
2027 жылы Қазақстанда спутниктік интернеттің екі жаңа операторы іске қосылады. Олар – америкалық Amazon Leo және қытайлық Shanghai Spacecom Satellite Technology компаниялары. Америкалық жүйенің жерүсті станцияларының бірін Атырауда орналастыру жоспарланып отыр.
Жаңа операторлардың қазақстандық нарыққа шығу жоспары туралы 24 қарашада өткен үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиев мәлімдеді.
Осылайша, Қазақстан Орталық Азияда спутниктік байланыстың бірден төрт операторының жерүсті станциясы жұмыс істейтін алғашқы ел атануы мүмкін. Олар – Starlink, OneWeb, Amazon Leo және Shanghai Spacecom Satellite Technology.
Бағдат Мусиннің айтуынша, «Қазақтелеком» ұлттық операторы Amazon Leo қызметін 2027 жылы іске қосуға дайындалып жатыр. Компания 120 мыңнан астам үй шаруашылығын спутниктік интернетпен қамтуды көздеп отыр.
Amazon Leo жерүсті станциялары Ақкөл мен Алатауда салынып жатыр. Үшінші станцияны Атырауда орналастыру жоспарланған.
«Қазақтелеком» мен Amazon арасындағы ынтымақтастық туралы келісім 2025 жылғы қыркүйекте жасалды. Ол кезде америкалық корпорацияның спутниктік жобасы Project Kuiper деп аталатын. Уағдаластыққа сай, қазақстандық компания халыққа, бизнеске және жекелеген мемлекеттік мекемелерге Amazon Leo қызметін ұсынатын жалғыз жеткізуші болады.
Интернет ең шалғай ауылдарға да жетеді
Спутниктік байланыс талшықты-оптикалық желі тарту техникалық жағынан қиын немесе экономикалық тұрғыдан тиімсіз елді мекендерге арналған. Мемлекет бұл технологияны ең алдымен осындай ауылдарда қолданбақ.
Үкімет жоспарына сәйкес, 2027 жылдың соңына дейін еліміздегі 6060 ауылдың 92 пайызы талшықты-оптикалық желіге қосылуға тиіс. Қалған 8 пайызына спутниктік интернет жеткізу көзделіп отыр.
Ал Starlink пен OneWeb Қазақстанда спутниктік байланыс қызметін көрсету лицензиясын 2026 жылғы 1 қазанда алды.
Спутниктік технологиялар көлікте де қолданылып жатыр. Қазір шамамен «ҚТЖ»-ның 1500 жолаушылар вагонында Starlink арқылы интернет бар. OneWeb құрылғысы Air Astana-ның бір ұшағына орнатылды. 2027 жылы бұл жүйені тағы 20 әуе кемесіне қосу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Beeline Kazakhstan Starlink-пен бірлесіп, смартфондарды спутникпен тікелей байланыстыру технологиясын дамытып жатыр. Бұл технология үйлесімді құрылғы иелеріне ұялы байланыс желісі жоқ жерде де байланыста қалуға мүмкіндік береді.
В Атырау +5.5