
Тарихи отанына көшіп келген этникалық қазақтар мемлекеттік тілді білуге қойылатын жаңа талаптарға байланысты құжат рәсімдеу кезінде қиындықтарға тап болды. Кейбір қандастар мұнда балалары мен жақындары тұрып жатқанына қарамастан, Қазақстаннан кетуге мәжбүр боламыз ба деп алаңдайды. Қоғам белсенділері қандастарға құжат рәсімдеу тәртібін қайта қарау туралы өтінішпен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінді.
Бұл мәселе туралы Қазақстанның солтүстік өңірлеріне этникалық қазақтардың қоныс аударуына көмектесіп жүрген қоғам белсендісі Бұрахан Даханов әңгімеледі. Ол Instagram парақшасында ҚАЗТЕСТ тапсыру мен елде болу мерзімінің шектеулі болуына байланысты қиын жағдайға тап болған адамдардың оқиғаларын жариялады.
Осындай жағдайлардың бірі Петропавл қаласында болған. Көмек сұрап 70 жастағы әйел жүгінген. Зейнеткер қалған өмірін ұлдарының жанында өткізуді көздеп, Қазақстанға көшіп келгенімен, тілдік тестілеуден өте алмаған.
Дахановтың айтуынша, қажетті нәтижесі болмағандықтан, әйелдің құжаттары қабылданбаған. Қоғам белсендісі егде жастағы әйелге қатысты ерекше жағдай жасауды сұрап көргенімен, одан нәтиже шықпаған.
«Ол балаларының жанында тұру үшін көшіп келді. Бірақ ҚАЗТЕСТ пайда болып, құжаттарын қабылдамады», – деді белсенді.
Оның айтуынша, құжат мәселесі шешілмесе, 30 күндік болу мерзімі аяқталғаннан кейін зейнеткер Қазақстаннан кетуге мәжбүр болады.
Тест тапсырғанымен, елден кету қаупі сейілмеген
Даханов сөз еткен тағы бір қоныс аударушы әйел ҚАЗТЕСТ-ті бірнеше рет тапсырып көрген. Сәтсіз әрекеттері мен елде болуға рұқсат етілген мерзімнің аяқталуына байланысты ол шетелге шығып, қайта оралуға мәжбүр болған.
Ақырында әйел тестілеуден өте алған. Алайда сол кезде оның Қазақстанда болу мерзімінің аяқталуына небәрі үш күн қалған.
Қоғам белсендісінің айтуынша, оның да құжаттары қабылданбаған.
Бұл ретте әйелдің екі баласы Қазақстанда бір жылдық оқу визасымен жүр. Белсенді анасы елден мәжбүрлі түрде кетсе, бірнеше ай бойы балаларына қайта орала алмауы мүмкін деп алаңдайды.
Даханов мұндай жағдайлардың жиі қайталанатынын атап өтті. Оның Петропавлдағы кеңсесіне ондаған қоныс аударушы жүгінеді. Ол оларға сауалнама, өтініш және көші-қон құжаттарын рәсімдеуге көмектеседі.
«Қаншама жылаған қандасты көрдім. Бірі құжаттарын алған кезде қуаныштан жыласа, енді бірі елде болу мерзімін өткізіп алып, айыппұл төлеуге мүмкіндігі болмағандықтан жылайды», – деп жазды қоғам белсендісі.
Ол Қазақстан Президенті мен билік өкілдеріне жағдайға араласу туралы өтініш білдіріп, Ерлан Қариннен де көмек боларына үміт артатынын жеткізді.
ҚАЗТЕСТ-тің жаңа ережелері туралы не белгілі?
2026 жылы Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу және қандас мәртебесін рәсімдеу тәртібін өзгерткен пилоттық жоба іске қосылды. Ол тілдік тестілеуді, сауалнама толтыруды және әңгімелесуден өтуді қарастырады.
Ресми түсіндірмелерге сәйкес, ҚАЗТЕСТ 60 тапсырмадан тұрады: 20 тапсырма тыңдалымға, 40 тапсырма оқылымға арналған. Сынақтан сәтті өту үшін әр бөлімдегі сұрақтардың кемінде 70 пайызына дұрыс жауап беру қажет. Осыдан кейін өтініш беруші балдық бағалаудан, мемлекеттік органдардың тексеруінен және әңгімелесуден өтеді.
Көші-қон комитеті тесттің терең академиялық білімді тексеруге емес, қазақ тілін күнделікті өмірде түсіну деңгейін бағалауға бағытталғанын мәлімдейді. Сондай-ақ тегін дайындық пен тесті қайта тапсыру мүмкіндігі қарастырылған.
Бұған дейін қоғам қайраткері Мұрат Әбенов қандастарға арналған ҚАЗТЕСТ енгізілуін сынға алып, жаңа талаптар Қазақстанға көшіп келгісі келетін этникалық қазақтарға жасанды кедергілер туғызатынын мәлімдеген болатын.
Әлеуметтік желі қолданушылары егде жастағы адамдарға қойылатын талаптарды қайта қарауды, басқа жазу жүйесін пайдаланатын қоныс аударушылардың ерекшеліктерін ескеруді және отбасын біріктіру үшін құжат рәсімдеу тәртібін жеңілдетуді ұсынып жатыр.
В Атырау +4.2