Бүгін, 5 маусымда, таңертең Құлсары қаласында жүздеген жылыойлық кәсіпкер аудан әкімшілігі ғимаратының алдына жиналып, карантин режиміне қарсы наразылық танытты.
Жиналғандар орталық Махамбет даңғылы бойындағы жолды бөгеп тастады. Олар «Карантин тоқтатылсын!», «Базар ашылсын!» деген жазуы бар плакаттарды ұстап тұрды.
Еске сала кетсек, коронавирусты ауданда 43 адам жұқтырып, аурушаңдық деңгейі күрт өсуіне орай, карантин режимі маусымның 18-не дейін ұзартылған болатын.
-Өлеміз бе, қайтеміз. Ешқандай тіршілік қалмады. Үкіметтен ең болмаса жәрдемақы да жоқ. Сонда қалай күнелтеміз? Жұрттың көбі осы базармен күнелтіп отыр. Осыны неге ойламайды, жұмыс орындарын ашсын, - деп айқайлап жатты жиналғандар.
Жиналғандардың алдына Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Әнуар ШӘКІРОВ пен Құлсары қаласының әкімі Ернар ЫСМАҒҰЛОВ шықты.
-Біз қазір ғана ауданның бас санитары Талғат Хабибуллинмен сөйлестік, ол Теңіз кенішінде. Сағат 15.00-де сіздермен онлайн режимде тікелей эфирге шығып, облыс басшылығымен сөйлесе, ақылдаса отырып, карантин режиміне сәйкес жасалынған қаулыға өзгеріс енгізіп, Сіздердің талаптарыңызды ескеруге жұмыстанатын болады. Ертеңнен бастап қалыпқа келеді, - деді аудан әкімінің орынбасары Ә.Шәкіров.
-Бүгін ашсын, әйтпесе біз бұл жерден кетпейміз! Бас санитариялық дәрігер байланысқа шыққанша күтеміз! – деп жауап беріп жатты көпшілік. Ешкімнің ол жерден кететін ойы жоқ.
Мақалаға қосымша хабар жарияланатын болады.
Алдында облыс әкімінің баспасөз қызметі төмендегідей хабарлама жариялаған болатын.
"Құлсары қаласында бір топ шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері жергілікті әкімдік алдына жиналып, өз талаптарын қоюда. Олардың басты талабы — базарлар мен сауда орындарын ашу.
Жылыой ауданының бас санитариялық дәрігері Т.Хабибуллиннің қаулысына сәйкес, 18 маусымға дейін карантин ұзартылған еді. Аталған қаулыға сай, коронавирус дертінің таралып кетпеуі үшін азық-түлік сатпайтын сауда орындары мен базарлардың жұмыс істеуіне рұқсат берілмеген болатын.
Бұл шешім аудандағы коронавирус инфекциясын жұқтыру ахуалына байланысты қабылданды. Соңғы мәлімет бойынша, Теңіз кең орнында 1013 коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы тіркелсе, ауданның елді мекендерінде 43 жағдай анықталды. Оның 33-і Құлсары қаласынан шықты. Атап кетерлігі, науқастардың екеуі күні кеше қайтыс болды.
Қазір Құлсарыда жиналған кәсіпкерлермен мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олардың арасында Жылыой ауданының әкімі мен ауданның Бас санитариялық дәрігері де бар.
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің тапсырмасымен Құлсары қаласына оның бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев аттанды".
Кейін «АЖ» тілшісіне әкімдік алдына шыққан құлсарылықтар хабарласты. Олардың айтуы бойынша, қалаға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВ келіп, кездесу үш сағатқа созылған. Олардың ең басты талаптары - базарды ашып, автобустарды іске қосу.
-Біз карантинді ұзартқанның кесірінен қандай күйге тап болғанымызды жеткіздік. Ақыры, егер коронавирусқа байланысты жағдай ушығып кетпесе, 10 маусымда базарды ашуға, сонымен бірге автобустарды да біртіндеп қосуға уәде етті. Егер біздің талаптарымыз орындалмаса, онда тағы наразылық білдіргеннен басқа амалымыз қалмайтынын жеткіздік.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Куәгерлер ұсынған суреттер пен бейнежазбалар