
Қазақстанның теміржол паркі 162 жаңа жолаушылар вагонымен толықты. 2026 жылдың соңына дейін тағы 29 вагон жеткізу жоспарланып отыр.
ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, биыл 191 жаңа жолаушылар вагонын жеткізу көзделген. Оның 162-сі еліміздің теміржол паркіне қосылды.
Жеткізілген вагондардың 51-ін RWS Wagon зауыты, тағы 111-ін StadlerKazakhstan компаниясы шығарған.
Жаңа вагондар ауа баптау, бейнебақылау және айналымдағы ауаны зарарсыздандыру жүйелерімен жабдықталған. Жолаушыларға электр розеткалары, мобильді құрылғыларды қуаттауға арналған USB порттары және жеке жарықтандыру жүйесі қарастырылған.
Теміржол көлігінің қозғалысы шектеулі азаматтар үшін қолжетімді болуына да ерекше назар аударылған. Штабтық вагондарда мүгедектер арбасын орналастыруға арналған кеңейтілген арнайы купелер жабдықталған. Сондай-ақ жолаушылардың вагонға мінуі мен түсуін жеңілдететін көтергіш құрылғылар орнатылған.
Бұдан бөлек, жаңа вагондарда Wi-Fi, эргономикалық тұтқалар, жарықдиодты шамдар, купедегі температураны жеке реттеу мүмкіндігі және жеке сейфтер қарастырылған.
Министрліктің мәліметінше, жаңа вагондарды талапқа сай пайдаланған жағдайда олардың қызмет ету мерзімі 40 жылға дейін жетеді.
Ведомство теміржол паркін жаңарту жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ көлік қызметтерінің сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.
Бұған дейін «Ақ Жайық» Қазақстанда шығарылған Stadler жаңа жолаушылар вагондары Атырау мен Астана арасында қатынай бастағанын хабарлаған еді. Жаңартылған құрамның елордадан алғашқы рейсі 23 қарашада, ал Атыраудан бүгін, 2026 жылғы 25 қарашада жолға шықты.
2025 жылы-ақ «Ақ Жайық» Stadler вагондары Астана – Атырау бағытын қоса алғанда, төрт бағытта қатынайтынын жазған болатын. Алайда оларды пайдалануға беру мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. Бұған анықталған кемшіліктер себеп болған. «ҚТЖ» компаниясы өндіруші барлық ақауды толық жоймайынша, жаңа вагондарды пайдалануға жібермейтінін мәлімдеген еді.
В Атырау +5.5