Атырау, 17 маусым 00:04
 дождьВ Атырау +27.1
$ 487.17
€ 565.65
₽ 6.72

ҰҚК Атырау әкімінің орынбасарына қатысты істің мән‑жайын жария етпеді

116 рет қаралды
ЖИ арқылы жасалған сурет
ЖИ арқылы жасалған сурет

«Ақ Жайық» редакциясының сауалына жауап берген мекеме тергеудің қай бап бойынша жүріп жатқанын да хабарлаған жоқ.

ҚР ҰҚК сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тергеудің 41 миллион теңгеден асатын мемлекеттік келісімшартқа қатысы бар‑жоғын да айтпады.

Бұл келісімшарт 2024 жылғы 1 ақпанда Қайыршақты ауылдық округі әкімінің аппараты мен «VM SERVICE» жеке кәсіпкері арасында ассенизатор техникасын жалға алу қызметіне қатысты жасалған. 

Бұған дейін бұл іс бойынша тағы бір тұлғаның - Бейбіт Мағзұмовтың аты аталған еді. Жарияланған деректерде оның «Қалалық тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС‑нің бас директорының орынбасары екені көрсетілген.

Сондай‑ақ қылмыстық іс материалдарында шамамен 40 миллион теңге көлеміндегі сома да бар екені хабарланған болатын.

Редакцияның ресми сауалына берген жауабында ҰҚК аталған келісімшартпен тергеудің байланысын да растаған жоқ, жоққа да шығармады. Бұдан бөлек, ведомство тергеу қай бап бойынша жүріп жатқанын да хабарлаған жоқ. Олар мұны Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сүйеніп, сотқа дейінгі тергеу деректерін жария етуге болмайтынын алға тартты.

Міне, келген жауап мынадай:

«Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөліміне сәйкес басқа ақпарат жария етілмейді. Егер берілген жауаппен келіспесеңіз, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға құқығыңыз бар».

Қоғамдық қызығушылыққа қарамастан, ҰҚК болжамды қылмыстың құқықтық бағасын да ашып көрсеткен жоқ.

Редакция бұл жауапқа шағым түсірді.

Айнұр САПАРОВА

Кеше, 22:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.