
Атыраулық ерлі-зайыпты SCAT әуе компаниясын сотқа беріп, рейстің бес сағатқа кешігуіне байланысты Балиге жоспарланған сапары жүзеге аспағаны үшін 1,45 млн теңге өндіріп алды. Бастапқыда әуе тасымалдаушы жолаушыларға небәрі 11 686 теңге өтемақы төлеп, қалған шығындарды өтеуден бас тартқан.
Бұл туралы журналист Михаил Козачков хабарлады.
2026 жылдың көктемінде Атырау қаласындағы ерлі-зайыпты Наурыз мерекесіндегі демалыс күндерін пайдаланып, Оңтүстік-Шығыс Азияға қысқа мерзімді саяхат жоспарлаған. Бағыт бойынша олар алдымен Атыраудан Алматыға, одан кейін Куала-Лумпурға, соңында Бали аралындағы Денпасар қаласына ұшуы керек болған. Ерлі-зайыпты әуе билеттерін алдын ала сатып алып, қонақүй ақысын да төлеген.
Алайда алғашқы рейстің кешігуі барлық жоспарды бұзды. SCAT ұшағы Атырауға едәуір кешігіп келіп, соның салдарынан рейс бес сағатқа кеш ұшты. Ерлі-зайыпты Алматыға тым кеш жетіп, Малайзияға келесі рейске үлгермеген. Нәтижесінде олар Балиге ұшатын билеттерін де пайдалана алмады.
Шетелде демалудың орнына жолаушылар Атырауға көлікпен қайтуға мәжбүр болған.
SCAT әуе компаниясына жүгінгеннен кейін ерлі-зайыптыға рейстің кешіккені үшін 11 686 теңге өтемақы төленді. Алайда компания пайдаланылмаған әуе билеттері мен қонақүйге төленген ақшаны қайтарудан бас тартқан.
Осыдан кейін жолаушылар сотқа жүгінді.
SCAT өкілі әуе компаниясы жолаушыларды Алматыға жеткізу арқылы өз міндеттемелерін орындағанын алға тартты. Оның пікірінше, басқа әуе компанияларының кейінгі рейстеріне байланысты шығындар SCAT-қа жүктелмеуі тиіс.
Алайда судья Гүлмира Рахимбаева басқа шешімге келді. Сот әуе рейсінің ұшу уақыты әуе тасымалы шартының маңызды талабы екенін, ал рейстің кешігуі жолаушыларға келтірілген шығындар үшін әуе компаниясының жауапкершілігіне әкеп соғуы мүмкін екенін мойындады.
Нәтижесінде сот ерлі-зайыптының талап арызын ішінара қанағаттандырып, SCAT компаниясынан мынадай қаражат өндіріп алу туралы шешім шығарды:
950 мың теңге – пайдаланылмаған әуе билеттері мен қонақүй нөмірінің құны;
250 мың теңге – моральдық зиян өтемақысы;
250 мың теңге – соттағы өкілдің қызметіне жұмсалған шығын.
Өндіріп алынған қаражаттың жалпы сомасы 1 млн 450 мың теңгені құрады.
В Атырау +4.2