Атырау, 8 мамыр 23:30
 ашықВ Атырау +12
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Пайдаға аспай тұрған қоқыс жәшіктері

2 975 просмотра

Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы қыруар қаржыға алынған қоқыс салатын «ЭкоБин» жәшіктері екі жыл бұрын алынса да, тұрғындар игілігіне жарамсыз болып шықты.

2019 жылы қаладағы көп қабатты ықшам аудандардың ауласындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды тиімді жинау мақсатында 76 млн теңгеге 81 дана «ЭкоБин» замануи үлгідегі қоқыс  контейнерлері алынған болатын. Сол жылы ол жәшіктерді  мердігер «ЖайықЖарығы» ЖШС қаланың ішінде 49 жерге орналастырып, пайдалануға берді. Мұны тапсырысшы аудандық ТКШ бөлімі қабылдап, өз балансына алған болатын. Жергілікті мамандардың айтуынша бұл жәшіктің қарапайым жәшікке қарағанда артықшылығы – қоқыстар шашылмайды және жинақы күйінде болады. Десек те, жәшіктер әлі күнге тұрғындар игілігіне толық жарамай тұр.

- Бұл контейнерлерді әр жерге бір қондырып кетті, қақпағы да ашылмайды. Енді тұр қалқиып, пайдаға аспай. Бюджеттің қыруар қаржысы босқа кетті, - дейді жергілікті тұрғындар.    

Ал аудандық ТКШ бөлімінің басшысы Мереке ЗИНУЛЛИННІҢ осыған қатысты өз айтары бар:

- Тұрғындар үш жәшікті өртеп жіберді – не үшін? Жәшіктердің қақпағын ашық күйінде қалдырсақ, тірі мысық, ит салып қоятындар бар.

- Сонда да қазір бұл жәшіктер неге пайдаға аспай тұр?

- Неге, пайдаланып жатырмыз, «Экоқала» мекемесі қоқыстарды өз техникасының күшімен шығарып жүр.

Бірақ ТКШ бөлімі басшысы Зинулиннің сөзін Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан ҚОНДЫБАЕВ жоққа шығарды:

- Ішіндегі қоқыстарды дер кезінде шығармағандықтан олар шіріп жатыр. Өйткені ол жәшіктегі қоқысты үнемі шығарып тұру үшін арнаулы манипулятор сияқты техника керек. Ал ол біздің ауданда жоқ.  

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор


18 мамыр 2021, 09:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.