Атырау, 25 қараша 09:40
 дождьВ Атырау +7.3
$ 458.28
€ 501.45
₽ 5.59

​Атырауда мұнайшы-инженерлердің халықаралық конференциясы өтіп жатыр

Сурет
20 рет қаралды

Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде мұнай-газ саласының инженерлерін, энергетикалық компаниялардың, ғылыми ұйымдардың өкілдері мен шетелдік сарапшыларды біріктірген SPE Caspian 2026 халықаралық техникалық конференциясы ашылды. Конференцияда мұнай мен газ өндірудің жаңа технологиялары, өндірісті цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану басты назарда болды. 

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, үш күндік конференция «Ресурстар әлеуетін ашу: жауапты басқару арқылы құндылықты арттыру» тақырыбына арналған.

Бағдарламаға 26 техникалық сессия, пленарлық отырыстар, стратегиялық пікірталастар және халықаралық технологиялық көрме кіреді. Қатысушылар қолданбалы зерттеу нәтижелерін таныстырып, инженерлік шешімдер мен мұнай-газ өнеркәсібіне цифрлық технологияларды енгізу мүмкіндіктерін талқылайды.

Көрмеде Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті өзінің ғылыми әзірлемелері мен өнеркәсіптік кәсіпорындармен ынтымақтастық жобаларын ұсынды.

Құттықтау сөзінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мұнай-газ саласының болашағы тек көмірсутек қорына ғана емес, мамандарды даярлау сапасына, ғылыми зерттеулер мен технологиялық дамуға да байланысты екенін атап өтті.

«Энергетика саласының болашақтағы бәсекеге қабілеттілігі тек табиғи ресурстарға ғана емес, ең алдымен білімге, технологиялар мен адами капиталға байланысты», — деді министр.

Оның айтуынша, университеттер маман даярлаумен ғана шектелмей, өндірістің нақты міндеттеріне ғылыми шешім ұсынатын және инновацияларды дамытатын орталықтарға айналуы тиіс. Осы тұрғыда Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің әлеуеті ерекше. 

Конференция аясында мектеп оқушылары мен педагогтерге арналған Energy4me халықаралық білім беру бағдарламасы да іске асырылып жатыр. Оның мақсаты — жастардың жаратылыстану ғылымдарына, инженерияға, технологиялар мен математикаға қызығушылығын арттыру.

SPE Caspian 2026 халықаралық конференциясы 26 қарашаға дейін жалғасады. Ұйымдастырушылар бұл іс-шара жоғары оқу орындары, зерттеу орталықтары мен мұнай-газ компаниялары арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуді жеделдетеді деп күтеді.

Мұнайшылар тағы қандай тақырыптарды талқылап жатыр

SPE ресми бағдарламасына сәйкес, конференция қатысушылары ұңғыма бұрғылау технологияларын, жұмыс істеп тұрған кен орындарында мұнай беруді арттыру әдістерін, газ саласын дамытуды, декарбонизацияны және өндіріс тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллектіні қолдануды қарастырып жатыр.

Салтанатты рәсімге Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров қатысты.

Бүгін, 09:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.