Атырау, 25 сәуір 05:30
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

«Қамысқа фермерлер өрт қояды деп ойлаймын»

1 098 просмотра

Бүгін, 23 қыркүйекте Өңірлік коммуникациялар қызметінде ТЖД қызметкерлерінің және аңшылар мен балықшылар қоғамы өкілдерінің қатысуымен «Аңшылық маусымындағы өрт қауіпсіздігі» тақырыбында брифинг өтті. Әлеуметтік желі арқылы қойылған сұрақтарға жауап берген аңшы Валерий ТӨЛЕУОВ фермерлер жаңа шыққан қамысты шабу үшін жағалаудағы қамыс қопасына өрт қояды деген пікірін білдірді.

Валерий ТӨЛЕУОВ

– Меніңше, жаңа қамыс өссін деп фермерлер әдейі өрт қоюы мүмкін. Шөп шабу үшін қамыс қопасынан арылуы керек. Аңшылар өрт қоймайды, бәрінің телефоны бар, өрт туралы суретке, видеоға түсіріп, дереу 101 қызметіне хабарлайды, – деді В.Төлеуов.

Ал ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Дәурен БЕРДЕНОВТІҢ айтуынша, жақында қала іргесіндегі Тасқала ауылы мен «Ақжайық» қорығында орын алған өрттің себебі әлі анықталмаған. Әрі қарай шешім қабылдау үшін материалдар полицияға жолданған.

- Батпақты жерде ТРЭКОЛ  көлігі түгел жанып кетті. Бағына қарай, өрт сөндірушілердің ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Көлікті қалпына келтіру мүмкін емес, – деді Д.Берденов.

Дәурен БЕРДЕНОВ

«АЖ»-ның сауалына ТЖД 23 қыркүйекте тұтанған қамысты сөндіру үшін ҚР ТЖМ «Казавиаспас» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы әуеге көтерілгенін хабарлады. Қазіргі уақытта қамыстың ашық отпен өртеніп жатқаны байқалмайды, ал бықсыған аумақ шамамен 15 гектарды құрайды.

Еске салсақ, 20 қыркүйекте сағат 08:57-де Каспий теңізінің жағалауындағы Тасқала ауылынан 40 шақырым жерде және «Ақжайық» табиғи резерватының аумағында қамыс тұтанған  болатын. Жердің батпақты болуына және көліктің өте алмауына байланысты өртті сөндіру мүмкін болмады. ТЖД (20 қызметкер және 2 техника) және «Ақжайық» МТР (5 жұмысшы және 2 техника) күштері өртті бақылауға алды.

Қала іргесіндегі Кеңөзек ауылдық округінде (Тасқала-1, Тасқала-2, Тасқала-3) теңіз қамысы жанған аумақ шамамен 60 гектар деп анықталды.

Айнұр САПАРОВА

23 қыркүйек 2022, 15:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.