Атырау, 28 сәуір 12:25
 ашықВ Атырау +25
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

«Тергеу аяқталды, ұмытыңыз»: Атырауда Алмаз Берекеновті атқан полицейдің ісі тоқтатылды

1 668 просмотра

Атырауда қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан Алмаз Берекеновтің өлімі бойынша қылмыстық іс қысқартылды.

Еске салсақ, ол 5 қаңтарда Атырау облысы әкімдігі ғимаратының артында басынан оқ тиіп, мерт болған. Ол сол күні Атырауда митингіге шыққандардың бірі – Алғабас ауылының қарапайым тұрғыны.  

Іс бойынша жәбірленуші Жанат БЕРЕКЕНОВА 27 қаңтар күні інісінің өліміне кінәліні тауып, шарасын алуды сұрап, полицияға арыз жазған. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша қозғалды. Істі Атырау облысы ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасының аға тергеушісі Даурен АЙДОСЫНОВ жүргізген. Іс Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабының 1-бөлігі 2-тармағы («Қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының болмауынан») бойынша 29 сәуірде қысқартылған. Жанат бұл туралы 21 маусым күні кешке бір-ақ білген. 

- Маған Полиция департаментінен істің тоқтатылғаны жөнінде 23 мамырда жазылған хат пошта арқылы үйіме 21 маусымда кешке келді. Мен ертесіне таңда тергеушіге телефон соқтым. Ол хаттың 16 маусымда жіберілгенін айтты. Мен одан істің тоқтатылайын деп жатқанын неге өзіме алдын ала хабарламағанын, қаулымен неге алдын ала таныстырмағанын сұрадым. Тіпті, інімнің қазасына кінәлі адам менімен, біздің отбасымызбен, туыстарымызбен кездескен жоқ, көңіл айтып келген жоқ. Полиция басшылары онымен кездестірсін. Неге ол ең болмаса кешірім сұрап келмейді? - дейді Ж. Берекенова.

Ол інісін өлтіру дерегі бойынша қылмыстық істің тоқтатылғаны жөнінде қаулының көшірмесін 23 маусым күні таңертең Полиция департаментінен барып алған. Оны алудың өзі оңай болмапты. 

- Қаулыны полиция департаменті басшысының орынбасары Байдосов Әділхан Теміржанұлына шығып, әрең алдым. Ол мені қабылдады. Оған да осы уақытқа дейін ұйымдастырып бере алмадыңдар, өзім сұрап алып отырмын деп айттым. Неге кінәлі адам кешірім сұрап келмегенін, неге бізбен кездеспегенін сұрадым. Алмаз әке-шешесіз қалғанымен, туыстары бар. Ол Алланың аманаты. Біз Алмазды үйлендіреміз деп отырғанбыз. Ол қайта-қайта кешірім сұрады, бізден қателік кетті деп қайталай берді. Басқа ештеңе деп жауап бере алмады, - дейді Берекенова. 

Оқ атқан полиция қызметкері қылмыстық іс бойынша күдікті емес, куәгер ретінде жауапталған. Жауап алу кезінде ол оның басын көздемегенін, тек солай қарай оқ атқанын, бірақ оқ қатты қаптамадан кері серпіліп, ұшып тигенін айтқан. Тергеуші Айдосынов Берекеноваға полицейдің «қорғалуға құқығы бар куәгер ретінде қатыстырылғанын және прокуратураның қаруды өзін қорғану үшін қолданғанын, оны заңды әрекет деп танығанын» айтқан.

Берекенова қаулыны заңсыз деп тану туралы және істің әділ өтуін талап етіп, прокуратураға арыз бермек. «Бірақ, қарға-қарғаның көзін шұқымайды, одан бір нәтиже болса жақсы, дегенмен мұны аяқсыз қалдырмаймын» дейді.

Айнұр САПАРОВА

27 маусым 2022, 10:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.