпы ұзындығы 4 750 метр болатын жеті ұңғыма бұрғыланды. Бұдан бөлек, терең қабаттарды зерттеу үшін жалпы тереңдігі 3,5 мың метрден асатын тағы төрт ұңғыма қарастырылған.
Геологиялық барлау жұмыстары Жомарт, Абыз, Нұрқазған кен орындарында және Хаджиконган кен алаңында да жүргізілді. Негізгі мақсат — мыстың қосымша қорларын анықтау және корпорацияның минералдық-шикізат базасын кеңейту.

Жүздеген маман цифрлық технологияларды меңгереді
Корпорация Ұлытау университетімен бірлесіп мамандар даярлау бағытындағы жұмысты да жалғастырып жатыр.
Қыркүйек айында оқуға 163 адам қабылданған. Олардың 103-і — «Қазақмыс» кәсіпорындарының қызметкерлері.
Компания цифрландыру геологиялық зерттеулердің дәлдігін арттырып, бұрғылау жұмыстарының тиімділігін жоғарылатуға және өндірісті жоспарлау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді деп есептейді.

В Атырау +5.5