
Қарағандыда жолаушылар автобусының жанында шашылып қалған көкөністерді жинап жүрген қарт ер адам түсірілген видео жарияланғаннан кейін дау туындады. Әлеуметтік желі қолданушылары жүргізуші зейнеткерді тауарымен бірге автобустан түсіріп жібергенін айтып жатыр.
Оқиға туралы Threads желісіндегі dr.angelina.dmitrievna лақап атымен тіркелген қолданушы жазды. Ол Қарағанды тұрғындарынан қарт кісіні тауып, оған материалдық көмек көрсетуге атсалысуды сұрады.
«Қарағандылықтар, бүгін автобустан көкөністерімен бірге түсіріліп, көкөністерін автобустың астына таптатып алған атаны көрдіңіздер ме? Атаны тауып, қаржылай көмектесейік. Байғұс зейнеткер, – деп жазды жарияланым авторы.
Таралған кадрларда қарт ер адамның жол жиегінде көкөністерді жинап жүргені көрінеді. Ал басқа суретте автобус дөңгелегінің жанында шашылып жатқан қызанақтар мен өзге де көкөністер, сондай-ақ қорап пен пакет бейнеленген.
Жарияланым әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Кейбір қолданушылар жүргізушінің әрекетін айыптаса, енді бірі алдымен оқиғаның мән-жайын анықтауға шақырды.
«Қораптарды жүк салатын арнайы орынға қоюға болар еді. Тіпті автобустан түсірген күннің өзінде, қораптарды адамша шығарып беруге болатын еді. Жүргізуші оңбағандық жасады, – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.
Сонымен қатар кейбір қолданушылар зейнеткер жолаушылар автобусымен көп мөлшерде көкөніс тасымалдаған болуы мүмкін, жанжалға осы жағдай себеп болған деп болжады.
Жүргізуші жұмыстан шеттетіліп, материалдар полицияға тапсырылды
«№5 автобус паркі» ЖШС оқиғаға қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын растады. Кәсіпорын басшылығы автобустың іші мен сыртындағы бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеп жатыр.
«Қазір салон ішіндегі және сыртындағы бейнебақылау камераларының жазбаларын қарап жатырмыз. Жүргізуші жұмыстан шеттетілді. Тексеру аяқталып, мән-жай анықталғаннан кейін оның нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы ресми түсініктеме береміз, – деп хабарлады автобус паркінен.
Бұдан бөлек, жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтыру үшін оқиға туралы ақпарат полицияға берілген. Бұл туралы EKaraganda.kz хабарлады.
Ал әлеуметтік желі қолданушылары қарт ер адамды тауып, бүлінген тауарының құнын өтеп, оған қаржылай көмек көрсетуге тырысып жатыр.
В Атырау +9.6