Атырау, 27 желтоқсан 00:26
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Әкімдіктегі ұрлық-қарлық хақында

5 299 просмотра

Найзағай жақындаған кезде... Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Рашид ТҮСІПБЕКОВ пен бас прокурор Асхат ДАУЫЛБАЕВ.Бас прокурор Асхат ДАУЫЛБАЕВТЫҢ Атырау облысының 2012 жылғы 31 тамызда актив жиналысында сөйлеген сөзінен:

«Ірі тексеру үлкен қоғамдық пікір қалыптастырды, бірақ, ақпараттың жетіспеушілігінен бұл тексеру қауесетке толды, ажиотаж туғызуда. Бас прокурор ретінде тексеру қорытындыларын айқындап өтейін.

Осы жылғы тамыздың басында еліміздің президентіне Атырау облысының бұрынғы орынбасары, «өзін-өзі билеу» бабы бойынша сотталған Нақпаев Сәлімжан заңсыз сотталғандығына, сондай-ақ,  Атырау облысындағы мемлекеттік қызметкерлердің іс әрекетінде бюджет қаржысын пайдалану кезінде және мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі заңбұзушылықтарға жол беріліп отырғандығына шағымданды.  

Бірде-бір шағым, оның үстіне бюджет қаржысын заңсыз пайдалану жөніндегі шағым мемлекет басшысының назарынан тыс қалмайды. Ол бас прокурор мен қаржы полициясы агенттігінің төрағасына бұл жағдайды объективті түрде тексеріп, жүргізілген тексерулер қорытындысын халыққа жеткізу туралы арнайы тапсырма берді.

Сондықтан, менің және экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес  агенттігінің төрағасы басшылығымен Атырау облысына тексеру жүргізу үшін арнайы топ құрылды. Тексеру барысында шағымда көрсетілген заңсыздықтар расталды. Одан бөлек, көптеген жаңа заңбұзушылықтар анықталды. Уақыттың тығыздығына байланысты кейбіріне қысқаша ғана тоқталамын.

Мемлекеттік сатып алулар жүйесінен бастайын. Жүргізілген мемлекеттік сатып алулар нәтижесінің анализі барлық көптеген нысандар – бұл баспана, су және газ құбырлары, автожолдар, емханалар, мектептер, балабақшалар құрылысына қатысты ірі конкурстарды, сондай-ақ, жоба-сметалық құжаттарды дайындауға арналған тапсырыстарды соңғы 5 жылда бір аффилирленген компаниялар тобы жеңіп алып отырған.      

Бірнешеуін ғана атап өтейін: «Снабойлстрой» ЖШС 20 млрд теңгеден астам қаржы сомасына бағаланған конкурстарды, «АтырауИнждорстрой» ЖШС - 20 млрд, «АТГ Құрылыс» ЖШС - 19 млрд, «АтырауТрансгаз лтд» ЖШС - 16 млрд, «Центрстрой лтд» ЖШС - 10 млрд, «Азия-маркет С» ЖШС – 8 млрд, «Нарынэнергогаз лтд» ЖШС – 8 млрд теңге ұтып алған. Соңғы 5 жылда бұл компаниялар тобына жалпы сомасы 120 млрд теңгеден астам қаржыны құрайтын құрылыс жұмыстарын орындауға құқық берілген. Мемлекеттік қаржыландырудың ірі сомасына қарамастан, бәсекелестік орта мүлдем болған жоқ деуге болады. Онда  тек қана 2 потенциалды жеткізуші, оның біреуі жеңімпаз екендігі анық, екіншісі – бірінші компаниямен аффилирленген жалған компания. Ол жалғыз функцияны орындайды, яғни көзбояушылық мақсатта бәсекелестік қалыптасқан деп көрсету.

Өзге облыстарға қарағанда мұнда конкурстардың өткен қорытындыларын бұзу туралы арыз-шағым ешқашан берілмеген. Барлық облыстарда бұл қалыпты жағдай саналады: жеңілген адам қандай да бір әділетсіздікті көрді ме, әрдайым билікке, сотқа жүгінеді. Атырауда соңғы уақытта бірде-бір шағымдар түскен жоқ.

Кейінгі тексеру жұмысы жеңімпаз компаниялардың басым бөлігінің белгілі бір кәсіпкерлер мен мемлекеттік шенеуніктер жанында аффилирленгендігін көрсетті. Мысал үшін 2012 жылғы маусымның 12-нен 21-не дейін облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының 2,7 млрд теңге сомасын құрайтын 8 жол учаскесіне күрделі жөндеу жүргізген облыстық маңызы бар автожолдар құрылысына қатысты жақында ғана өткізілген конкурс туралы айтайын. Облысқа белгілі кәсіпкермен аффилирленген «АтырауИнжстрой» ЖШС жеңімпаз деп табылды. Мен әзірге оны атамаймын, кінәсіздік презумпциясы туралы өздеріңіз де білесіздер. Мен бұл жерде сот шешімі заңды күшіне енбейінше бірде-бір фамилияны атамаймын. Конкурсты өткізу кезінде 8 учаскенің біреуі де жоба-сметалық құжаттаманың мемлекеттік сараптамасында бекітілмеген. Бұрынғыдай көзбояушылық мақсатта бәсекелестік қалыптасқан деп көрсету үшін аталған кәсіпкермен байланысты екінші потенциалды жеткізуші «Мұнайқұрылыссервис» ЖШС қатысқан. Тексеру жұмысы екі қатысушының да конкурстық тапсырысы талаптарға сәйкес келмейтінін көрсетті.

Одан бөлек, конкурсты өткізу кезінде жұмыстардың көп бөлігін сол кәсіпкердің орындағаны, ал конкурстың өзі бюджет қаржысын жымқыру үшін өткізілгендігі анықталған, яғни бәріне кімнің жеңетіні және қашан жеңетіні белгілі болған.

Сондай-ақ, конкурстарға қатысушылардың көпшілігінің (80%) жоба-сметалық құжаттамасын сол кәсіпкердің әйелі құрылтайшысы болған «Атыраустройпроект» ЖШС жетілдірген. Демек, олар жоба-сметалық құжаттаманы өздері үшін дайындаған. Адам айтқысыз сомаларды ойлап тауып, өздері конкурстарға қатысып, қаражат көлемін жеңіп алып отырған.

Келесі мысал - жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарымен байланысты. 2012 жылы Атырау облысындағы 56 мектепті күрделі жөндеуге 2,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Барлық конкурстарда облыстың 7 ауданындағы мектептерді жөндеуді өз мойнына алған «Нариманиндастризсервис» ЖШС мен «Центрстрой лтд» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Ал олардың айтарлықтай аумақты қолға алу үшін ресурстары болмаған және белгіленген мерзімде жөндеу жұмысын орындай алмаған.  Қажетті ресурстары - техникалары мен жұмысшылары жоқ 1-2 компаниялар бір-бірінен 500-600 км қашықтықта жатқан аудандардағы 56 мектепті қалай жөндей алады?

Нәтижесінде бүгінде 12 мектеп жаңа оқу жылына дайын емес, соның ішіндегі 8 мектепке жөндеу жұмысын келісім-шарттардың орындау мерзімін тапсырысшы 2012 жылдың 31 желтоқсанына дейін деп белгілеген.  

Одан бөлек, біз көптеген қосып жазылған фактілерді және осы мектептердегі жұмыстардың бағасының көтерілгендігін анықтадық. Коммуналдық меншіктегі нысандардың жекешелендіру саласында өрескел заңбұзушылықтар анықталды. Біз облыс орталығы мен облыстың 6 ауданының бүкіл халқына старетегиялық маңызы бар өз бағасынан 15 есе арзан газ инфрақұрылымының заңсыз жекешелендіру фактісін анықтадық.  15 есе! Осылайша, «Облтрансгаз» мекемесінің жыл сайынғы табысына қарамастан, яғни ол бюджетке жыл сайын 150 млн теңгеге жуық кіріс түсіреді, демек жыл сайын 1 млн доллар пайда келтіреді, облыс әкімдігі 2011 жылдың 5 шілдесінде инвестициялық тендерге газ құбырын шығару туралы шешім қабылдады. Онда бұдан бұрын «Облтрансгаз» мекемесінің балансында болған Атырау, Индер, Махамбет, Мақат, Құрманғазы, Исатай және Жылыой аудандарындағы газ құбырларына қатысты тендер нәтижелері бойынша өрескел заңбұзушылықтар орын алған. «ЖайықГазСбыт» ЖШС небары 650 млн теңгеге сатылып кеткен. Ал құрылысқа және қайта құруға мемлекеттік бюджеттен 9,8 млрд теңге шығындалған… Инвестициялық тендерге «ЖайықГазСбыт» ЖШС мен сол кәсіпкерге қатысты аффилирленген ЖШС қатысқан. Мен тек бір кәсіпкер туралы айтып отырмын.

2011 жылы әкімшіліктің мемлекеттік меншігін, атап айтқанда облыстық әкімдік жалғамасын заңсыз сату фактісі анықталды. Әңгіменің мейрамхана мен оның өндірістік бөлігі туралы болып отырғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. «Каспийстрой» ЖШС пайдасына сатылған, оның негізгі меншік иесі тағы да сол кәсіпкер боп табылады. Өздеріңіз ойлап қараңыздар, Атыраудың қақ ортасында 2003 жылы салынған, баланстық құны 159, ал нарықтық құны 164 млн теңге болатын жалпы алаңы 1 777 шаршы метрлік орынжай бар болғаны 17 млн теңгеге жекешелендірілген. Яғни, оның нақты құнынан 10 есе арзан, бұл ретте өрескел заңбұзушылық орын алған. Осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

Факт бойынша бірде-бір лауазымды тұлға аталмайтынын атап өтемін, біз тек фактіні анықтадық, белгіледік және осы факті бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Сол 2011 жылы ұзындығы 125 км, баланстық құны 373 млн теңге болатын, есептен шығарылған Гурьев – Мақат су құбыры заңсыз жекешелендіріліп, «МұнайҚұрылысСервис ЛТД» ЖШС-не бар болғаны 4,9 млн теңгеге сатылған. Ал сатып алушы белгілі бір кәсіпкермен үлестес тағы да сол бір құрылтайшы боп шықты.

Белгілі бір тұлғамен үлестес болған кәсіпорынның осындай заң бұзушылықтарға орын беріп, айқын төмендетілген бағамен «Атырау ақпарат» КМК ғимараты мен жабдығын жекешелендіріп алғаны баршаңызға аян. Бұл ғимараттың баланстық құны 707 млн теңге, ал ол бар болғаны 231 млн теңгеге үш есе арзан бағаға сатылған. Нәтижесінде бұрын осы ғимаратта орналасқан мемлекеттік кәсіпорын осы ғимараттан орынжай мен жабдықты жалға алуға мәжбүр болды... Тек бір жыл ішінде «Атырау-ақпарат» мемлекеттік кәсіпорны осы жеке кәсіпкерлерге 120 млн теңге төлеген. 231 млн-ға сатып, тек бір жыл ішінде жалға алғаны үшін 120 млн теңге төледі. Қоршаған ортаны қорғау аналитикалық зертханасының мүліктік кешені де осылайша жекешелендірілген. Осы кәсіпорынның баланстық құны 270 млн теңгені құрайды, бұл 2 есе арзанға 120 млн теңгеге сатылды. Әңгіменің қоршаған ортаны қорғау аналитикалық зертханасы туралы болып отырғанын атап өтемін. Бұл мемлекетке қажет, облыс халқына қажет, бұл - денсаулық, амандық, қауіпсіз қоршаған ортаға деген құқық боп табылады.

Бұл бар болғаны тексеру жүргізілген заң бұзушылықтың кейбір тұстары ғана. Бізде мұндай тексерулер көп, мұндай заң бұзушылықтар да өте көп.

Уақыттың тапшылығына байланысты мұның әрқайсысына тоқтала алмаймын. Қазіргі кезде нысандар құрылысына мемлекеттік тапсырыстар бойынша 189 конкурсқа қатысушыны тексеру жөніндегі, сондай-ақ мемлекет меншігін заңсыз алудың 11 фактісі бойынша материалдар әрі қарай тексеріліп, заңды іс жүргізу шешімін қабылдау үшін қаржы полициясы органына жолданды.

№2 Атырау қалалық соты 2012 жылдың екінші сәуірінде Нақпаев Сәлімжан Жұмашұлын 327-баптың 3-тармағы бойынша өзінше билік еткені үшін 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасымен соттады. Бас прокуратура оның мәлімдемесі бойынша (оның ісі бойынша – Ред.) көптеген өрескел заң бұзушылықтарды мұқият тексеріп, анықтады, мен Жоғары сотқа наразылық енгіздім. Сот осы іс бойынша әділ әрі заңды шешім шығарады деп ойлаймын.

Сөз соңында, құрметті мәжіліске қатысушылар, құрметті Атырау облысының тұрғындары, біздің тексеруіміздің қандай да болмасын нақты тұлғаға бағытталмағанын айтқым келеді. Тексеру мақсаты -  қалыптасқан ахуалды әділдікпен анықтау, заң бұзушылық анықталған жағдайда қатаң заң шеңберінде осы заң бұзушылықтарды жою шараларын алу, залалды өтеу және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту. Сонымен қатар, егер қылмыстық істерді тексеру барысында шенеуніктердің тарапынан мемлекет мүлігін ысырап ету немесе ұрлау бойынша кінәлары дәлелденсе, олар қатаң заң талаптары бойынша жауапқа алынатын болады. Бас прокурор ретінде, аталмыш фактілер бойынша қаржы полициясы қозғаған барлық қылмыстық істерді ерекше бақылауға алатындығыма кепілдік беремін. Сондай-ақ, қылмыстық істер сотқа жолданған жағдайда, облыстың әрбір тұрғыны осы істер бойынша әділ көріністі көруге мүмкіндік алу үшін прокуратура заңды тұрғыда, айқын және ашық қарауды қамтамасыз етудің бүкіл қажетті шараларын алатын болады. 

Қазірдің өзінде біз прокурорлық тексеру барысына, соның ішінде жұртшылық пікірін қулықпен пайдалана отырып, ықпал ету әрекеттерін байқап отырмыз. Прокуратура органдары да, қаржы полициясы да бірде-бір тұлғаны атамағанын айтып өттім. Бүгінде ешкімге, бірде-бір шенеунікке де, бірде-бір кәсіпкерге де айып тағылған жоқ, бірде-бір адам ұсталып, тұтқынға алынған жоқ. Сондықтан қазіргідей жағдайдың орын алып жатқаны бізге түсініксіз. Егер ешкімге айып тағылмаса, ешкімге іздеу жарияланбаса, ендеше прокурорлық тексеру және істі тергеу барысына ықпал ету әрекеттері неліктен аяқ астынан басталып жатыр. Осыған байланысты прокурорлар мен тергеушілерге қысым көрсетудің кез-келген әрекеті, сондай-ақ тексеру мен тергеу барысына басқаша әдіспен ықпал ету қылмыстық тұрғыда жазаланып, құрықталатынын аймақ жұртшылығының қаперіне бергім келеді. 

Осы фактілер анықталғанда облыс прокуроры, адал қызметкер іске араласпады, бірақ жаны ашымаушылық мен жасықтық танытты. Біз басқа да құқыққорғау органдары мен прокуратура тарапынан тиісті прокурорлық қадағалау болмағандығын мәлімдейміз. Бүгін ол арызын берді, мен бұл отставканы қабылдадым және президенттің келісімімен облыстың жаңа прокурорын тағайындадым».

Активтен кейін ҚР бас прокуроры Асхат Дауылбаевқа бірнеше сұрақтар қойып үлгердік:

- Әкім отставкасы төңірегіндегі ахуалға комментарий бере аласыз ба?

- Бере алмаймын.

- Ол қазір қайда?

- Білмеймін.

 - Оны уақытша ұсталды деп айтуға бола ма?

- Жоқ, болмайды. 

- Неліктен бастапқыда бас прокуратура бұлтарып, Атырау облысының әкімдігін тексеруге қатысымыз жоқ деп мәлімдеді?

- Білесіз бе, біздің өкіліміз бұл туралы мәлімдеген жоқ.

- Бұл күндері сіздерге қатты қысым көрсетілді деуге бола ма?

-  Ешкім де қысым көрсеткен жоқ, алдағы уақытта мұндай қысым болмас үшін жай ғана ескерту жасадық.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА,

Айнұр САПАРОВА,

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

31 тамыз 2012, 23:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.