Атырау, 24 сәуір 10:09
 ашықВ Атырау +27
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Ескі қала жаңаратын болды

4 656 просмотра

Қаланың егжей-тегжейлі бас жоспарына сәйкес, қаланың көркін кетіріп тұрған 750 гектар алаңда орналасқан ескі жеке тұрғын үйлер бұзылып, орнына жаңа заманауи көпқабатты тұрғын үйлер бой көтермек. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен брифингте Атырау облысы сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысы Гүлбаршын АРЫСТАНОВА хабарлады.  

Бұдан басқа, оның айтуынша, Талғайраң ауылы маңынан 2018 жылы 100 гектарға және 2019  жылы 1300 га жерге егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы жасақталып, онда 540 көпқатарлы тұрғын үй салу ұсынылып отыр. Бүгінде 24 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Тағы да 46 үйдің жобасы, 280 орындық 2 бала-бақша және 900 орындық мектептің жобасы дайын тұр

Жобаға сәйкес, қаланың құрамына 18 ауыл, соның ішінде, қала маңындағы 16 елді мекен (Балықшы, Жұмыскер, Рембаз, Ракуша, Ақжайық, Водников, Көкарна, Құрсай, Геолог, Бірлік, Новокирпичное (Береке), Томарлы, Ақсай, Ақжар, Талғайраң селолары, Теңдік разъезді) және Махамбет ауданының 2 ауылы (Алмалы, Береке) енгізіліп, облыс орталығының  аумағы 16 566 гектардан 45 871 гектарға дейін ұлғаяды.

Бұдан бөлек, қалада екі көпір құрылысы жоспарланған. Оның бірі - Ақтөбе-Атырау және Атырау-Астрахань тас жолдарын жалғайтын Талғайраңдағы солтүстік айналма жол құрылысы жобаланған.

Арыстанованың айтуынша, бұл жобада айналма жолды Жайық өзені арқылы жалғайтын көпір өткелі, 4 жол айырымы қарастырылған. Қазір жобалау-сметалық құжаты жасақталып жатыр.

- Жоба өңірдің транзиттік әлеуетін арттырып, ауыр жүк көліктерінің қозғалысын реттеуге мүмкіндік береді. Жүк көліктері қалаға кірмей, сырт жақпен өтеді, - дейді Арыстанова.  

Екіншісі - Алмалы ауылы мен қаланы жалғайтын өзен үстімен өтетін көпір болмақ. Бұдан бөлек, қаланың бас жоспары бойынша, мұнай және мұнай өнімдеріне арналған вагондарды жөндеумен және жуумен шұғылданатын кәсіпорындарды Теңдік станциясы аумағына көшіру ұсынылған.

Қаланың ескі бөлігінің (300 га) егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, Бейбарыс, Құрманғазы, Тайманов, Молдағұлова,  Досмұхамбетов көшелерінде орналасқан тозығы жеткен ескі 1976 үйді бұзу жоспарланып, орнына 5-12 қатарлы заманауи 156 тұрғын үй салу ұсынылған.

- Мемлекеттік тізімдегі объектілерден басқа, жобалау аумағының бұл бөлігінде ХІХ-ХХ ғасырларда салынған ғимараттар мен құрылыс объектілерін сақтау және оларды тарихи-мәдени мұра кешенін құру арқылы бір ансамбльге біріктіру ұсынылды. Бұдан басқа, осы жерде мәдени-тұрмыстық ірі нысандар орналастыру жоспарлануда: 7 балабақша; 6 мектеп, емхана, Достық үйі, мәдени орталық, спорт нысандары, сауда-ойын-сауық орталықтарын салу ұсынылып отыр. Бұл нысандар тек жобаланатын аумақтың тұрғындарына ғана емес,  барлық қала тұрғындарына қызмет көрсетеді, - дейді Арыстанова.

2018 жылы Нұрлан Ноғаев облыс әкімі болып тұрғанда Исатай ауданы Забурын ауылдық округында Каспий теңізі жағалауынан балаларға арналған оқу-сауықтыру лагерін салу жоспарланғаны айтылған болатын. Бұдан басқа, ол жерден 300 га жерге демалыс аймағын (қонақ үйлер, демалыс орын, балалар ойын алаңы, спорт алаңы, ашық және жабық бассейндер,  парк) салуды ұсынған. Жоба құны - 72 млрд теңге. Алайда, бұл жоба әлі күнге дейін жоба күйінде қалып тұр.   

Айнур САПАРОВА

28 сәуір 2021, 15:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.