Атырау, 6 мамыр 13:27
 ашықВ Атырау +14
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

«Шырқы бұзылған» кеш және басқа да түнгі хикаялар

Сурет Бейнежазба
4 418 просмотра

Атырау полиция қызметкерлері бұрын карантин талаптарын бірнеше рет бұзған «Рыба моей мечты» караоке-бары мен «Endnestimz» лаундж-барына рейд өткізді. Атырау облысының бас санитар дәрігерінің қаулысын бұзып, бұл жолы да осы мекемелер сағат 22.00-ден кейін ашық болды, іші келушілерге лық толы. Толығырақ «AЖ» материалында. 

ТАҢ ҚАЛЫП, АШУЛАНДЫ

Полиция қызметкерлері кешкі сағат оннан кейін қозғалды. «Еndnestimz» лаундж бары жаңадан салынған «Zaman» тұрғын үй кешенінде орналасқан. Бардың алдында көліктің қарасы көп. Адамдар емін-еркін кіріп-шығып жатыр. Тіпті кейбіреулері есік алдында шылымдарын шегіп, кері ішке кіріп кетеді.

Айта кету керек, бұл барға алдын-ала мекеменің сайтына тіркеліп, шақырту алған соң ғана кіруге болады.

Осындай шақыртуы бар қыздар кіріп бара жатқанда, полиция қызметкерлері де барға бірге кіріп кетті. Залда адам көп, қорқордың түтіні, даңғырлаған әуен...

Бардағы бір үстел туған күн тойласа, екінші қабаттағы қыздар құрбыларының тұрмысқа шығайын деп жатырғанын атап өтіп жатыр екен. Құрбылары қалыңдық көйлегімен отыр.

- Біздің коронавирус бойынша «қызыл» аймақта екенімізді білесіздер ме? - деп сұрады полиция қызметкері келушілерден. Кейбіреулер білемін деп жауап берді, басқалары бұл туралы бірінші рет естіп тұр екен.

Бардың әкімшілігі бастапқыда полиция қызметкерлернің әрекеті заңсыз екенін дәлелдеуге тырысты, алайда өздеріне түсініктеме жазуға тура келді.

Шыға бергенімізде, мас жас жігіт полиция қызметкерлеріне жақындап, тіл тигізді. «Тентекті» достары алып кетті, әйтпесе ол алдағы түнді қамауда өткізген болар еді.

Осылайша «Endnestimz» лаундж барына кезекті айыппұл салынатын болды.

Полиция жергілікті билікке карантин талаптарын әлденеше рет бұзған көңіл көтеретін орындардың лицензиясынан айыру туралы ұсыныс та дайындайды.

Баяғыдан солай жасау керек еді. Жақында ғана облыс әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ кәсіпкерлер карантин шарттарын бірнеше рет бұзған жағдайда лицензияны кері қайтарып алу керек деп мәлімдеген болатын. Бірақ бұған жете қойған жоқ. Ал тәртіп бұзушыларға салынатын айыппұл қорқынышты емес сияқты.    

«ТУҒАН КҮНІМДІ БҰЗДЫҢДАР ҒОЙ!»

«Рыба моей мечты» караоке бары карантин талаптарын әлденеше рет бұзған. Қазіргі көрініс те сондай: ғимарат алдында көлік көп, іші де бос еместігі анық. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, караоке-бар әкімшілігі сыртқа көрінбей, естілмейтіндей етіп терезелердің барлығын қараңғылап, тіпті, дыбыс өткізбейтіндей жасап қойған.

Тағы бір қулығы: келушілер сағат кешкі онға дейін караокенің алдымен, одан кейінгі уақытта артқы қақпадан кіреді екен. Өзінің туған күніне келе жатырған қызбен бірге полиция қызметкерлері де артқы есіктен кіріп кетті. Есік алдындағы күзетші полиция қызметкерлерін кіргізгісі келмеді, тіпті, біреуін итеріп жіберді. Оны ұстап, полиция көлігіне отырғызды.

Бұл жер де келушілер көп. Кейбірі түсірілімге қарсы болып, қызметтік куәлікті көрсетуді талап етсе, VIP-бөлмелердегілер есігін ашудан бас тартты.

- Неге адам сияқты демалуға болмайды? Туған күнімді бұздыңдар ғой! – деп ашуланып, әлгі туған күн иесі караокеден шығып кетті.

Асқар есімді басқарушы жігіттің айтуынша, ол караоке бардың бүгін кешкі оннан кейін жұмыс істейтінін білмеген, өйткені тек персоналды тасумен айналысады екен.

- Демек, бүгін өздері ақша табуды ұйғарған ғой, ал мен бұл туралы білмедім, қазір ғана көріп отырмын, - дейді полиция қызметкерлеріне телефонға түсіріп жатқан Асқар түсіндіріп.

Карантин режимін бұзу туралы әкімшілік материал одан әрі шара алу үшін қалалық СЭС-ке жолданады. 

«БАРЛЫҒЫН ТЕКСЕРЕМІЗ»

- Мұндай рейдтер күн сайын жүргізіледі. Мейрамханалар мен кафелер ғана емес, бүкіл сауда орталықтары, сұлулық салондары, азық-түлік дүкендері және басқа да бизнес нысандары тексеріледі, - дейді Атырау ҚПБ басшысының бірінші орынбасары Ерлан БИҒАМБАЕВ. - Әрине, рестораторлар полиция қызметкерлеріне ренжиді, тіпті, кейбіреулері кедергі келтіруге тырысады. Бірақ одан пайда жоқ екенін түсіну керек. Біз біреудің бизнесіне кедергі жасайын деп емес, коронавирустың таралуын болдырмауға тырысатынымызды түсіну керек.

5 маусымнан бастап мониторинг топтары 6 мыңнан астам тексеру жүргізгенін, 16 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектілері тексерілгенін атап өткен жөн. Нәтижесінде 2 мыңнан астам әкімшілік материал толтырылды, жалпы сомасы 86 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды.

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

21 желтоқсан 2020, 14:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.