
«ЖАН и КС» мұнай компаниясына экология заңнамасын бұзғаны үшін 3 миллиард теңгеден астам айыппұл салынды. Осы соманың 490 миллион теңгеден астамы Атырау бюджетінің пайдасына өндірілді.
Заң бұзушылықты табиғат қорғау прокуратурасы анықтады. Қадағалау органының мәліметінше, компания ұңғыма бұрғылау кезінде бұрғылау шламы мен пайдаланылған бұрғылау ерітіндісін заңсыз жинақтаған.
Осыған байланысты кәсіпорын ҚР ӘҚБтК-нің 328-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Компания көп миллиардтық айыппұлға сот арқылы қарсылық білдірді. Алайда шағымдары қанағаттандырылмай, қаулы заңды күшіне енді.
Айыппұл толық төленбегендіктен, мәжбүрлеп өндіру басталды. Сот орындаушылары жергілікті бюджетке 490 миллион теңгеден астам қаржы аударды. Қалған берешекті өндіру ісін прокуратура бақылауда ұстап отыр.
Сонымен қатар қадағалау органы экологиялық айыппұл түсімдерін бөлу тәртібінің өзгергеніне назар аударды. Бұрын мұндай қаражат республикалық бюджетке жіберілсе, енді прокуратураның хабарлауынша, ол өңір бюджетіне түседі.
Осылайша, мұнай компаниясынан өндірілген қаржы Атырауда қалады.
2025 жылғы ақпанда да Атырау облысында экологиялық заң бұзғаны үшін жауапқа тартылған кәсіпорындар қатарында «ЖАН и КС» ЖШС аталған болатын.
В Атырау +5.5