Атырау, 26 желтоқсан 12:39
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Экс-әкім үйқамақта

5 470 просмотра

Облыс әкімі лауазымынан таяуда ғана босатылған Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫ шетелге ұшып кетпек болған жерінен Атырау қаласының әуежайынан ұстапты деген түрлі БАҚ-тардағы хабарламалар шындыққа жанаспайды. Жасырыну үшін кез-келген қалада: Ақтауда, Оралда, тіпті Атыраудың өзінде чартерлік рейстер бар. Ешқандай тіркеусіз жеке ұшаққа отыр да ұша бер, ешкім де білмес еді. Қазір экс-әкім Атырауда үйқамағында отыр. Аймақтың бұрынғы басшыларының төңірегіндегі жанжалдар және басқа да жайттар туралы «Ақ Жайыққа» күш құрылымдарының біріндегі дереккөз әңгімелеп берді.

- Бәрі неден басталды? Алдымен Бас прокуратурада мәжіліс болған. Онда ҰҚК төрағасы Нұртай ӘБІҚАЕВ Бас прокуратураның үстеліне қалың бума құжаттарды – ағайынды Бергей мен Аманжан (ел ішінде оны Ақаман деп атайды) Рысқалиевтардың қатысы бар 70-тей қылмыстық іс қозғаудан бас тартылған істерді қойыпты. Аталмыш құжаттарда бизнесті рейдерлік тартып алу, жер учаскелерін заңсыз бөлу, кез-келген тендердегі 40 пайыздай «откат» тәжірибесі, тапсырыспен өрт қою, ұрып-соғу және кісі өлтіру жөнінде көптеген фактілер ашылған.  

- Неліктен қылмыстық іс қозғаудан бас тартылған істер?

- Өйткені, мәселен, жапа шегушілер Ақаманның адамдары олардың ұлдарын өлтірді деп арыз жазса, прокуратура түрлі сылтаулармен «қылмыс құрамы жоқ» деп жазады. Содан соң қылмыстық іс қозғалмай қалады.

- Ендеше, бұл істер неліктен дәл қазір жарыққа шығып отыр?

- Белгілі бір адамға қатысты арыздар мен шағым хаттар өте көп жиналып қалғандықтан, оларды елемеу мүмкін болмай қалды. Адамдар тек прокуратура мен полицияға жазып қана қоймайды. «Нұр Отан» партиясына, Президент әкімшілігіне, Бас прокуратураға да хаттар тасқыны ағылды. Сөйтіп шеңбер тарылған. Бас прокуратура осы мәліметтерді Президентке жеткізген кезде, ол әкімшілік жетекшісі Аслан МУСИНДІ дереу шақырып алған. Атыраудағы ахуалдың соншалықты сыбайласқан әрі қылмысқа белшесінен батқаны соншалық, тіпті оның да төбесінен жай түсірген деседі. Күш құрылымдарының барлық басшыларының: қаржы полициясының, сот жүйесінің, салық қызметінің, прокуратураның, ІІД-нің осы істерге қатысы бар екені анық, ал ҰҚКД бейтарап ұстанымда болған. Қазір осы бүкіл ведомостволардың басшыларын ауыстыру туралы мәселе қойылып отыр. Бірінші отставка туралы өздеріңізге белгілі – облыстық ІІД бастығы Рахмаджан ДОСАНОВ орнынан босатылды. Одан кейін басқалар да қызметтен кетті. Соның ішінде «Нұр Отан» партиясының осы жердегі аппаратына да қойылар сұрақтар бар. Оның штатындағы қызметкерлер бәрін біліп отырып, ештеңе айтпаған. Бергейге жұмыс істегендердің барлығы орындарынан алынады. Өйткені ағайындылар еш жерге дерлік қолдарын қоймаған, әдеттегідей, барлық тендерлік құжаттарға Рысқалиевтың орынбасарлары қол қойған.

- Сонда қазір қандай дәлелдер бар?

- Менің естуімше, бюджет қаржыларын бөлу сызбалары бойынша негізгі мәліметтерді Сәлімжан НАҚПАЕВ (Атыраудың бұрынғы әкімі және облыс әкімінің бұрынғы орынбасары – Ред.) ұсынып отыр. Бірнеше жыл бойына «Атыраубалық» және «Жайық Балық» компаниялары арқылы ақшалардың қалай жымқырылғаны, тендерлер мен «откаттардың» егжей-тегжейі туралы. Мәселен, теңізде кімнің бригадасы басқарып отырғаны белгілі – Рысқалиевтың орынбасарларының бірі. Қызыл балықты аулауға квота болмағандықтан, оны ғылыми мақсат есебінде аулаған. Жұмыс істемей тұрған «Атыраубалықтың» ескі заттаңбаларын банкаларға жапсырып, шетелге асырып отырған.    

Қазір Бергейге жақын тұлғаларға рәсімделген ондаған қолма-қол ақша түсіретін компаниялардың барлық есеп-шоттары арестке алынды. Оған жұмыс жасағандардың барлығы көзден ғайып болуда. Оларды іздестіріп жатыр, бәрі де телефондарын ажыратып тастап, өздері қашып кеткен. Солардың ішінде Бергейдің ағасы, Мәжіліс депутаты Аманжан Рысқалиев та бой тасалаған. Зардап шеккен адамдардан келген хаттар легі де көбеюде, бірақ олардың барлығы да домалақ хаттар. Адамдар кек ала ма деп қорқады. Ешкім де қол қоймаған, бұлардың қайсысы шын, қайсысы жалған екенін анықтау өте қиынға түседі.

- Ал қазіргі оқиғалар механизмін іске қосқан кім, Нақпаев па?

- Тек ол ғана емес. Бәрі де сәйкес келді. Айтып отырмын ғой, шағымдар тым көбейіп кетті.

- Іс жүзінде Нақпаевқа қатысты не болды?

- Ол сол кезде ресми еңбек демалысына кеткен, ал бұл уақытта Рысқалиевтың тілектестері оған қоңырау шалып: «орынбасарыңның қазір қайда екенін білесің бе?» деп сұрайды. Ал ол: «білемін, бір жерде демалып жатыр» деп жауап береді. Оған: «жоқ, ол бір жерде емес, сенің орныңды өзі көздеп, қызметіңнен кетіре алатын адамдармен келісіп жүр» деп айтады. Ызаланған Бергей Нақпаевты демалыстан кері шақыртып алып, кабинетінде ұрып-соққан. Нақпаев сытылып шыққан, әкім оның артынан ізінше полицейлерді жіберіпті. Қашып бара жатып, Нақпаев қуғыншыларға кабинетінің кілтін лақтырып, лауазымынан кететінін мәлімдеген. Бірақ Бергей оны кешіре алмай, өзіне келуді талап етеді. Ал Нақпаев Ресейге кетіп қалады. Бірақ оны отбасыңды жазалаймыз деп қоқан-лоққы көрсетіп, кері оралуға мәжбүрлейді. Ол оралып, Аджип ККО-ға менеджер боп жұмысқа орналасады да қамауға алынады. Нақпаев өзінің кінәсіз екенін дәлелдегісі келіп, барлық инстанцияларға хаттар жолдаған. Қазір, менің білуімше, прокуратура оның ісі бойынша наразылық шығарған. Сот ісі қайта қаралатын болар.

Біздің дереккөзіміздің ақпаратты өз басшылығының тапсырмасымен ұсынып отырғаны түсінікті. Бұрынғы әкімнің ұсталмай, бар болғаны үй қамағында отырғанына қарағанда, қазір Астанада оның жоғарыдағы қамқоршылары мен күш құрылымдары арасында облыстың бұрынғы басшысының әрі қарайғы тағдыры үшін үлкен сауда жүріп жатқан сыңайлы. Өйткені олардың биліктегі орындары да осыған байланысты болмақ. Бергейдің «денсаулық жағдайы жөнінде» Президент өз Жарлығы арқылы айтарын айтты, енді бақылап отыр.

«АЖ» редакциясы

21 тамыз 2012, 17:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.