Атырау, 5 қазан 08:19
 ашықВ Атырау +25
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Хаменованың ісі: айыптау актісі

727 просмотра

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл ХАМЕНОВАНЫҢ ісіне қатысты екінші сот отырысында осы сот процесіне айыптаушы болып қатысқан Атырау облысы прокуратурасы басқармасының прокуроры, кіші әділет кеңесшісі Лаура АСАНОВА айыптау қорытындысын оқыды.

«2020 жылдың 26 мамырында Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі қала әкімінің орынбасарына Абай Құнанбаев ескерткішін орнатуға 145 миллион теңге бөлу мәселесін қарастыру туралы хат жолдады. 2020 жылғы 29 маусымдағы № 507 шешімімен қалалық мәслихат бұл бастаманы мақұлдады.

2020 жылдың 14 қыркүйегінде Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі коронавирус пандемиясына байланысты және ҚР Президентінің 2020 жылғы 25 мамырдағы № 108 өкімімен мемлекеттік органдардың үш жылдық шығынын қысқарту туралы шешіміне байланысты қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі атына ескерткішті орнатуға бөлінген қаржы 145 млн. теңгені бюджетке кері қайтару туралы хат жолдады.

2020 жылы 9 желтоқсанда Атырау облысының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияның отырысында төрағалық еткен кезде Б.Хаменова №1 хаттамамен Атырау қаласының әкіміне 2021 жылы Абай Құнанбаевтың ескерткішін қондыру жұмыстарын үйлестіруді тапсырды.

2021 жылдың 2 маусымында «Балқыту» ЖШС-нің директоры Өміртай Адамов келісім-шартты тезірек жасасу мақсатында Атырау қаласына келіп, 2021 жылдың 3 маусымында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевпен бірге оны Хаменова қабылдады. Олар оған Атырау қаласы бойынша мәслихатпен қаржыландыруды бекіткеннен кейін келісім-шарттың жақын арада жасалатыны туралы хабарлады.

Хаменова өзіне жүктелген міндеттер бойынша мәдениет саласындағы жергілікті атқарушы органдардың қызметін қадағалайды және үйлестіреді, сондықтан осы мемлекеттік мекемелердің басшыларына міндетті тапсырмалар беру құзіретіне ие.Ол  Рысқалиевке ескерткіштің тез арада орнатылуын бақылауға алуды ауызша тапсырды.

2021 жылдың 17 қыркүйегінде Рысқалиев Хаменова және Атырау облысының басқа да мемлекеттік мекеме өкілдерімен бірге Нұр-Сұлтан қаласында іссапармен жүргенде Адамовпен кездесіп, ол оны жұмыс барысы туралы хабардар етті. Өз кезегінде Рысқалиев келісімнің жақын арада жасалатынына Адамовты сендірді.

2021 жылдың 3 қарашасында «Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ басшысы Ахмедьяров және «Балқыту» ЖШС директоры Адамов 2022 жылдың 30 маусымына дейін жеткізу мерзімімен 145 млн теңге сомасына көркем қоладан Абай ескерткішін алуға өзара келісімшарт жасасады.

Келісімнің №2 тарауына сәйкес 2021 жылы 72 млн 500 мың теңге, ал қалған бөлігі 2022 жылы төленетіні қарастырылған.

2021 жылдың 4 қарашасында Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі «Балқыту» ЖШС-нің «Халық банкі» АҚ-дағы шотына шарт сомасының 20% көлемінде аванстық төлем аударды. Сол кезде, Хаменова осы келісімге қол жеткізу мәселесін шешкені  және одан әрі шарттық міндеттемелерді орындау барысында жалпы қорғауды қамтамасыз ету үшін «Балқыту» ЖШС директоры Адамовтан заңсыз баю мақсатында пара түрінде ақша алу қылмыстық ниеті пайда болған.

Қылмыстық ниетін жүзеге асыру кезінде Хаменова 2021 жылдың қараша айының басында Атырау облысы әкімдігінің ғимаратында Рысқалиевпен жасырын сөйлесіп, ескерткішке бөлінген ақшаның айтарлықтай көп екенін айтып, Адамовтан 5 млн. теңге пара алуды талап еткен. Рысқалиев Хаменоваға тікелей бағынышты және қызметте оған тәуелді бола отырып, сонымен қатар заңсыз материалдық пайда алғысы келіп, оның заңсыз талабын мақұлдап, ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын бірлесіп жасауға келісімін берген.

2021 жылдың 9 қарашасында Нұр-Сұлтан қаласында кезекті іссапармен жүрген Рысқалиев Хаменованың тапсырмасы бойынша Атырауға қайта ұшар алдында сағат 20.00-де Нұр-Сұлтан әуежайында Адамовты кездестіріп, оған Атырау облысы әкімінің орынбасары Хаменова 5 миллион теңге көлемінде пара талап етіп отыр деп хабарлаған. Өз кезегінде Адамов параны Хаменова мен Рысқалиевке келісім-шарт бойынша 72 миллион 500 мың теңге көлемінде төлемнің бірінші бөлігін алғаннан кейін беруге келісті. Сол жерде Рысқалиевке 72 млн 500 мың теңгеге жұмыс атқарылғаны туралы актіні тапсырды. Оның үстіне, Адамов аталған әрекеттердің заңсыздығын біле тұра, шарт жасасу және аванстық төлем жасау процесін жеделдеткен Рысқалиев пен Хаменованың мүмкіндіктеріне көз жеткізіп, кейін олардың көмегімен ақшаның екінші бөлігін төлеу кезінде ыждағаттап шешіп алуды көздеген.

2021 жылдың 11 қарашасында ақшаның қалған бөлігі «Балқыту» ЖШС-нің «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-дағы шотына аударылды. Осыдан кейін Адамов 2021 жылғы 3 желтоқсанда Атырау қаласына жоспарланған іссапар алдында Рысқалиевпен жасалған келісімге сәйкес әрекет етіп, лауазымды тұлғаға пара беру жөніндегі қылмыстық ниетін жүзеге асыра келе «Балқыту» ЖШС-нің есеп шотынан «Жусанбан» АҚ-дағы "Адамов" ЖК шотына 5383 мың 500 теңге аударған. 

2021 жылдың 9 желтоқсанында Адамов алдын ала Рысқалиевпен кездесудің шарттарын талқылап, оған пара беру және ескерткішті ашу мәселесі туралы ақылдасып алып, Атырауға ұшып келді. Сол күні Сәтпаева бойындағы «Шафран» дәмханасында кешкі астан кейін Адамов пен Рысқалиев Сары Арқа ықшамаудандағы №33 үй, Адамовтың уақытша тұратын жеріне барып, сол жерде алдын ала айтылған параны алмақ ниетте болған. Сағат 20.00 шамасында Адамов Рысқалиевпен бірге аталған пәтерге кіріп, Рысқаливке алдын ала келісілген 5 миллион теңгенің 4 миллион 500 мың теңгесін пара ретінде берген. Адамов параны Рысқалиевке бергеннен кейін, оларды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері қылмыс үстінде ұстап алды. 

Рысқалиев өз іс-әрекетінің қылмыстық сипатын түсініп, өз еркімен тергеумен бірлесіп жұмыс істеуге және Хаменованың қылмыстық әрекеттерін әшкерелейтінін айтты.

2021 жылдың 10 желтоқсанында Рысқалиев Атырау облысы әкімдігінде Хаменовамен соның жұмыс орнында кездесіп, оның тапсырмасы бойынша «Балқыту» ЖШС директорынан 4 миллион 500 мың теңге көлемінде пара алғанын хабарлаған.

Өз кезегінде Хаменова өзінің қылмыстық әрекеттерін құқық қорғау органдарынан жасыру мақсатында Рысқалиевті көрші кабинетке апарып, онымен құпия әңгімелесуді жалғастырды. Әңгіме барысында өзінің әрекетінің заңсыздығын түсінген Хаменова өзінің қылмыстық әрекеттерінің әшкереленуінен қашып: «Екіні өзіне ал да, екі жарымды Жәнібекке беріп қой» деп 2 миллионды өзіне қалдырып, 2 миллион 500 мың теңгені «Облыстық халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру орталығы» КММ басшысы Аманиязов арқылы өзіне беріп жіберуді тапсырды - сөйтіп, Хаменова қылмыстық жолмен келген кірісті өзара бөлген.

Рысқалиев Атырау облысы әкімдігінің ғимаратынан шыққан соң Хаменова оны қайта шақырып алып, кеңес өтіп жатқанда өзіне қарай жақынырақ шақырып алып: «Сен манағыға өте сақ бол, артыңнан қарап жүрген адам көп» деп сыбырлады. Осылайша ол Рысқаливке пара ретінде алған ақшаға абай болу керектігін ескертті.

Сол күні сағат 17.00 шамасында Рысқалиев Хаменованың нұсқауымен Байжігітов көшесі, 86 а мекенжайындағы Аманиязовтың жұмыс орнына барып, параның бір бөлігін – 2 млн 500 мың теңгені апарып берді. Сол жерде кейін тінту кезінде осы қаражат табылып, тәркіленді.

Кейбір сыбайлас жемқорлық қылмыстарды қарау тәжірибесі туралы ҚР Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 27 қарашадағы № 8 нормативтік қаулысының 12-тармағына сәйкес, егер параны алуға осы қылмысты бірлесіп жасау туралы алдын ала сөз байласқан екі немесе одан да көп адам қатысса, пара адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен алынған деп есептеген жөн. Осы ретте, жедел-іздестіру шарасы аясында қылмыстық қудалау органдарының бақылауы кезінде пара алған сәттен қылмыс аяқталды деп есептеледі. 

Осылайша, Бақытгүл Хаменова лауазымды тұлға бола тұра, өзінің қызмет бабын жеке бас пайдасына пайдалана отырып, ҚР ҚК-нің 366-бабының 3-бөлігінің 2-тармағында ("Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен пара алу") көзделген ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған. 

Кәмелетке толмаған екі баласы бар екені қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жай болып табылады. Ауырлататын  – мемлекеттік қызметшінің 2020 жылғы 11 наурызда берген антын бұза отырып, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны.

Еске сала кетсек, Хаменованың айыптау қорытындысы 55 бет болды.

Бүгінгі отырыста сот Рысқалиевтен жауап алды. Жауап алу аяқталған жоқ, ертең де жалғасады. Сонымен қатар, Хаменованың адвокаттары оның бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыру туралы өтінішхат берді, бірақ судья бұл өтінішті қанағаттандырмады.

Нұрбейбіт НҰҒМАНОВ

Суретті түсірген автор 

12 тамыз 2022, 16:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.