Атырау, 24 сәуір 15:31
 ашықВ Атырау +19
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Карантиннің басталғанына жыл толды

3 118 просмотра

Былтыр 16 наурызда Қазақстанда төтенше жағдай, тиісінше, қатаң карантин енгізілді. Соңғы кездері шектеулер едәуір жеңілдетілді, бірақ карантиннің бір жылдығын атап, оның шарықтау шегіне жеткенін еске түсірейік.

Базар, банкет залдары мен сауда орталықтары жаппай жабылды. Кәсіпорындар мен ұйымдар уақыт бойынша және қызметкерлер саны бойынша шектеумен жұмыс жасады. Көп адам күтпеген жерден табыссыз қалды. Басылым жүргізген сауалнамаға сәйкес, жауап алушылардың 32%-ы жұмысынан айырылды, 43%-ының кірісі күрт төмендеп, сауал бергендердің төрттен біріне ғана бұл айтарлықтай әсер етпеген.

42 500 ТЕҢГЕНІ БӘРІ АЛА АЛМАДЫ

Үкімет кірісін жоғалтқандарға 42 500 теңге (95 АҚШ доллары шамасы) төлейтінін жариялады. Жалдамалы жұмысшылар мен шағын қызмет көрсетіп, табыс табатын адамдар үшін жәрдемақы алу қиынға соқты. Оларға өзін жұмыспен қамтушы ретінде көрсетіп, Бірыңғай жиынтық төлем төлеуге тура келді. Жұмыс берушілер міндетті жарналарды уақытында төлемегендіктен қызметкерлер өздеріне тиесілі төлемсіз қалған жағдайлар көп болды.

11 мамырда төтенше жағдай жойылды, бірақ карантин мен оған байланысты шектеулер сақталды. Көп ұзамай үкімет қаржылық жүктемені жұмыс берушілерге артуды ұйғарып, жұмыстың тоқтап қалғаны үшін өз жұмысшыларына ақы төлеуге міндеттеді. Орындалмаған жағдайда әр қызметкері үшін шағын бизнеске 60 АЕК (166 680 теңге), орта бизнеске - 100 АЕК (277 800 теңге), ал ірі бизнеске - 150 АЕК (416 700 теңге) көлемінде айыппұл саламыз деп қорқытты.

Кәсіпкерлер үкімет осылайша ШОБ-ты жоюды ұйғарып отыр деп санады. Сәуір айында, біздің сауалнама мәліметтеріне сәйкес, отбасылардың 61%-ына тамақ алуға ақшалары жетпеді.


БАЗАРЛАРДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚТАР

Үш ай карантиннен кейін Құлсары қаласында сауда өкілдері шектеулерге қарсы өз наразылығын білдірді. Олар Махамбет орталық даңғылын жауып тастап, «Карантинді тоқтатыңдар!», «Базарды ашыңдар!» деген жазуы бар плакатты қолдарына ұстап шықты. Атырауда базар қызметкерлері тамыздың ортасына дейін шыдады, ал «Дина» базарының жанындағы аяқасты наразылық жиынына санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің базардың ішінара ашылуына ғана рұқсат бергені себеп болды.

- Наурыз айынан бері балаларымыз аш отыр. Нан алатын ақшамыз жоқ. Жұмысқа шықпасақ та, ай сайын салық пен жалдау ақысын төлеп отырмыз. Біздің ақшамыз да қалған жоқ! Неге қарапайым халықты ойламайсыздар? Жартысына рұқсат беріп, жартысына берілген жоқ. Логика қайда? – дейді саудагерлер ашынып.

Біртіндеп сауда нүктелерінің қызметі реттелді, бірақ әлі күнге дейін базарлар мен сауда орталығындағы бутиктердің жексенбі сайын жұмыс істеуге құқығы жоқ.


ЖАБЫҚ МЕЙРАМХАНАЛАР ЖӘНЕ ҚҰДАҒАЙ АТАНҒАН РЫМБАЕВА

Банкет залдарының иелері бұдан да қиын жағдайға тап болды, өйткені олардың қызметіне әлі рұқсат етілген жоқ. Өткен жылы қазан айының соңында мейрамхана иелері әкімдік жанына жиналып, билікке өз проблемасын жеткізген еді: олар алда болатын салтанатты шаралар үшін клиенттерден алдын-ала алған төлемді қайтаруға мәжбүр болған, барлығының коммуналдық қызметтер үшін қарыздары, несие бойынша міндеттемелері бар.

Облыстық әкімдік пен санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің өкілдері оларға ашуға әлі ерте екенін, коронавирус әлі де қауіпті екенін түсіндірді. Дегенмен, біздің халыққа салтанатты шараларды кең көлемде өткізуге, жұма күндері көңіл көтерулеріне ешқандай тыйым кедергі болмады.

Тіпті, отандық эстраданың аңызға айналған жұлдызы Роза РЫМБАЕВАҒА да қалыңдықты ұзату кезінде түсірілген суреттерге түсініктеме беруіне тура келді: жерлесіміз, «Асыл» тобының әншісі Ақерке БҮРКІТБАЙ оның ұлы Әли ОҚАПОВҚА тұрмысқа шыққан еді.

- Бұл жай құда түсу ғана, тума-туыстар жиналған, барлығы 20 адам болды. Сол құда түсуде біреу суретке түсіріп, таратып жіберген. Карантинге байланысты той жасамадық. Бұйыртса, ол күн де келер, - деп мойындады Роза Рымбаева.

Мониторинг топтары тынымсыз жұмыс істеді, бірақ карантин режимін бұзғандардың бәрін тіркеп үлгермеді. 2020 жылдың 24-25 қазанындағы бір ғана демалыс күнінде Атырау облысында отбасылық үлкен шара өткізген 70 жағдай анықталды. Астыртын үйлену тойлары мен басқа да мерекелік шара өткізу бойынша «көшбасшы» үштігіне Атырау қаласы, Жылыой және Қызылқоға аудандары кірді. Әлеуметтік желіде қонақтарды ас үйдің артқы есігінен мейрамханаға кіргізіп жатқаны туралы бейнежазбалар тарады. Карантин режимін он шақты рет бұзған «Рыба моей мечты» караоке-барының аты шықты.

Жалпы, газетіміз жүргізген сауалнамаға сәйкес, жауап берушілердің 73%-ы салтанатты шараны үйде, ысырапсыз және қарызға кірмей-ақ өткізуге болады деп санайды.


ҚИҒАШ АЛҚАБЫНДАҒЫ СҰЛУЛЫҚ

Түсінікті себептерге байланысты біз де өткен жазда демалысқа шыққанда проблемалар туралы ұмыта алмадық. «Сіздің жазда басқа жаққа барып демалуға қаржылық мүмкіндігіңіз бар ма?» деген «AЖ» сұрағына жауап берушілердің 86%-ы «жоқ» деп жауап берді.

Карантинге және шектеулі бюджетке байланысты облыс тұрғындары өз өңірінен демалатын жер іздей бастады. Анадолы жағалауының орнына әлеуметтік желіде Индер ауданында орналасқан Тұздыкөлдің суреттері тарап кетті. Адамдар көлге қарай ағылып, бұл көлге баруға уақытша тыйым салуға себеп болды.

Тұмса табиғат, құстар мен жануарлардың көптігі, саф ауа, ең бастысы лотос алқабы Құрманғазы өңіріндегі Қиғаш өзенінің атырауын тартымды жерге айналдырды. Бірақ мұнда да көңіл жабырқатар жағдай орын алды. Қызыл кітапқа енген гүлге тамсанған кейбір туристер оны ескерткіш ретінде жұлып алып, сол үшін олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


МҰНДАЙ ҰБТ БҰРЫН-СОҢДЫ БОЛМАҒАН ЕДІ 

Карантин енгізілгеннен кейін бірінші болып білім беру жүйесі шара алуға кірісті. Балаларды көктемгі демалысқа әдеттегіден бір аптаға ерте жіберді. Сол оқу жылы мектепке балалар содан қайта оралмады, қашықтан оқи бастады. Алыс аудандарда тұратын мектеп оқушылары үшін бұл көп қиындық туғызды. Мәселен, Мақат ауданының Ескене және Таскескен ауылдарының балалары бұл жерде мобильді байланыс нашар жұмыс істейтіндіктен үйлерінің төбесіне шығып, сонда отырып бірнеше сағат сабақ оқуға мәжбүр болды. Тіпті ҰБТ-ға дайындық та, ҰБТ мен КТ-ға (мектептер мен колледждердің былтырғы түлектерге арналған кешенді тестілеу) қатысу үшін құжаттарды қабылдау да сол онлайн-форматта өтті. 

Пандемияға байланысты тестілеу кезінде бұрын-соңды болмаған қауіпсіздік шаралары алынды. Барлық талапкерлер санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың 5 кезеңінен өтті: зарарсыздандырғыш тоннель, зарарсыздандырғыш алаша, дене температурасын тексеру, масканы ауыстыру және қолға антисептик шашу. Ата-аналарды тестілеу орталығы аумағына кіргізбеді, бірақ, олар арнайы сілтемелер арқылы процесті онлайн-режимде бақылауға мүмкіндік алды. 

Білім және ғылым министрлігі ҰБТ-2020 тапсыруға ниет білдіргендер саны рекордтық көрсеткішке жеткенін атап өтті. Бәлкім, бұған шекаралардың жабылуы әсер еткен болар. Біреулер шетелдегі жоғары оқу орындарына тікелей тапсыруға тәуекел етпеген болар. Студенттер жоғары білімді қашықтан алып жатыр. Олар өз мамандығы бойынша практикалық сабаққа сирек қатысады. Балабақшаларда бір топқа 15 баладан артық алмайды. 

Жаңа оқу жылынан бастап 1-4 сыныптардың оқушылары кезекші сыныптарға бара бастады. Тамыздың аяғында шенеуніктер облыста компьютерлік техникаға 16 693 оқушы мұқтаж екенін мәлім еткен болатын. Оған қоса, қыркүйекте оқушыларды қашықтан оқуға арналған қажетті компьютерлік техникамен қамтамасыз етеміз деп уәде еткен еді. Ал іс жүзінде әкімдік уәде еткен қашықтан оқуға арналған жаңа ноутбук пен компьютерлер екінші тоқсанның аяғында келіп, үлестірілген болатын. Үлестірілген қытай планшеттерінің бір бөлігі сапасыз болып шықты. Еске салсақ, оқушыларға арналған техниканы сатып алуға 3 млрд теңгенің үстінде қаржы бөлінді: 555 млн жергілікті бюджеттен және 2,9 млрд теңге республикалық трансферт есебінен. Міне, осы кезде сандар мен сомаларда сәйкессіздік анықталды: мемлекеттік сатып алу порталында 16 079 ноутбук жеткізілген деп тұр, ал білім беру басқармасының есебінде 18 039 ноутбук делінген. Айырма сомасы– 316 млн теңге. «АЖ» бұл жөнінде білім беру басқармасына сауал жолдады. Әлі күнге дейін жауап жоқ. 

 

ТЕМІР ТОРҒА ҚАМАЛҒАНДАЙ

Пандемия мен экономикалық дағдарыс тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өршіп кетуіне алып келді. Агрессияға бейім адамдар үшін күнделікті табыстан айырылу және қозғалысты шектеу қосымша қоздырушы факторларға айналды. Олар өз ашуларын қасындағы туғандары мен жақындарынан алды. Мысалы, Нұрсая ықшам ауданының тұрғыны полицияға үнемі отбасылық жанжал шығарған күйеуінің үстінен 15 рет шағым түсірген. Бір атап өтетіні, ол «102»-ге шарасыз күйге түскенде ғана хабарласқан. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары балаларымен бірге басқа барар жері болмаған соң «Аналар үйі», Алмагүл ықшам ауданындағы «Дағдарыс орталығына» орналасты. 2020 жылдың 16 наурызынан бастап карантинге байланысты бұл мекемелер де жаңа қоныстанушылардан бас тартуға мәжбүр болды.

Өмірдің қиын жағдайына тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру (ресоциализация) орталығы да өз есігін жаңа қоныстанушылар үшін жапты. Ал оны басқа орталықтардың ішінде ең «демократиялы» деп атауға болады. Онда тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдар, бұрынғы сотталғандар және қонатын жері жоқтар да келген еді. 

 

ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚТАР

Полицейлердің айтуынша, пандемия кезінде алаяқтардың интернеттегі белсенділігі күшейді: адамдар ауруды жұқтырып алудан сақтанып, дүкенге бармай, барлық тауарлар мен қызметтерге онлайн тапсырыс беруге тырысты. Алаяқтар да қымбат ұялы телефондарды сатушы және көрікті аудандардан жылжымалы мүлікті жалға беруші роліне енген. Бағаны нарықтағыдан төмен ұсынады. Осыған ұқсас схема бойынша тартымды бағамен жақсы жөнделген баспананы жалға ұсынады. Әккі алаяқтар жұмысқа орналастырып береміз деп те шынайы өмірде де, виртуалды кеңістістікте де ойларын іске асырып жүр.

Бірақ, алаяқтар көбіне-көп адамдардың тез байып кетсем екен деген тілегі секілді әлсіздігін пайдаланады. Олар аңқау адамдардың ақшасын аз уақыттың ішінде айналымға салып көбейтіп, алғашқы салымға көп ақша қосып қайтарып беремін деп оларға уәде береді. Сенгіш адамдар аферистерге ақшаны, табысты сонда аударамын деп уәде еткен төлем карточкаларының мәліметтері мен номерін жібереді. Ал әлгілер банктен өз құрбандарының атына кредит алады. Сөйтіп, оларды бір емес, екі рет алдайды. Яғни, алданып қалғандар «айналымға жіберген» ақшаларынсыз қалады және мойындарына қарыз ілінеді. 

 

ОҢ ТҰСТАРЫ ДА БОЛҒАН ЕКЕН

Карантиннің күшейтілген режимі кейбір жағдайларда оң әсерін де беріп жатты. Полиция департаментінің ақпаратына сәйкес, карантиндік шаралар енгізілгеннен кейін Атырау облысында жол-көлік оқиғалары кәдімгідей азайған: 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында 134 ауыр жол-көлік оқиғасы болып, онда 29 кісі өлімі мен 195 адам жарақат алған. Ал 2020 жылдың дәл сол кезеңінде бұл сан 97, 22 және 90-ге азайған. Екінші жартыжылдықта оң динамиканы сақтап тұруға «ақылды» «Сергек» бейнебақылау жүйесі де ықпал еткен. Оны қосқан сәттен бастап жол-көлік оқиғасының саны 27 пайызға төмендеген. 

Сонымен қатар, карантин күшейтілген кезде Атырау облысында баланың туу көрсеткіші көбейді. 2020 жылдың 1 наурызынан қазанның аяғына дейін облыста 11 794 бала дүниеге келді. Бұл алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 538 балаға көп. Еске сала кетейік,  пандемия кезінде облыстық перинаталды орталықта 30 керуеттік провизорлық стационар, ал қалалық перинаталдық орталықта 8 кереуеттік провизорлық стационар ашылған. Ол жерде КВИ диагнозы расталған әйелдер босанды. Жаңа туған нәрестенің ешбіреуінен де инфекция табылған жоқ. 

Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА

5 наурыз 2021, 16:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.