Атырау, 18 сәуір 19:30
 ашықВ Атырау +18
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

Құлсарыдағы қоқыс жәшігі пайдасыз қалды

Сурет
1 477 просмотра

Құлсарыда қыруар қаржыға алынған қоқыс салатын «ЭкоБин» жәшіктері тұрғындар игілігіне жарамай тұр. Ол үш жыл бұрын сатып алынған еді.

«АЖ» бұл жөнінде екі рет жазды. Жылыой ауданы әкімінің сол кездегі орынбасары Нұрлан Қондыбаев қоқыс жәшігін тасымалдайтын ауданда манипулятор жоқ деген еді. Содан бері ештеңе өзгермеді. Ал әкімдіктегілер балалар мысықты тірілей қамап тастайтын болғасын, жәшіктерді кілттеп тастауға мәжбүр болғанын айтады.

- Осыны көп қаржыға алды деп естиміз. Бұл бюджет қаржысын желге шашу ғой. Бұған жауап беретін адам бар ма? - дейді «АЖ»-ға хабарласқан құлсарылықтар. 

Еске салсақ, 2019 жылы қаладағы көп қабатты ықшамаудандардың ауласындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды тиімді жинау мақсатында 72 млн 742 мың теңгеге 81 дана «ЭкоБин» замануи үлгідегі қоқыс контейнерлері алынған болатын. Сол жылы ол жәшіктерді  мердігер «ЖайықЖарығы» ЖШС 49 жерге орналастырып, пайдалануға береді. Алғашқыда қоқыс жәшіктерін тапсырысшы -аудандық ТКШ бөлімі қабылдап алып, балансқа алған. Ал былтыр Құлсары қаласы әкімдігінің балансына көшті.

«АЖ» Құлсары қаласы әкімдігінен мынадай жауап алды: 

«Қазір Құлсары қаласы әкімінің аппараты “ЭкоБин” контейнерлерін пайдалануға беруге қаражат бөлу үшін сметалық құжаттама әзірледі. Бұл контейнердің артықшылығы: жылдам тазалау (төгу 5-6 минутты алады); қоқыс контейнерде өз салмағымен тығыздалады және осының арқасында сыйымдылық 15-20 пайызға артады; экологиялық тазалығы (контейнерлер қаңғыбас жануарлардың кіруін шектейді, қоқыс шашылмайды); жағымсыз иістің болмауы».

Керемет қой. Тек «Бұл «керемет» қашан халық пайдасына жарайды және желге ұшқан бюджет қаржысы үшін кім жауапты?» деген сұрағымызды ашық қалдырған.    

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

31 мамыр 2022, 09:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.