2012 жылдың қарашасында болған облыстық прокуратураның алқа кеңесінде Атырау қаласы әкімдігі мен белгілі «УС-99» ЖШС арасында жасалған мәміле заңсыз деп танылды. Арада жылға жетпейтін уақыт өтті, ал құрылыс салушы, прокуратураның пікірінше, «заңсыз бөлінген жерге» салынған үйден пәтерлер сата бастады.
Атырау облысы прокуро-рының көмекшісі Рүстем ҒАПУДЫҢ сөзінен үзінді келтірейін: «2010 жылы Атырау қаласы әкімдігі «УС-99» ЖШС-іне көппәтерлі үй салуға жер телімін бөлген. Бұл жер мемлекеттік қолданушыдан - №3 облыстық сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған интернаттан заңсыз тартып алынған. Нәтижесінде, қазір балаларда спорт алаңы жоқ, ол жерде тұрғын үй салынып жатыр» («АЖ», №48, 29.11.2012 күнгі «Таңдай қақтырған жомарттық»).
БІРЕУДІҢ ЖЕРІНДЕГІ ҮЙ
Бұл жерде әңгіме Жайық жағасындағы №3 облыстық сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернат пен көше арасын-дағы жалпы ауданы 40 сотық тар жерге тығылыстыра салынған 11 қатарлы тұрғын үй жобасы туралы болып тұр. Іс жүзінде үй интернаттың бұрынғы футбол алаңының үстінде орналасқан.
Құрылыс салушы құрылысты УС-99-дың үлестес компаниясы «Евразия Парк» ЖШС коммуналдық қызмет көрсететін «эконом плюс» санатындағы тұрғын үйге жатқызады. Фойе едені мен қабырға бойы гранит тақтайлармен қапталған, оңтүстік-кореялық жүрдек жеделсатылар орнатылады, пәтерлер толық жөндеуден кейін ғана сатылады (сату жөніндегі менеджер түсіндіргендей, барлық жөндеу материалдары «Мастер-дом» құрылыс дүкендері желісінен алынған – естеріңізге салсақ, УС-99 осы желі иелерінің бірі, ал Владимир Пак осы сауда маркасы
құрылтайшыларының бірі болып табылады – З.Б.).Жобада бір «шаршы» құны - 2000 доллар, ауданы 48-ден 116 шаршы метрге дейін болатын пәтерлер қарастырылған.
Тап-таза, ойыншық тәрізді аула инфрақұрылымы минимализм шегінде салынған: ағаштан жасалған жалғыз әдемі демалыс орны мен шағын ғана балалардың ойын алаңқайы. Жердің тарлығы көрініп-ақ тұр: паркингтен дәмелі болашақ сатып алушыларға «бір қолға бір зат» қағидасымен әр пәтерге бір тұрақ нормасы белгіленген. Пәтерлері үшін232 мың долларға дейін қаражат шығара алатын сатып алушылардың әлеуетін ескерсек, бұл «сыйды» олар бағаламайтын шығар.
ІС РАҚЫМШЫЛЫҚПЕН АЯҚТАЛДЫ
Осы бір келеңсіз үйдің пәтерлері сатылып жатыр деген хабар алдымен ұзынқұлақтан естіліп, кейіннен жарнамадан берілгенде көптеген адамдардың таңғалғаны рас. Атышулы прокурор мәлімдемесі қайда?
Облыс прокурорының орынбасары С. ШАЛАБАЕВТЫҢ жауабынан үзінді: «Атырау қаласы әкімдігінің 10.10.2007 күнгі №573 қаулысымен «№3 облыстық сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернат» ММ-ге берілген жер телімі алынып, «УС-99» ЖШС-іне көп қабатты үй салу үшін ауданы 0,3987 га жер телімі берілген.
19.09.2013 күні қала прокуратурасы Атырау облыстық мамандандырылған экономикалық сотқа Атырау қаласы әкімдігінің 10.10.2007 күнгі №573 қаулысын заңсыз деп тауып, күшін жою туралы талап-арыз енгізді.
Қазіргі уақытта талап-арыз қаралу кезеңінде.
Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың 5 шілдесінде облыс прокуратурасы жер телімін заңсыз беру фактісі бойынша Атырау қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларының үстінен Қылмыстық Кодекстің 307-бабы 2 тармағы бойынша (Лауазымдық құзыреттілігін теріс пайдалану) қылмыстық іс қозғады. Ал 25 қыркүйекте Атырау облыстық ЭҚСЖКД Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ә.И. Нұрлығожиевке қатысты қылмыстық істі тергеу нәтижелері бойынша «рақымшылық актіге байланысты» тоқтатты. (ҚР мемлекеттік тәуелсіздігінің жиырма жылдығына байланысты рақымшылық – З.Б.).
БЕДЕЛІМІЗДІ КІМ ТҮСІРЕДІ?
Прокурорлық талап арызда құрылыс салушы компания көрсетілмеген, сондықтан да шығар, УС-99 қызметкерлері мұндай талап-арыздың бар екендігі туралы менен естіді. Өтірік, расын білмеймін, маған ЖШС-тің бас директоры Аркадий КИМ мен оның орынбасары Евгений ЛАПИН осылай мәлімдеді. Кездесу барысында екеуі де «бұрмалаушылыққа жол бермеуімді» талап етті, Ким айтқандай, УС-99 айналасындағы дау-дамай оларды әбден қажытқан екен.
- Жобаны әзірлегенде, құрылысын салғанда, қолданысқа енгізгенде заңсыз деген мәселе көтерілген жоқ, тек өткен жылы ғана білдік, оны да бұқаралық ақпарат беттерінен, -дейді Ким. – УС-99 компаниясына ешкім ешқандай талап қойған жоқ. Кезінде бизнес-жобаны әзірлеп, әкімдікке сұраныс бердік, қала құрылысы кеңесін өткізіп, жер теліміне рұқсат алдық. Жалпы осы дау-дамай компания беделіне нұқсан келтірді, ал бұл - бар әлеуетін сақтап қалған жалғыз құрылыс ұйымы. Сонымен қатар 700 қызметкері бар ұжымның да беделін түсірді, жұмыс жасауға кедергі келтіруде. Мен олар үшін, олардың отбасыларының алдында жауапкершілікті сезінемін. УС-99 тартып алыпты деген мәлімдемені біз қабылдамаймыз – заң тұрғысынан біз еш нәрсе бұзғанымыз жоқ. Қаржы полициясынан да, прокуратурадан да сауалдар жіберілді, біз жауабын бердік, бүгінгі таңда бізге ешкімнің қояр талабы жоқ.
-Бұл мүліктер қамаққа алынды ма?
-Жоқ, бір мемлекеттік органның негізі көрсетілмеген өкімі бойынша жай ғана шектеу енгізілді.
- Қанша мерзімге?
Бұл сұраққа компания басшылары жауап бере алмады.
-Құрылтайшыңыз қайда екенін білесіз бе?
- Төртеудің қайсысы?
- Владимир Пак.
- Ол Қазақстанда, жағдайы жақсы, менің білуімше, оның ешқандай қылмыстық іске қатысы жоқ. Жалпы, түсінбеймін, мен не үшін ақталуым керек, біздің құрылтайшылар неге, не үшін ақталулары керек?!
- БАҚ беттерінде негізделмеген кінәлар тағып, ертегідегідей байлықтар туралы мақалалар жазылады, бұл дұрыс емес, -деп қуаттады басшысын Лапин. – Интернатпен жақсы қарым-қатынастамыз, мүмкіндігімізше материалдық көмек көрсетіп тұрамыз. Заңсыздықты тек сот анықтайды, ал УС-99 ЖШС-іне қатысты ондай сот шешімі болған жоқ! Сіздің тарапыңыздан «заңсыз» деген сөз қолдану бұрмалаушылық болып табылады.
Балалардың аузындағысын жырып алатын сұмның бейнесі Ким мен Лапинге ұнамаса керек. Құрылыс компаниясының беделінің түсуін басшылар журналистерден көреді. Алайда интернаттың меншігіндегі жерді алу бойынша мәмілені заңсыз деп атаған мен емес, прокуратура ғой. Ал олардың әр сөзі ресми емес пе?
ЖАЙ ҒАНА ТАРТЫП АЛДЫ
УС-99 қабырғасында айтылған «үйлер» арасындағы тату-тәтті қарым-қатынас туралы сөз интернатта жоққа шығарылды.
- 2010 жылдың соңында бізге осы компаниядан адамдар келіп, бұл жер үш жылдан бері сіздердің жерлеріңіз емес деп мәлімдеді! Мен оларды басында интернатқа кіргізбедім: менің актімде жер тұр, ол қалай біздікі болмайды? - дейді әлі күнге дейін бұған көне алмай жүрген интернат директоры Бибігүл АМАНҒАЛИЕВА. – Алайда олар маған 10.10.2007 күнгі №573 қаулыны көрсетті. Мен қала әкімі Мереке ИСМҰРАТОВҚА, жер қатынастары бөлімінің басшысы ШОЛТАНОВҚА хат жаздым, олар маған жауап жазып та әуре болмады. Әкім орынбасары Ә. Нұрлығожиевтің қабылдауында болдым, ал облыстық білім басқармасының бастығы ЖАУЛИН кабинетінен: «Ешкімнің басын қатырма, мәселе шешіліп кетті», - деп қуып шықты. Біз, осылайша, гаражсыз, көкөніс сақтағышсыз, спорт алаңқайы мен футбол алаңынсыз қалдық...
Естеріңізге салсақ, мемлекеттік жер пайдаланушыны – жер телімінің нақты иесін хабардар етпей-ақ, қалалық әкімдік кәсіпкерге қаланың ең қымбат ауданындағы 40 сотық жерді сол уақыттағы символикалық сома – 8,4 млн теңгеге (сол жылғы курс бойынша шамамен 70 мың доллар) сатып жіберген. Дағдарысты 2007 жылы жағалаудағы осы көлемдегі жердің қара бағасы жарты миллион долларға бағаланар еді.
...Бірнеше жыл өткеннен кейін, түрлі органдар мен прокурорлық тексерулерден және қазіргі биліктің қысымынан соң УС-99 үстіміздегі жылдың тамыз айының аяғында интернаттың тар ауласына стандартқа сай емес баскетбол (5х10) мен футбол (10х20) ойнайтын алаңқайлар, шағын балалар алаңын және көкөніс сақтайтын темір контейнер орналастырды. Бұл ауланы абаттандыруды қала құрылысы кеңесі құрылыс салушыға 2007 жылы тапсырған еді.
...Балалар аулада кезектесіп ойнайды – интернаттың 150 шәкіртінің барлығы бұл аулаға бір мезгілде сыймайды.
БАС ТАРТУДАН БАС ТАРТУ
Енді мәселенің тарихына көз жүгіртейік. Қалалық әкімдік әрекеттерінің бірізділігі түсінікті, ал заңдылықты қалпына келтіруді шешкен құқыққорғау органдарының ойын түсіну қиындыққа ұшыратады. Қаржы полициясынан алған ақпараттарымнан келесілерді аңғаруға болады:
Бірінші қадам.Атырау қаласы әкімдігінің 10.10.2007 күнгі №573 интернат жерін қайтарып алу жолымен ауданы 0,3987 га жер телімін «УС-99» ЖШС-іне жеке меншікке беру туралы қаулысы шықты (қаулыға сол кездегі қала әкімі Сәлімжан НАҚПАЕВ қол қойған).
Екінші қадам.Екі ай өткеннен кейін қала әкімі С. Нақпаев 28.10.2007 күнгі №931 қаулысымен өзінің №573 қаулысының күшін жояды. Ол мұны неге бұлай жасағанын білмейміз, мүмкін ұяты оянып, балаларды аяған шығар.
Үшінші қадам.Үш жылдан кейін 27.08.2010 күні Атырау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ә. Нұрлығожиев «УС-99» ЖШС-тің пайдасына Атырау қаласы әкімдігінің «10.10.2007 күнгі №573 қаулысының күшін жою туралы» №931 қаулысының күшін жою туралы №938 қаулыны қабылдайды.
Төртінші қадам.Қала прокуратурасы 19.09.2013 жылы Атырау облыстық мамандандырылған сотына Атырау қаласы әкімдігінің 10.10.2007 күнгі №573 қаулысын заңсыз деп тауып, күшін жою туралы талап-арыз ұсынды.
ОЙТАМЫЗЫҚ БОЛСЫН
Бір қарағанда, Нақпаевтың күшін жою туралы қаулысының (нақпаевтық №573 қаулыны №931 қаулымен жою) күшін жойған Нұрлығожиевтің қаулысының күшін жою керек сияқты. Бұл жағдайда заңсыз №573 қаулы автоматты түрде (№931 қаулы бойынша) тоқтатылатын еді.
Алайда прокуратура ең бірінші №573 қаулыны қолға алып, қалған екі қаулыны өзектілігінен айырды.
Екі актінің күші бірдей емес – Нұрлығожиевтің қаулысы заңсыз болып табылады. Өйткені Нақпаевтың «өз күшін жою туралы» қаулысы заң нормаларын бұзбайды. Алайда бұл тек қарапайым адамның көзқарасы ғана.
Ал заңгер мұны басқаша пайымдайды: қала әкімінің міндетін уақытша атқарған Нұрлығожиев жерді заңсыз бөлген жоқ, ол тек бұрынғы әкім Нақпаевтың өз шешімінің күшін жою жөніндегі шешімін тоқтатты. Осылайша ол ең алғашқы №573 қаулының күшін қалпына келтірді. Иә, бірақ, Нақпаев өз шешімінің күшін жойған жоқ па? Иә, алайда бұл маңызды емес, өйткені жер №573 қаулымен бөлінді ғой...
ҮЙ БҰЗЫЛМАЙДЫ...
Қазір басты назар прокуратура-ның талап-арызының тағ-дырында. Егер сот оны тал-қылауға қабылдап, тіпті, қанағат-тандырса, яғни, заңсыз деп тауып, талай рет күшін жойған Атырау қаласы әкімдігінің №573 қаулысының күшін жойса, Студенттер даңғылындағы үй заңсыз құрылыс болып қалады. Міне, біз осы жерде «жазалауға болмайды рақым етуге» деген заңгерлік жұмбақтың шешімін табуымыз керек.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА