
Атырауда КҚК бас директоры Николай Горбань мен облыс әкімі Болат Ақшолақовтың жұмыс кездесуі өтті. Тараптар өңірдегі шұғыл медициналық көмек мекемелерін жаңғырту, төтенше жағдайларда өзара іс-қимыл жасау және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылады.
Келіссөздердің басты тақырыбы Атырау облысына заманауи жылжымалы далалық госпиталь кешенін жеткізу болды. КҚК-ның бұл қайырымдылық жобасы апаттық медицина қызметінің материалдық-техникалық базасын жаңартып, төтенше жағдайлар мен инфекция өршіген кезеңдерде медицина қызметкерлерінің жедел көмек көрсетуіне жағдай жасайды. Сонымен бірге кешен шалғай елді мекен тұрғындарына сапалы медициналық қызмет ұсынуға мүмкіндік береді.
Тараптар дағдарыс жағдайындағы өзара әрекет ету мәселелеріне де тоқталды. Кездесуде 2024 жылғы су тасқыны кезінде Консорциумның облысқа дер кезінде қолдау көрсеткені атап өтілді. КҚК басшылығы өңірдің сенімді серіктесі болып қала беретінін және табиғи қауіп-қатер туындаған жағдайда ресурстарды жұмылдыруға дайын екенін растады.
Компанияның жүйелі әлеуметтік саясаты жергілікті тұрғындардың нақты қажеттілігіне бағытталған. Әлеуметтік жобалар тізбесі мен бюджеті қала және аудандардың сұранысын зерделеу арқылы жыл сайын әкімдікпен бірлесіп бекітіледі. Мәселен, КҚК қазіргі уақытта Атырау қаласының Талғайран ықшамауданында 900 оқушыға арналған мектеп салып жатыр. Сонымен қатар ауруханалар мен мектептердің базасын жаңарту, спорт және балалар алаңдарын абаттандыру, Атырау облыстық филармониясына 50 орындық автобус сатып алу сияқты жобаларды жүзеге асырып келеді.
Консорциум гуманитарлық және экологиялық бастамаларды да дамытып келеді. Олардың қатарында «Таза жағалау» акциясы, «Jas Tolqyn» балалар шығармашылығы фестивалі, ауыл мұғалімдерінің Астрахань қаласында біліктілігін арттыру курстары, мектеп кітапханаларын орыс классикасымен толықтыру және педагог Күләш Шәмшидинованың кітабын басып шығару жобалары бар.
КҚК-ның Атырау облысында осы уақытқа дейін іске асырған жобаларының жалпы көлемі 18 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде Құлсары мен Аққыстауда балабақшалар тұрғызу, Жастар үйі мен отбасылық үлгідегі балалар ауылын салу, перинаталдық орталықты реконструкциялау және киіктерді сақтау бағдарламалары бар. Компанияның Қазақстандағы жыл сайынғы қайырымдылық бюджеті 3 млн АҚШ долларынан (шамамен 1,5 млрд теңге) асады.
Айта кету керек, Консорциумның өндірістік инфрақұрылымдық тамыры өңірмен тығыз байланысты. Теңіз кен орнынан магистральдық мұнай құбырының Қазақстан аумағындағы 450 шақырымдық учаскесі басталады. Облыс аумағында мұнайды тасымалдауды төрт станция қамтамасыз етеді: «Теңіз» МАС, «Атырау» МАС, сондай-ақ «Исатай» және «Құрманғазы» станциялары.
В Атырау +7.3