Атырау, 19 сәуір 16:33
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Ескі қала: бірі «көненің көзін сақтауды», енді бірі «өткеннен арылуды» қолдайды

Сурет
2 884 просмотра

Өткен жылы Атырау облыстық сәулет және құрылыс басқармасының шығындарына жергілікті бюджеттен 190 миллион 144 мың теңге бөлінді. Бұл туралы басқарма басшысы Гүлбаршын АРЫСТАНОВА брифингте мәлімдеді.

Оның айтуынша, оның 44 миллион 434 мың теңгесі басқару қызметін жүзеге асыруға (аппараттық қамтуға, жұмысшылардың жалақысына, демалыс ақысына, салықтарға, байланысқа, көлік қызметтеріне, кеңсе жабдықтарын жөндеуге және т.б.) жұмсалды. Қалған 145 миллион 710 мың теңге бас жоспар мен толық жоспарды қамтитын елді мекендердің қала құрылысы құжаттамасын дайындауға жұмсалды.

- Жалпы ауданы 1480 га болатын үш аумаққа қала құрылысы жобасының егжей-тегжейлі жоспары жасалды. Бұл Қызылқоға ауданы Миялы ауылының 480 гектар алаңдағы Береке ықшам ауданы, 700 гектар алаңдағы Сағыз ауылының Бірлік ықшам ауданы, сондай-ақ 300 гектар алаңдағы қаланың ескі бөлігі. Бұдан басқа, Махамбет ауданы Есмахан ауылының бас жоспары жасалды, - деді Г.Арыстанова.

Бүгінде біздің өңірімізде 155 елді мекен бар: бұл 2 қала - Атырау мен Құлсары, 4 кент - Индер, Мақат, Доссор және Жаңа Қаратон, қалғандары - ауылдар. Оның 127-сі бас жоспармен қамтамасыз етілген.

Әрі қарай облыстың бас сәулетшісі әр тармаққа жеке тоқталды. Махамбет ауданы Есмахан ауылының бас жоспарына сәйкес, мұнда ауыл шаруашылығын, өсімдік шаруашылығы мен егін шаруашылығын одан әрі дамыту, мал басын көбейту, жылыжай салу жоспарланған. Сондай-ақ, халық санының өсуіне байланысты сәулетшілер ауылдан қосымша әлеуметтік нысандар - мектеп, балабақша, фельдшерлік акушерлік пункт және т.б. салуды ұсынады.

Толық жоспарға сәйкес, Қызылқоға ауданы Миялы ауылының Береке ықшам ауданында үш қабатты 6 тұрғын үй мен жеке тұрғын үй құрылысын, мәдени-тұрмыстық нысандарды, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын (жанармай бекеттері, кафе және дәретханалар), сондай-ақ, демалыс аймақтарын - саябақтар мен аллеялар салу ұсынылды. Бұдан басқа, халық санының өсуіне байланысты 6 балалар үйі, жалпы білім беретін 2 мектеп және 1 мектеп-интернат салу ұсынылды. Жоба Миялы ауылының солтүстік-шығыс бөлігіне арналған.

Келесі егжей-тегжейлі жоспар Қызылқоға ауданының Сағыз ауылындағы Бірлік ықшам ауданына қатысты. Халық санының өсуіне байланысты мұнда жалпы білім беретін 2 мектеп пен 4 балабақша, сондай-ақ, Мәдениет үйлерін, спорт кешендерін, жеке бизнес нысандарын, стадион, спорт залдарын, жабық бассейні бар спорт кешенін салу ұсынылады.

Қала құрылысының тағы бір егжей-тегжейлі жоспары – 300 га алаңдағы Атырау қаласының ескі бөлігі. Бұл аумаққа Бейбарыс даңғылы, Құрманғазы, Құлманов, Тайманов, Молдағұлова, Досмұхамедов көшелері және Жайықтың екі жағасындағы жер учаскелері кіреді.

Естеріңізге салсақ, Атырауда ескі қаладағы үйлерді 2017 жылдан бастап 2029 жылға дейін 12 кезеңге бөліп күреу жұмыстары жалғасуда.

Жоба бойынша 228 мың шаршы метр жер учаскесіндегі 1976 тұрғын үйді күреу жоспарлануда. Бұл үйлер негізінен жеке секторда орналасқан. Айта кету керек, бүгінде 18 гектар алаңдағы тұрғын үйлер күрелді.

Ауданы 1 млн 133 мың шаршы метр болатын осы учаскенің орнына сәулетшілер 5-9-12 қабатты 156 тұрғын үй кешенін салуды ұсынды. Ол жерге 56 мың адамды қоныстандыру жоспарланып отыр.

Бұдан басқа, жоба бойынша саябақ аймақтарын («Арбат», аллеялар мен жаяу жүргіншілер аймағы) салу, сондай-ақ 19 және 20 ғасырлардағы нысандарды қалпына келтіру және жаңғырту арқылы тарихи-мәдени мұралар кешенін құру және оларды бір ансамбльге біріктіру ұсынылады.

- Біз бұл нысандарды күреуге ұсынған жоқпыз, өйткені бұлар тарихи ғимараттар әрі сәулет тарихы ғой. Осы ескі ғимараттарды қалпына келтіретін меценат табылар деп үміттенеміз, сонда біз Орал қаласы сияқты боламыз. Мүмкін бір-екі жылда болмаса да, мұндай адамдар табылып қалар, - деді Арыстанова кейінірек телефон арқылы. - Біз де әлеуметтік желіні қараймыз, жергілікті тұрғындардың сәулетке қатысты реакциясын бақылаймыз. Әрине, пікірлер әртүрлі - біреулері бұл ғимараттарды күреуге қарсы болса, енді бірі мұны қолдайды. Егер менің жеке пікірімді сұраса, мен бұл ғимараттарды сақтап қалуды қолдаймын.

Бұдан басқа, ескі қалада көшелерді кеңейту қарастырылған, ал шығыс бөлігі демалыс аймағына арналған. 7 балабақша мен  жалпы білім беретін 6 мектеп және 1 емхана, сондай-ақ, ірі мәдени-тұрмыстық нысандар: Достық үйі, мәдени орталықтар, сауда ойын-сауық орталықтары мен спорттық нысандар салу жоспарлануда. Бүгінде Достық үйінің жобалық-сметалық құжаттары дайын - енді құрылысты қаржыландыруды күтіп отыр.

Айнұр САПАРОВА

13 қаңтар 2021, 11:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.