Атырау, 4 мамыр 08:43
 ашықВ Атырау +15
$ 444.14
€ 477.05
₽ 4.85

Атырау-Лаэти, ескі қаланың өзгеруі және «ұлы солтүстік жолы» туралы

1 551 просмотра

Биыл Жылыой ауданы Құлсары қаласының және Махамбет ауданы Сарайшық ауылының Бас жоспарына толықтыру мен өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Одан бөлек, Индербор кентінің оң жақ бөлігіне (1030 га) және Қызылқоға ауданы Миялы ауылының Ынтымақ мөлтек ауданына (425 га) егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары әзірленбек. Осы және басқа да мәселелер туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Гүлбаршын АРЫСТАНОВА хабарлады.

Оның айтуынша, 2016 жылы үкімет қаулысымен бекітілген Атырау қаласының Бас жоспары аясында жалпы ауданы 1700 га болатын екі аумаққа егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленген. Оның бірі - Талғайраң ауылы маңындағы 1400 гектар аумақ, екіншісі – ескі қаланың 300 га аумағы.

- Талғайраң ауылы маңындағы 1400 гектар аумаққа егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы 2018-19 жылдары әзірленді. Бұл қаланы солтүстік бағытқа қарай дамытуды көздейтін жоба екені белгілі. Биыл сәуірде өткен ономастикалық комссияның шешімімен бұл аумаққа «Болашақ» (жобалық атауы - Атырау-Лаэти) мөлтек ауданы деген атау берілді. Аумақта 540 көпқабатты тұрғын үй, 12 мектеп, 24 балабақша, 1300 жеке тұрғын үй салуға арналған алаңдар, әлеуметтік, мәдени және тұрмыстық мақсаттағы нысандар, аквапарк, бизнес орталығы, сауда ойын-сауық орталықтары, жаттығу залдары мен жабық бассейні бар спорт кешендері, жабық футбол манежі, серуендеу аллеясы, ойын аттракционы бар саябақтар, демалыс орындары және веложолдар, жасыл желекті аймақтар қарастырылған. Жобаланып отырған аумақта бір адамға орташа есеппен 30 шаршы метр қамтамасыз етілген тұрғын үйге 100 000 адам қоныстануға мүмкіндік бар, - дейді Г. Арыстанова

2020 жылы Талғайраң маңынан 62,2 га жерді игеру басталған. Мұнда 94 көпқабатты тұрғын үй (соның ішінде 70 үй бюджет есебінен; 24 үй – коммерциялық мақсаттағы) құрылысы қарастырылған, барлығы 8332 пәтер. 1200 орындық бір мектеп, әрқайсысы 280 орындық екі балабақша, бір емхана, бір дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу көзделген.

- Қазір 45 пәтерлік 24 үйдің құрылысы және  инженерлік инфрақұрылым жүргізіліп жатыр. Мектеп құрылысына тендер жарияланды. 9 қабатты 46 үйдің (5364 пәтер); екі балабақшаның  жобалау-сметалық құжаттамасы әзір, - дейді облыстың бас сәулетшісі.


ЕСКІ ҚАЛА ҚАЛАЙ ЖАҢА ҚАЛАҒА АЙНАЛАДЫ

Ескі қала бойынша 300 га құрайтын аумаққа егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы 2020 жылы әзірленді. Бас жоспарда 730 га аумақтағы ескі нысандарды бұзып, заманауи ғимараттар салу ұсынылған.

Еске салсақ, әңгіме қаланың орталық бөлігіндегі Бейбарыс даңғылы, Құрманғазы көшесі, Құлманов көшесі және Жайық өзені аралығында орналасқан ескі ғимараттар жайында.  

Г. Арыстанованың айтуынша, 1976 ескі ғимаратты бұзу жоспарланып, орнына 1132,9 мың шаршы метр 5-12 қатарлы заманауи 156 тұрғын үй салу ұсынылған. Бұл аумақта шамамен 56,3 мың адам қоныстанады деп жобаланып отыр. Оның ішінде жаңадан 45,3 мың адам қоныстанбақ.

- Аумақтағы болжамды бала санына сәйкес 9 балабақша (біреуі қолданыста бар); 7 мектеп (3  мектеп бар); балалар орталығы; емхана; Достық үйі; мәдени және демалыс орталықтары, спорт кешендері, мейрамхана, дүкен, саяжолдар мен жайлы алаңдар, саябақ, сауда-ойын-сауық орталықтарын салу ұсынылды, - дейді Г. Арыстанова.

Бұл аумақта мемлекеттік тізімдегі жеті нысаннан бөлек, ХІХ-ХХ ғасырларда салынған 18 ғимарат бар. Жоба бойынша осы нысандарды сақтау және оларды тарихи-мәдени мұра кешенін құру арқылы бір ансамбльге біріктіру ұсынылғаны да есімізде.  

Одан бөлек, жоба бойынша көлік ағымының өткізу қабілетін ұлғайту үшін бірнеше көшені кеңейту қарастырылған. Жайық жағасына шығатын жаяу жүргінші жолы салынады.

Бүгінде аумақты игеру жұмыстары басталып, 2000 орындық мектептің құрылысы басталған. Сонымен бірге, орталық саябақтың жобалау-сметалық құжаттамасы дайын екен. Құрылыс жұмыстарына тендер жарияланған. Ал, Достық үйінің жобалау-сметалық құжаттамасы әлі дайындалып жатыр.


ҰЛЫ СОЛТҮСТІК ЖОЛЫ

Г. Арыстанова транзиттік көліктің қалаға кірмеуі үшін ұсынылған солтүстік айналма жолдың құрылысы биыл басталатынын хабарлады. Әңгіме Талғайраң ауылының маңында солтүстік бағытта ұзындығы 27 шақырым айналма автомобиль жолы жөнінде. Ол үшін төрт жолақты жаңа жол мен Жайық арқылы өтетін көпір салынады. Айналма жол Атырау – Доссор трассасынан басталып, «Сасықсай» булану алаңын айналып өтіп, «Атырау – Астрахань» трассасына дейін жалғасады.

Осылайша, солтүстік айналма жолы Атырау-Астрахань және Атырау-Доссор, Атырау-Ақтөбе трассаларын жалғап, Атырау-Индер-Атырау-Орал трассасын кесіп өтеді.

Былтыр облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет ОРАЗҒАЛИЕВ солтүстік айналма жолды салу құны – 37 млрд теңге және құрылыс 2022 жылдан 2024 жылға дейін жалғасады деп хабарлаған болатын. Жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Өйткені айналма жол республикалық маңызы бар үш және облыстық маңызы бар бір автомобиль жолын жалғайды.

А.Оразғалиевқа хабарластық. Ол қазір жұмыс құны 35 миллиард теңгеге дейін түзетілгенін айтты. Жобалық-сметалық құжаттама дайын, мемлекеттік сараптамадан өтті, мердігерлер анықталды – бұл маңғыстаулық «Ақ жол құрылыс» ЖШС мен Әзірбайжанның «AzVirt» кәсіпорны. Қазір учаскеде топографиялық-геодезиялық жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Айнұр САПАРОВА

18 сәуір 2022, 12:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.