Атырау, 25 қараша 12:02
 дождьВ Атырау +5.5
$ 458.28
€ 501.45
₽ 5.59

Атырауда күкіртсутегі мәселесі өзекті күйінде қалып отыр: экология министрі ластану көздерін атады

Сурет
62 рет қаралды

Атырау атмосфералық ауасының ластану деңгейі жоғары қалалардың қатарында қалып отыр. Ал облыстағы 66 қоқыс полигонының тек 6 пайызы ғана экологиялық талапқа сай. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі ведомство басшысы Әлібек Қуантыровтың өңірге жасаған жұмыс сапарының қорытындысы бойынша хабарлады.

Сапардың екінші күні министр қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын, «Сасықсай» мен «Квадрат» булану алаңдарын, сондай-ақ NCOC компаниясының «Болашақ» зауытын аралап көрді.

Күкіртсутегі – Атыраудың түйткіл мәселесінің бірі

Экология министрлігі соңғы жылдары Атырау ауасының ластану деңгейі жоғары қалалардың қатарында тұрғанын растады. Әсіресе күкіртсутек мәселесі өткір тұр. Ауа райы қолайсыз болған кезде оның мөлшері шекті рұқсат етілген нормадан айтарлықтай асып кетуі мүмкін.

Министрлік негізгі ластау көздері ретінде Атырау мұнай өңдеу зауытын, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК кәріз нысандарын, «Квадрат» булану алаңын, жылыту қазандықтары мен ЖЭО-ны атады.

Әлсіз жел мен қолайсыз ауа райы жағдайды одан әрі қиындатады. Мұндай кезде зиянды заттар ауада баяу тарайды, әсіресе түнгі уақытта қордаланып қалады.

66 қоқыс полигонының тек 6 пайызы талапқа сай

Тұрмыстық қалдықтарды басқару да күрделі экологиялық мәселе болып тұр.

2026 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша Атырау облысында 66 қатты тұрмыстық қалдық полигоны тіркелген. Олардың тек 6 пайызы ғана белгіленген талаптарға сәйкес келеді. Бұл – шамамен төрт нысан.

Қолданыстағы қалалық полигонға барған кезде министрге қоқысты жинау, сұрыптау және кәдеге жарату жұмыстары таныстырылды.

Министрліктің мәліметінше, Атырауда жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу облысты дамытудың кешенді жоспары аясында қарастырылған.


«Сасықсай»: қалпына келтіру жалғасып жатыр, бірақ 500 гектар жаңа тоған қажет

Министр Атыраудан бірнеше шақырым жерде орналасқан «Тухлая балка» булану алаңын жою жұмыстарының барысымен танысты.

Нысанның жалпы ауданы 1336,2 гектарды құрайды. Оның 860 гектары Атырау мұнай өңдеу зауытының теңгерімінде. Зауыт бұл аумақты қалпына келтіруді жалғастырып жатыр. Министрліктің дерегінше, қалған 476 гектардағы жұмысты Атырау әкімдігі аяқтаған.

АМӨЗ-де TAZALYQ жобасы аясында алғашқы екі секторды қалпына келтіру жұмыстары аяқталды.

Ал №3 және №4 секторлардағы жұмысты аяқтау үшін зауыт аумағы 500 гектар жаңа булану тоғанын салу жобасын әзірлеуге кірісті. Оны экологиялық талаптарға сай ағын суларды қабылдау үшін геомембраналық жабынмен жабдықтау жоспарланған.

Сонымен қатар Атыраудың оң жағалауында «Квадрат» булану тоғанын тазарту жүріп жатыр. Жобаны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.

Министр шығарындыларды азайтуды тапсырды

Жұмыс сапары барысында Әлібек Қуантыров NCOC компаниясының «Болашақ» зауытына да барды. Сондай-ақ SPE CTCE 2026 мұнайшылардың халықаралық конференциясында сөз сөйлеп, табиғи ресурстарды экологиялық тұрғыдан жауапкершілікпен игеру мен Каспий теңізінің экожүйесін сақтаудың маңызын атап өтті.

Сапар қорытындысы бойынша министр облыстық экология департаментіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған шаралар кешенін қабылдауды тапсырды.

Өнеркәсіптік шығарындыларды азайту, экологиялық инфрақұрылымды жаңарту және мемлекеттік экологиялық бақылауды күшейту басым бағыттар ретінде айқындалды.

Бүгін, 11:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.