Дос ҚАНАТОВТЫҢ коллажы, "Ақ Жайық" газеті.
Қалалық прокуратура соттан ауыр тіл кемістігі бар балаларға арналған интернатқа тиесілі жерді қазіргі қожайыны «УС-99» ЖШС-не берген қалалық әкімдіктің қаулысын заңсыз деп тану және жою туралы өз талап-арызын қайтарып алды. Бұл мемлекеттік пайдаланушыдан жерді заңсыз алған атышулы хикаяның соңғы нүктесі секілді.
ПРОКУРОР АЙТТЫ, ПРОКУРОР ЖАСАДЫ
2012 жылдың күзінде облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ отставкаға кетуі және ғайып болуына байланысты ҚР Бас прокуроры Асхат ДАУЫЛБАЕВТЫҢ экс-әкім мен оның маңындағылар жасаған қылмыстардың едәуір тізімін санамалап берген мәлімдемесінен кейін әшкерелеу қызған тұста осы науқанға жергілікті құқыққорғау органдары да кіріскен болатын. Естеріңізге салсақ, бас прокурор Дауылбаев облысқа жақсы танымал кәсіпкерге тиесілі компанияны баяндамасында жиі еске алған еді. Оның тегін атамағанмен, көпшілігі әңгіменің депутат Владимир ПАК туралы болып отырғанын аңғарды.
2012 жылдың қарашасында облыстық прокуратура алқа-сында Пактың фирмаларының бірі, атап айтқанда «УС-99» (мұнда ол тең құрылтайшы) Студенческий даңғылының бойындағы ауыр тіл кемістігі бар балаларға арналған №3 интернатқа тиесілі жерді заңсыз алуға және оны «УС-99» ЖШС-нің коммерциялық баспанаға сатуына байланысты жанжалда ашық аталды. Қаржы полициясының тергеу нәтижелері бойынша облыс прокуратурасы Атырау қалалық әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты жер телімін заңсыз беру фактісіне байланысты Қылмыстық кодекстің 307-бабының 2-тармағы («Қызмет өкiлеттігін терiс пайдалану») бойынша қылмыстық іс қозғады («Интернат үстіндегі үй»). Ал қалалық прокуратура 2013 жылдың қыркүйегінде Атырау облыстық мамандандырылған экономикалық сотына Атырау қалалық әкімдігінің 2007 жылғы 10 қазандағы №573 қаулысын заңсыз деп тану және жою туралы талап-арыз берді. Қала прокурорының міндетін уақытша атқарушы Руслан АБИРОВТЫҢ қолы қойылған талап-арызда осынау күмәнді келісім жасауға байланысты заң бұзушылықтар көрсетілген.
ЖАҒАЛАЙ ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚТАР
Іс жүзінде интернат жеріне салынған он бір қабатты үй балаларға арналған бұрынғы футбол алаңында тұр, аула аумағымен бірге40 сотық жерді алып жатыр. Талап-арыздан үзінді: «Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43-бабының 2-тармағындағы ережеге сәйкес, жер телімін беру туралы шешім комиссияның оң қорытындысы және жерге орналастыру жобасы негізінде қабылданады.
Кодекстің 44-бабының талаптарына сәйкес, жер телімін таңдау туралы акті қаралғаннан кейін комиссияның қорытындысы негiзiнде жерге құқық табыстау туралы жерге орналастыру жобасы әзiрленедi.
Болжанып отырған, жер телімін мемлекет мұқтажы үшін алып қойған, мәжбүрлеп иеліктен шығарған жағдайда жер телімдерiнiң меншiк иелерi және жер пайдаланушылар (жалдаушылар) шығындарының есептеулерi қоса берiледi.
Ал Атырау қаласы әкімшілігінің қаулысы жоғарыда аталған заң талаптарын бұзып, тиісті комиссияның қорытындысынсыз және жерге орналастыру жобасынсыз шығарылған (естеріңізге салсам, жеке әңгіме кезінде УС-99 директоры Аркадий КИМ бизнес-жоба заң талап еткен бүкіл қаралу кезеңдерінен өтті деп басқаша растаған еді – З.Б. ).
Бұдан басқа, аталмыш жер телімі «УС-99» ЖШС-не Атырау қаласының 2001 жылғы 16 қаңтардағы №2695 шешімімен «Облыстық №3 ауыр тіл кемістігі бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернат» ММ-не ұсынылған жерден бөлінді.
Бұдан басқа, Атырау қаласының 2002 жылғы бас жоспарына сәйкес, аталмыш жер телімі көпшілік пайдаланатын жерлерге жатады. Кодекстің 81-бабының 2-тармағының негізінде меншік иесінен жер телімін алу меншiк иесiнен жер телімін және жер пайдаланушыдан жер пайдалану құқығын, заңнамада бекітілген жағдайлардан басқа жағдайларда, олардың келісімінсіз алып қоюға жол берiлмейдi.
Мемлекеттің жер телімін мемлекеттік жер пайдаланушылардан коммерциялық мекемелердің мүддесі үшін алып қою қарастырылмаған.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабын, Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің 55-бабын, Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» Заңының 23-бабын басшылыққа ала отырып, Атырау қаласы әкімдігінің алаңы 0,3987 га жер телімінің «УС-99» ЖШС-нің жеке меншігіне берілгендігі туралы 10.10.2007 жылғы №573 қаулысын заңсыз деп танып, жоюды өтінемін».
АТ МІНУ
Бұған қол соқпасқа болмайды. Жері күмәнді пайдаланылған үйдің сатыла бастағандығы туралы «Интернат үстіндегі үй» мақаласын дайындап жатқан кезде прокуратура редакцияға осы талап-арыздың сотқа берілгендігі туралы хабарлаған болатын. Әрі қарай біз сәл үзілістен соң, сотқа назар аудартқан істі қараудың немен аяқталғаны туралы сауал жолдадық. Сөйтсек, талап-арыз 20 қарашада қаралған, бірақ іс болмаған. Ол талап-арыз берушінің өтініші бойынша кері қайтарылыпты. Иә, солай, прокуратура өзінің талап-арызын қайтарып алған.
Прокуратураға жаңа сауал жолданды: мемлекеттік айыптаушылардың өз арыздарын қайтарып алуына қандай себеп болған? Талап-арызды қалалық прокуратура бергендіктен, мен осы мекемеге хабарластым. Бірақ белгісіз қызметкер маған ақпаратты жоғарғы жақтан – облыс прокуратурасынан іздеуге кеңес берді. Бәлкім, ол шешімнің сол жерде қабылданғанын айтқысы келген шығар. Бірақ біз қалалық прокуратурадан жауап ала алдық.
АДАЛ, ПАРАСАТТЫ ЖАНДАРДЫ ҚОРҒАУ
Талап-арыздан бас тартуға себеп ретінде жақында ғана тағайындалған қала прокуроры Нұрлан ҚАРАШОЛАҚ (сотқа талап-арыз берген прокурордың уақытша міндетін атқарған Абиров кешікпей осыдан кейін Индер ауданының прокуроры болып тағайындалды – З.Б.) Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының 16.07.2007 жылғы №6 «Соттардың жер заңдарын қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 11-тармағына сілтеді. Онда «Азаматтық кодекстің 267-бабына сәйкес, егер мемлекеттiк басқару органының, жергiлiктi өкiлдiң немесе атқарушы органның не лауазымды адамның заңдарға сәйкес келмейтiн нормативтік немесе жеке акт шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң және басқа тұлғалардың мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөнiндегi құқықтары бұзылса, мұндай акт сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылады. Аталған актілерді шығару салдарынан меншiк иесiне келтiрiлген зиянды тиiстi өкiмет немесе басқару органы тиiстi бюджет қаражатынан толық көлемде өтеуі тиiс. Осындай негіздер бойынша меншік иесіне және жер пайдаланушыға келтірілген зиян толық көлемде өтелуі тиіс» делінген.
Осыған сәйкес, осы талап-арыз бойынша қабылданған шешімнің мемлекет бюджетіне ықпал ету ықтималдығын ескере отырып және тұрғын үй кешенінің жер теліміне салынған пәтер иелерінің құқықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында қалалық прокуратура талап-арызды қайтарып алу туралы шешім қабылдады».
Бұл жауаптан қандай қорытынды шығады? Келісімнің заңсыз жасалғандығы айқын, бірақ сот оны солай деп таныған жағдайда зардап шегушілерге өтемақы төлеуіне тура келетін қалалық бюджеттің қамын ойлау мақсатында, оны жайына қалдырып, ұмыту керектігі ұйғарылған. Біз интернаттан жерді алып қойып, телімді жеке кәсіпорынға сатуды заңсыз деп тану туралы сот шешімінің бүкіл заңды салдарын талдауға дәрменсізбіз. Яғни, бұл жағдайда үйді бұзып, ол үшін бюджеттен ақша төлеудің қажеті бар ма, әлде оны сол орнында қалдырып, интернатқа зиян мөлшерін төлеумен шектелуге бола ма, мұны заңгерлер артық біледі.
Ең бірінші және басты зардап шегуші – интернат пен онда тұратын балалар туралы прокуратура жауабында ештеңе айтылмайды. Айта кетелік, интернатқа тигізілген зиян сомасын УС-99 кәсіпорнына сатылған жер телімінің құнымен есептеуге болар еді (оны сатқан уақыттағы баға бойынша, біздің есептеулерімізше, шамамен 70 000 доллар). Мұндай жағдайда бұл мемлекетке зиян болар еді, өйткені нысан мемлекетке тиесілі. Бұл интернатқа 12 жыл бұрын көшкен күннен бері көрмеген жөндеу жұмыстары үшін жақсы дайындама болар еді.
Есесіне прокурорлар қазір адал және парасатты пәтер иелерінің «құқықтарын бұзуға жол бермеуді» қарастырыпты. Егер қауесетке сенер болсақ, осы үйдегі пәтерлердің бір бөлігін сыйлық ретінде жоғары шенді шенеуніктер алған екен. Мұның шындық екеніне пікір айтудан аулақпын, бірақ бүгінде олар сатылып жатқан жоқ деуге болады. Студенттер даңғылы бойындағы үйде 62 пәтердің әрі кетсе 10 пайызы ғана (бәлкім одан да аз шығар) сатылған. Бұл прокуратураның қаперіне берілетін жайт.
…Прокурорлық бастамаға осыдан екі жыл бұрын интернат қызметкері, көпті көрген әйел адам: «Мен прокурорға, айналайын, егер сен бізге жерімізді қайтарып берсең, мен саған мұрнымды кесіп берейін! деп айттым» депті. Ал енді іс жүзінде көріп отырғанымыздай, ол енді мұрнын құрбандық етпейтін болды.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА