
2027 жылғы 1 наурыздан бастап Қазақстанда ISO халықаралық нормалары негізінде әзірленген қонақүй қызметінің ұлттық стандарты күшіне енеді. Құжат кез келген санаттағы қонақүйлерге қолданылады және туристің қонақүйді брондаудан бастап, одан шыққанға дейінгі барлық қызмет көрсету кезеңін реттейді.
Жаңа стандартты Сауда министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы бекітті. Негізгі мақсат – қызмет көрсету сапасын алдын ала болжауға болатындай ету және қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Брондау, қонақүйге орналасу және күту кезіндегі сый-құрмет
Шарттардың ашықтығы: қонақ төлем жасамас бұрын тұру құны, алдын ала төлем мөлшері және броньды жою ережелері туралы толық ақпарат алуы керек. Қонақүй өтінімді 24 сағаттан кешіктірмей растауы тиіс.
Келу және шығу уақыты: қонақүйлер кестені өздері белгілейді. Алайда стандарт бойынша қонақтарды орналастыру сағат 14:00-ден кешіктірілмей, ал қонақүйден шығу уақытын сағат 12:00-ден ерте белгілемеу ұсынылады.
Бөлме дайын болмаса: егер қонақ белгіленген уақыттан кейін (мысалы, сағат 14:30-да) келсе, бірақ бөлмеде әлі тазалық жұмыстары жүргізіліп жатса, қызметкерлер оның жүгін тегін сақтауға қабылдап, күту кезінде қонаққа шағын сый-құрмет көрсетуі керек. Мысалы, шай ұсынуы мүмкін.
Тамақтану, тазалық және шағымдар
Аллергиясы бар адамдарға қамқорлық: мейрамхана немесе асхана қызметкерлері тағамдардың құрамын білуге міндетті. Егер қонақтың немесе баланың белгілі бір тағамға (мысалы, жаңғаққа) аллергиясы болса, сұраныс бойынша асүй қолда бар өнімдерден кемінде бір қауіпсіз тағам ұсынуы тиіс.
Ауызсу және тазалық: қонақтар ауызсуға тәулік бойы қол жеткізе алуы керек. Бөлмелер күн сайын тазалануы тиіс. Алайда қонақ бөлмеде болған жағдайда, қызметкерлер оған тек рұқсатымен кіре алады. Есіктегі «Мазаламаңыз» деген белгі тазалық жұмыстарын кейінге қалдыруға негіз болады.
Шағымдарға жауап беру: қызмет көрсету сапасына қатысты шағымды жазбаша да, ауызша да беруге болады. Қонақүй өтінішті тіркеп, қабылданған шаралар туралы есеп беруге міндетті.
Қауіпсіздік және сақтандыру
Талаптардың жеке бөлімі қонақтардың денсаулығын қорғауға арналған:
тазалық жұмыстарынан кейін еден дымқыл болса, ескерту белгілері қойылуы тиіс;
бассейн аумағында су тереңдігі, суға секіру ережелері және құтқарушының кезекшілігі туралы ақпарат жазылған белгілер міндетті түрде болуы керек. Құтқару құралдары көзге көрінетін жерде орналасуы тиіс;
барлық қызметкер алғашқы көмек көрсету және жүрек-өкпе реанимациясының бастапқы әдістері бойынша оқудан өтуі керек. Сонымен қатар қонақүй клиенттер алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруы тиіс.
Бұдан бөлек, құжат қонақүй иелеріне қызметкерлер мен мердігерлер жұмысының сапасын бағалаудың нақты өлшемдерін белгілейді. Сондай-ақ асүйдегі гигиена, ортақ аумақтардың тазалығы және демалыс уақытын ұйымдастыру тәртібін реттейді.
В Атырау +9.6