Атырауда еріктілер Геолог ықшамауданы тұрғындары үшін спорт алаңдары кешенін салып жатыр. Әлеуметтік маңызы бар жобаны облыс пен қала басшылығы қолдап, 2 гектарға жуық жер телімін бөлді.
– Қала орталығында біраз спорт және түрлі ойын алаңдары болса, Атыраудың маңайында орналасқан аудандарда жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалмаған. Балықшы, Геолог ықшамаудандары және басқа да жерлерде балалар көлік жүретін жолдың бойында ойнауға мәжбүр, бұл өте қауіпті. Сондықтан біздің «А-41» командасы осы олқылықтың орнын толтыруды жөн көрді. Билік біздің ойымызды қолдап, Геологтан үлкен жер бөлді. Мұнда жастарға арналған үлкен «Болашақ» спорт кешені – футбол, баскетбол, воркаут алаңдары салынып жатыр, алдағы уақытта ағаш отырғызып, айналаны көгалдандыруды жоспарлап отырмыз. Біз қайырымдылық акциясын жариялап, қомақты қаржы жинадық, соған құрылысшыларды жалдадық. Шетте қалмай, көмектесіп, еліміздің болашағына үлес қосқан барлық қамқор азаматтарға – ірі компанияларға, кәсіпкерлерге, қарапайым тұрғындарға алғысымыз шексіз, – дейді жоба жетекшісі Алтынбек ҚҰБАШЕВ.
Команда алдағы уақытта өз жобасын аяқтауды жоспарлап отыр. Жақында футбол алаңына арналған көгал жеткізілді, воркаут алаңына бетон құйылып, сапалы құрал-жабдықтар алынды. Ендігі кезекте аумаққа әсем тас төсеп, жарықтандыру жұмыстары тұр. Ал қазан айында еріктілер айналаны көгалдандыруға кіріседі.
- Еріктілерге және оларға қолдау көрсеткендердің барлығына рахмет айтамын. Қазір демалыс кезеңі, балалардың қыдырып баратын жері жоқ, күні бойы қолдары бос, кейде тіпті соңғы аялдамада жиналып доп ойнайды. Басқа ойнайтын орын жоқ. Бізде де жастарға арналған спорт орталығы болатынына қуанып отырмыз, – дейді Геолог тұрғыны Серік аға.
Еріктілердің әлеуметтік жобалары Атырауда жақсы дәстүрге айналып келеді. Жуырда The One командасы Тұрғындар қалашығындағы саябақта отбасы құндылығын бейнелейтін «Жанұя шаңырағы» аллеясын ашты.
- Біз Атырауды өзгертіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартатын мұндай бастамалар жалғасын тапса екен дейміз, - дейді ерікті Виктория ИСТОМИНА. Оның үстіне әкімдік бөлген учаскеде әлі де бос орын бар, оны да тиімді пайдалануға болады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Сурет пен видеоны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ