Атырау, 24 қараша 10:05
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Айлалы байланыс аясында немесе AИС «еншілестері» неліктен банкротқа ұшырады

Сурет
1 026 просмотра

АИС еншілес кәсіпорнының банкротқа ұшырауы жұртшылықтың қызу талқысына түсті, көпшілікті «кәсіпорын миллиардтық жобаларға қатысып жатыр, шын мәнінде Атыраудағы жол жұмыстарының бас мердігері, сонда ЖШС-нің қалайша төлем қабілеті жоқ?» деген сауал толғандыруда.

Бұл әңгіме «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС-нің еншілес кәсіпорны болған «Атырауинжстрой СҮ» ЖШС-нің банкротқа ұшырауы жөнінде болып отыр. «АЖ»-ға белгілі болғандай, осыдан сәл уақыт бұрын компанияның тағы бір еншілес ұйымы да банкрот деп танылды. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімі 2 тамызда шықты. Бұл кәсіпорынның атауы «Управление механизации и транспорта «Атырауинжстрой» («УМиТ АИС»)  ЖШС. Серіктестік жарты миллиард теңгеден астам, нақтырақ айтсақ 522 миллион 682 мың 252 теңге салық пен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлемеген.

Бұл іс бойынша талап қоюшы - компания кредиторы – Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті. Сот кредитор ұсынған құжаттар негізінде банкроттық деп тану үшін ЖШС-нің төлем қабілетсіздігін негіз ретінде көрсетті. Тарату рәсімінің ұзақтығы - 9 ай. 

Уәжді бөлігінде «салық және кедендік төлемдер бойынша кредиторлардың борышкерді банкрот деп тану және оны банкроттық рәсімді қозғай отырып тарату туралы сотқа жүгінуіне борышкердің салық берешегінің сомасын, сондай-ақ кеден төлемдері, арнайы, демпингке қарсы, өтемдік баждар, ҚР салық және кеден заңнамасында белгiленген тәртiппен барлық мәжбүрлеу шаралары алынғаннан кейiнгі пайыздар бойынша берешегін өтемеуі негіз болып отыр» делінген. 

УМиТ АИС  салық органында 2008 жылы тіркелген, оның негізгі қызмет түрлері жүк көліктерін тасымалдау, азаматтық нысандарды, автомобиль жолдарын және автомагистральдар салу болды. 

Еске салсақ, 3 қазанда «Атырауинжстрой» сауда үйі» ЖШС-нің екінші кәсіпорнына қатысты да мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот оны банкрот деп тану туралы шешім шығарған болатын. ЖШС мемлекетке 553 миллион 370 мың 640 теңге қарыз болып қалды. Ол 2017 жылдан бастап жұмыс істеп, бетон өндірумен айналысты.

 

Банкротқа ұшыраған еншілес компаниялардың құрылтайшылары туралы не белгілі 

«Управление механизации и транспорта «Атырауинжстрой» ЖШС-нің құрылтайшылары жеке және заңды тұлғалар – Серік ОРАЗБАЕВ және «Алматыинжстрой» АҚ

ais.org.kz

«Алматыинжстрой» АҚ 1995 жылы «Алмаатаспецстрой» кеңестік тресінің негізінде құрылды, жұмыс саласы - автомобиль жолдарын, көшелерді, жол айрықтарын, магистральды тораптарды салу және қайта жаңарту, тұрғын үй құрылысы және жол-құрылыс материалдарын өндіру.

2018 жылы «Алматыинжстрой» АҚ ең ірі мемлекеттік тапсырыс алушылардың Forbes Kazakhstan рейтингінде төртінші орынға ие болды. 

ais.org.kz

2019 жылы ашық дереккөздерде жазылғандай, компанияның құрылтайшылары - 69,01 % үлеспен Бронислав ШИН және 4,24 % үлеспен Александр МЯСОЕД. Қазіргі уақытта құрылтайшылары белгісіз. Заңды тұлғаның меншік иесі туралы мәліметтерде тегі көрсетілмей, тек құрылтайшылардың саны (олар екеуі) көрсетілген. Дегенмен, бірінші басшы Асхат ШІЛІКБАЕВТЫҢ есімі бар.

 

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ

Бронислав Сергеевич Шин – «Алматыинжстрой» АҚ негізін салушы, құрылтайшысы, директорлар кеңесінің төрағасы. 1946 жылы 2 тамызда ҚР Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында дүниеге келген. 1963 жылы Гурьевте мектеп бітіріп, сол жылы құрылыс саласына келеді. 1982 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «экономист» мамандығы бойынша бітірген. Елбасы президенттік құрған кезде Б.Шин Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы деген жоғары марапатқа ие болды. 1999-2003 жж. және 2003-2007 жж. Алматы қалалық мәслихатының 2 және 3- шақырылымдарының депутаты болды. Әр мерейтойлық датада «Астана» (1998), «Қазақстан Республикасына тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Ерен еңбегі үшін» (2002), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Республикасы Парламентіне 10 жыл» (2006), «Астанаға 10 жыл» (2008), «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011) медальдарымен, тіпті, «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған.

Корея Республикасының мемлекеттік қоғамдық өмірін дамытудағы зор қызметі үшін оны президент Пак Кын Хе «Ұлт алдындағы сіңірген еңбегі үшін» мемлекеттік ұлттық орденімен марапаттады. Оған Атырау облысы Махамбет ауданының құрметті азаматы атағы да берілді. 2022 жылы Бейбарыс (бұрынғы Чкалов) ауылындағы мектепке әкесі Шин И Хеннің (Сергей Иванович) есімі берілді. Салтанатты шараға Бронислав Шин де қатысып, Махамбет ауданының әкімі, облыстың әкімінің бұрынғы орынбасары Қайрат НҰРЛЫБАЕВТЫҢ Алғыс хатын алды. 

zh-shugylasy.kz 

Серік Есеркенұлы Оразбаев – «Алматыинжстрой» АҚ тең құрылтайшысы, директорлар кеңесінің мүшесі, «Атырауинжстрой» ЖШС бизнес-кеңесшісі, негізін салушы және бірінші ортақ иеленуші. С.Оразбаев құрылысты өркендеткені үшін бірнеше мәрте грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталған. ҚР күрделі құрылысты дамытқаны үшін үкімет деңгейінде марапатталды. Назарбаев тұсында 2008 жылы «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» атағы, 2009 жылы «Даңқты құрылысшы» құрмет белгісімен марапатталған, «Парасат» орденінің иегері. 

Банкротқа ұшыраған екінші еншілес кәсіпорны «Атырауинжстрой» сауда үйі» ЖШС құрылтайшылары да «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС мен «Алматыинжстрой» сауда үйі» ЖШС-нің құрылтайшылары. 

«Атырауинжстрой» ЖШС 1999 жылы құрылған. 2001-2019 жылдар аралығында кәсіпорын «Атырауинждорстрой» ЖШС деп аталды. 2019 жылдың қараша айынан бастап «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС деп аталды. 

Ескерту: «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС мен «Атырауинжстрой» ЖШС әртүрлі заңды тұлғалар болып табылады. Ашық дереккөздерде БСН әртүрлі. 

«Атырауинжстрой-АИС» ЖШС қызмет саласы: жол және инфрақұрылым құрылысы, атап айтқанда - «жолдар мен автомобиль магистральдарын, тұрғын үйлерді, темір жолдар мен метроларды, көпірлер мен туннельдерді, құбырларды және басқа топтарға жатпайтын өзге де инженерлік құрылыстарды салу». «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС бүгінде бірнеше миллиардтық келісімшарттар жасайтын еліміздегі ірі жол тендерлерінің негізгі жеңімпаздарының бірі. Компанияның үлесіне Атырау қаласында салынған барлық жолдың 80%-дан астамы және аудандық, облыстық, республикалық маңызы бар жолдардың айтарлықтай көлемі тиесілі. 

Компанияның сайтында аталған компанияның Атыраудағы жол құрылысында бастаушы болғаны айтылған.

Сондай-ақ «Атырауинжстрой» ЖШС-нің негізін қалаушы және ортақ иеленушісі, «Алматыинжстрой» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Серік Оразбаевтың құттықтау сөзі бар. Ол компания Атырау әкімдігінен алғашқы ірі тапсырысты 1999 жылы компанияның іргесі қаланған жылы алғанын жазады: «Ол жоба теміржол вокзалының басты қақпасынан қалаға шығатын жол – Нефтепроводников көшесі еді. Былтыр, 19 жылдан соң алғаш рет осы көшедегі жолға қалпына келтіру жұмыстары қажет етілді. Қазіргі күні ол жаңартылған Баймұханов көшесі. Бұл «АИС» ЖШС жүргізген жұмыс сапасының қаншалықты жақсы екенін көрсетеді». Кейбір дереккөздерде жеке тұлға Владимир Иванович ПАК және заңды тұлға «Алматыинжстрой» АҚ «Атырауинжстрой-АИС» құрылтайшылары екені көрсетілген.

ais.org.kz

Компания әкімшілігі: директоры Анатолий Иванович БЫКОВ, «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС президенті Константин Алексеевич ШИН, бас директоры Әділбек Исағалиұлы НҰРЛЫҒОЖИЕВ.

Константин Шин Атырау облыстық мәслихатының депутаты болды, банкротқа ұшыраған «Атырауинжстрой» сауда үйі» серіктестігін басқарса, 66 жастағы Әділбек Нұрлығожиевты қала тұрғындары 1999 жылдан 2013 жылға дейін ТКШ және құрылыс саласына жетекшілік еткен қала әкімінің бірінші орынбасары ретінде жақсы біледі. Оның қызметінен кетуін өзі келген бизнес саласына кету ниетімен байланыстырды.

ais.org.kz

Нұрлығожиев «АИС» бас директорлығынан бөлек, 2021 жылдан бері «Атырау спорт клубы» қоғамдық қорын басқарады. 

ais.org.kz

«Алматыинжстройдың» қожайыны Владимир Пак Атыраудағы «шұрайлы» мемлекеттік тендерлерді кедергісіз жеңіп алған ірі кәсіпкерлердің бірі. Ол бұрынғы облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ атышулы ісінде де ерекше көзге түсті. «УС-99» ЖШС басшысы ретінде танылған ол Атырау облыстық мәслихатының депутаты болдын. Оған бөлек ораламыз. Ал әзірге Атыраудағы бас жол мердігері жеңіп алған мемлекеттік тендерлерге тоқталайық.

 

«Атырауинжстрой-АИС» ЖШС-де қанша мемлекеттік келісімшарт бар? 

Біз adata.kz серверінен жасалған мемлекеттік келісімшарттар туралы ақпаратты таптық. 2018-2023 жылдары «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС мемлекеттік сатып алу бойынша жалпы сомасы 202 млрд 813 млн 796 мың 102 теңгеге 317 келісімшарт (оның ішінде 42 негізгі, 275 қосымша келісім) жасаған. 

Әр жылдағы келісімшарттардың сомасын бөлек қарастыратын болсақ, ол төмендегідей болады: 

2018 жыл – 7 млрд 275 млн 198 мың теңге (6 лот); 

2019 жыл – 8 млрд 542 млн 261 мың теңге (39 лот); 

2020 жыл – 19 млрд 995 млн 909 мың теңге (68 лот); 

2021 жыл – 24 млрд 477 млн 91 мың теңге (67 лот); 

2022 жыл - 11 млрд 635 млн 846 мың теңге (68 лот); 

2023 жыл – 130 млрд 887 млн 489 мың теңге (69 лот). 

Бір қызығы, мемлекеттік сатып алулар сайтынан басқа көріністі көрдік: бұл порталда «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС-мен 2019-2023 жылдар аралығында жалпы сомасы 188 млрд 912 млн 443 мың теңгеге 57 (ағымдағы және орындалған) келісімшарт жасалған. Ол былайша көрініс тапқан:

2019 жыл – 6 млрд 400 млн 186 мың теңге (3 лот);

2020 жыл – 19 млрд 556 млн 799 мың теңге (12 лот); 

2021 жыл – 24 млрд 208 млн 843 мың теңге (10 лот); 

2022 жыл – 8 млрд 849 млн 484 мың теңге (5 лот); 

2023 жыл – 129 млрд 897 млн 130 мың теңге (27 лот).

Салық органының (мемлекеттік кірістер комитетінің) мәліметі бойынша, «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС салық органдарында 2002 жылы тіркелген. Онда 2018-2023 жылдар аралығындағы салық аударымдарының сомасы көрсетілген. Осы уақыт ішінде бюджетке 7 млрд 779 млн 170 мың 967 теңге төленді: 

2018 жыл – 455 932 855,4 теңге; 

2019 жыл – 1 121 097 299,1 теңге; 

2020 жыл – 1 325 885 889,6 теңге;

2021 жыл – 1 478 400 309,1 теңге; 

2022 жыл – 1 105 107 670,8 теңге; 

2023 жыл – 2 292 746 943,4 теңге.  


...Пакқа оралайық 

Қазақстанның Атырау облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты, «Атамекен» Қазақстанның Ұлттық экономикалық палатасы Атырау филиалының бұрынғы төрағасы, Атырау облысы «Тхоньиль-Атырау» корей мәдени орталығының бұрынғы төрағасы Владимир Пак, бұған дейін де айтып өткеніміздей, кейбір деректерде «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС тең құрылтайшысы ретінде көрсетілген. Сонымен қатар, ашық ақпарат көздерінен алынған мәлімет бойынша, ол Атыраудағы «УС-99» ЖШС және Алматыдағы «Империал ЖК» меншік иесі. Одан бұрын да ол әртүрлі: «Атырауинждорстрой» ЖШС, «МұнайҚұрылысСервис ЛТД» ЖШС, «Атырау-Полимерстрой» ЖШС және т.б. фирмаларды басқарған және меншік иесі болған. 

Бір кездері оның есімі Вадим болған, бірақ кейін ол есімін өзгертуді ұйғарған. 

Бұл есіммен қатар облыстың бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің атышулы ісі қаралған 2012 жыл еріксіз еске түседі. Сол жылы Атырау облысы активінің жиналысында бас прокурор Асхат ДАУЫЛБАЕВ бюджет қаражаты есебінен нысандарды салу және жөндеу бойынша конкурстар кезінде жіберілген заң бұзушылықтар туралы шулы мәлімдеме жасаған болатын.

Сол кезде компаниясы 120 миллиард теңгеге мемлекеттік тапсырыстар алу конкурстарын жеңіп алған кәсіпкер Владимир Пактың есімі белгілі болды.

Дауылбаевтың сол актив жиналысындағы мәлімдемесінен үзінді келтірейік: «Жүргізілген мемлекеттік сатып алулар нәтижесінің анализі барлық көптеген нысандар – бұл баспана, су және газ құбырлары, автожолдар, емханалар, мектептер, балабақшалар құрылысына қатысты ірі конкурстарды, сондай-ақ, жоба-сметалық құжаттарды дайындауға арналған тапсырыстарды соңғы 5 жылда бір аффилирленген компаниялар тобы жеңіп алып отырғанын көрсетті. 

Бірнешеуін ғана атап өтейін: «Снабойлстрой» ЖШС 20 млрд теңгеден астам қаржы сомасына бағаланған конкурстарды, «АтырауИнждорстрой» ЖШС - 20 млрд, «АТГ Құрылыс» ЖШС - 19 млрд, «АтырауТрансгаз лтд» ЖШС - 16 млрд, «Центрстрой лтд» ЖШС - 10 млрд, «Азия-маркет С» ЖШС – 8 млрд, «Нарынэнергогаз лтд» ЖШС – 8 млрд теңге ұтып алған. Соңғы 5 жылда бұл компаниялар тобына жалпы сомасы 120 млрд теңгеден астам қаржыны құрайтын құрылыс жұмыстарын орындауға құқық берілген. Мемлекеттік қаржыландырудың ірі сомасына қарамастан, бәсекелестік орта мүлдем болған жоқ деуге болады. Онда тек қана 2 әлеуетті жеткізуші қатысқан, оның біреуі жеңімпаз екендігі анық, екіншісі – бірінші компаниямен аффилирленген жалған компания. Ол бір ғана функцияны атқарған, яғни бәсекелестік бар екенін көрсету үшін құрылған».

 

Пак пен Рысқалиевтың байланысы қандай? 

Дауылбаевтың мәлімдемесінен тағы да үзінді келтірейік: «Сондай-ақ, конкурстарға қатысушылардың көпшілігінің (80%) жобалау-сметалық құжаттамасын сол кәсіпкердің әйелі құрылтайшысы болған «Атыраустройпроект» ЖШС әзірлеген. Демек, олар жобалау-сметалық құжаттаманы өздері үшін дайындап, адам айтқысыз сомаларды ойлап тауып, содан соң конкурстарға өздері қатысып, қаражат көлемін жеңіп алып отырған». 

Осыдан кейін кәсіпкердің көптеген фирмалары үшін барлық жобалық құжаттары бұрынғы облыс әкімі Бергей Рысқалиевтың күйеу баласымен жақын араласатын В.Пактың әйелі басқарған «Атырауқұрылысжобада» дайындалғаны белгілі болды. Достар соңғы жылдардағы негізгі ірі тендерлерді өзара бөліскен. 

2012 жылы алдын ала отставкаға жіберілген Рысқалиевқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Владимир Пак Б.Рысқалиевтің күйеу баласы, кәсіпкер Рүстем ӘЛБАҚАСОВТЫҢ жақын досы болған. Бес жыл бойы олар Атыраудағы көптеген нысандарды салу тендерлерін өзара бөліскен. 

Сол кезде Бас прокурор Дауылбаевтың кім туралы айтып отырғаны белгілі болды. 

 

Басқа дереккөздер не дейді

Мемлекеттік сатып алу порталында «Империал» ЖК 2020 жылдың 27 мамырында жеткізуші ретінде тіркелді. Бірақ «АЖ» сайттан мемлекеттік келісімшартты таппады, оның үстіне онда «Империалдың» мемлекеттік тапсырыс берушілер тізілімінде жоқ екені көрсетілген. Жетекшісі 48 жастағы Владимир Иванович Пактың өзі. Мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің берілген күні 2003 жылдың 4 сәуірі. Ал жеке кәсіпкер 2016 жылдың 25 қаңтарында тіркелген. 

ЖК-нің негізгі экономикалық қызмет түрі: «басқа топтарға кірмейтін өзге де жеке қызметтер көрсету». 

2016 жылғы 20 қазанда Балқаш-Алакөл су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі бассейндік инспекциясы «Су объектiлерiнде, су қорғау аймақтары мен белдеулерiнде кәсiпорындар мен басқа да құрылысжайларды орналастыруды, сондай-ақ құрылыс және басқа да жұмыстар жүргiзу шарттарын келісу» үшін лицензия берген. 

Мемлекеттік сатып алуда келісімшарт жоқ, бірақ біз оны Kompra және adata.kz контрагенттерін тексеру сервистерінен таптық. Рас, Kompra-да жеткізуші мен келісімшарт сомасы көрсетілмеген. Бал adata.kz сайтынан мемлекеттік келісімшарттың өзін де көрдік. «Империал» ЖК (басшысы Владимир Иванович Пак) мен «ҚР ТЖМ Алматы қ. Төтенше жағдайлар департаменті» ММ арасында 2020 жылдың 24 шілдесінде «Қызметтік көліктерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу» қызметін көрсетуге жалпы сомасы 1 млн 262 мың теңгеге келісімшарт жасалған.  Мемлекеттік сатып алу келісімшарты бір көзден алу тәсілімен тікелей келісімшарт жасасу арқылы жүргізілген.

eGov электронды үкіметінің сайтында Владимир Пактың заңды тұлға ретінде қатысы туралы ақпарат жоқ, оның басқа заңды тұлғаларға қатыспайтыны туралы жазылған. Ал Kompra-да «Империал» ЖК иесінен басқа, заңды тұлғаларға қатысы туралы ақпарат жоқ, ол «Алматыинжстрой» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі ретінде көрсетілген. 

Осы жерде атышулы хикая еске түседі: 2010 жылы Атырау әкімдігі Студенческий даңғылы, 40а мекенжайында көппәтерлі тұрғын үй (он бір қабатты, 62 пәтерлік үй) салу үшін «УС-99» ЖШС-не Жайық жағалауынан 0,3987 гектар жер телімін бөліп берді. 2012 жылдың қараша айында облыстық прокуратура алқасында Атырау қаласы әкімдігінің 2007 жылғы 10 қарашадағы №573 қаулысының негізінде «УС-99» ЖШС-нің жеке меншігіне беру туралы Атырау қаласы әкімдігінің арасында жасалған бұл мәміле заңсыз деп танылды. 

Сол кезде Атырау облысы прокурорының көмекшісі Рүстем ҒАПУ бұл жердің мемлекеттік пайдаланушыдан – «Тіл мүкістігі бар балаларға арналған №3 мектеп-интернатынан» заңсыз алынғанын атап өтті. «Нәтижесінде қазір балалардың спорт алаңы жоқ, оның орнында тұрғын үй бой көтеруде», - деді Ғапу БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарының бірінде. 

2014 жылы қалалық прокуратура соттан қала әкімдігінің қаулысын заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап арызын қайтарып алды. Соған сәйкес Тіл мүкістігі бар балаларға арналған №3 мектеп-интернатынан тиесілі жер телімі қазіргі иесі – «УС-99» ЖШС-не берілді. 

Қала прокуроры Нұрлан ҚАРАШОЛАҚТЫҢ «АЖ»-ға берген жауабынан белгілі болғандай, мәміле заңсыз болған, бірақ жоғары жақтағылар адал да парасатты пәтер иелерінің құқықтарының бұзылуына жол бермеген.

Осы тұста қалада бұл үйдегі пәтерлердің біразын жоғары лауазымды шенеуніктер сыйға алғаны туралы қауесет тарады.

 

Салық органдарынан түсініктеме 

Банкрот деп танылған «Атырауинжстрой» сауда үйі» ЖШС мен «Управление механизации и транспорта«Атырауинжстрой» ЖШС-не қатысты «АЖ» басылымының редакциялық сауалына Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Әліби БАҚЫТЖАНОВ жауап берді.

Оның жауабына сүйенсек, 2020 жылдың 24 желтоқсанында салықтық тексеру нәтижесінде «Атырауинжстрой Сауда Үйі» ЖШС-нің салық бойынша қарызы бар екені анықталған. Мекеме салық органының осы берешекті өтеу туралы хабарламасын орындамаған соң банк есеп шоттарына және касса бойынша шығыс операцияларына тоқтам салған. Ә.Бақытжановтың сөзінше, мекеменің банк шоттарында қаражат болмағандықтан қарыз өндірілмеген.

«Уәкілетті органдардың жауабына сәйкес, салық төлеушінің атында мүлік тіркелмеген. Соған қарамастан, Мемлекеттік кірістер басқармасы кеңсе жиҺаздарына мүлік тізімдеме актісін жасақтаған, алайда мүліктің жарамсыздығына байланысты аукционға шығарылмады. ҚР Салық кодексінің 116-124-баптарына сәйкес, «Атырауинжстрой Сауда Үйі» ЖШС-не қатысты толық мәжбүрлеу шаралары қолданылды. ҚР Салық кодексінің 126-бабы бойынша салық төлеуші сотқа өзін банкрот деп тану туралы талап-арыз жолдап, ол сот шешімімен қанағаттандырылды», - дейді Ә.Бақытжанов. 

Ал «Управление механизации и транспорта «Атырауинжстрой» ЖШС-нің салықтық қарызы 2021 жылдың 3 шілдесінде пайда болған. Бұл мекемеде де берешекті өтеу мүмкіндігі болмаған соң, кәсіпорын банкрот деп танылған.

 

AИС: «Мұның бізге қатысы жоқ» 

Еншілес компаниялар мен құрылтайшыларының банкроттығына қатысты «АЖ»-ның редакциялық сауалы АИС-қа 30 қазанда жолданды. Жауап 11 қарашада кеш келді. Бір қызығы, олардың жауабы салық органдарының түсініктемесіне қайшы келеді: 

«Ведомстволық бағынысты кәсіпорындардың салық төлемдерін мерзімін өткізіп (ай сайын) төлеу фактілері болған жоқ. Кәсіпорындардың банкротқа ұшырауына біздің компанияға қатысы жоқ басқа кәсіпорындар төлемеген салықтардың заңсыз есептелуі себеп болды. Салық органдарының әрекетіне қатысты сотқа шағымдану әділ нәтиже бермеді. Жыл сайын ондаған қазақстандық компаниялар осындай проблемаға тап болады. Осылайша, салық органдары барлық қажетті шараларды алды деп есептеуге болады. 

Заңды тұлғаларға қолданылатын банкроттық рәсімі Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген және «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі. Банкроттық рәсімі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылады». 

Құрылтайшыларға келер болсақ, бізге «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС құрылтайшылары туралы ашық дереккөздерден алынған ақпарат қосымша растауды қажет етпейді» деп жауап берді. Жарайды, жауапты қабылдаймыз. Өйткені, бұл ашық дереккөздерден алынған шолу ғана. 

Айнұр САПАРОВА 

Ашық дереккөздерден алынған суреттер

14 қараша 2023, 23:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.