Атырау, 6 мамыр 11:28
 ашықВ Атырау +20
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Атыраудағы ҰБТ: бұрын-соңды болмаған қауіпсіздік шаралары

Сурет Бейнежазба
3 986 просмотра


Бүгін 21 маусымда Х.Досмұхамедұлы атындағы АМУ-дің тестілеу орталығында 239 талапкер ҰБТ тапсырып жатыр. Мектеп түлектері емтихан тапсыруға рұқсат құжатын да онлайн режимінде алды.

Биыл бірінші лекте Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының, Ы. Алтынсарин атындағы, № 34 және №30 мектептің түлектері ҰБТ тапсырды. №30 мамандандырылған мектеп-гимназиясының директоры Гүлфия ЕСҚАЙЫРОВА мектебіндегі алты сынып түлектері, барлығы 85 адам ҰБТ тапсырып жатқанын айтты. Түлектер мен мұғалімдерде басқаларға қарағанда бірінші лекте қиын болады деген пікір қалыптасқан. Бірақ АМУ жанындағы Ұлттық тестілеу орталығы филиалының басшысы Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА бұл пікірмен келіспейді, өйткені ереже бәріне бірдей. Биыл бәріне қиын болды дейді мектеп мұғалімдері, өйткені наурыз айынан бастап балалар қашықтан дайындалды. Тәжірибелі пән мұғалімдерінің пікірінше, оқытудың бұл әдісі күндізгі оқу сапасы жағынан әлдеқайда төмен. Бұдан басқа,  карантин жағдайына байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Барлық талапкер санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың 5 кезеңінен өтеді: дезинфекциялау туннелі, дезинфекциялау кілемшесі, дене қызуын тексеру, масканы ауыстыру және қолды антисептикпен өңдеу.

- Тестілеуге дайындық барлық санитариялық стандартқа сәйкес жүргізілді. Аудиторияларды желдету және ауаны баптау жүйелері тексеріліп, тазартылды. Медицина кабинеті толық жабдықталған, дәрігердің, орта медицина қызметкерінің және жедел жәрдемнің міндетті кезекшілігі ұйымдастырылған, - дейді А.Дүйсекенова. - Кіре берісте тепловизормен барлығының: талапкерлердің, қызметкерлердің, комиссия мүшелерінің дене қызуы өлшенеді. Аудиторияларда балаларды кемінде 2 метр қашықтықта отырғызу ұйымдастырылды.

Орталықтардың бәрінде маскаға, антисептик мен суға көп көңіл бөлінген. Маска тақпаған оқушылар үшін қосымша маскалар әзірленген, санитайзерлер кіре беріске және тестілеу өтетін бүкіл аудиторияға орнатылған.

КІРЕ БЕРІСТЕГІ ЖАҒЫМСЫЗ ЖАЙТТАР

Биыл ҰБТ тарихында алғаш рет талапкерлердің ата-анасын университет ауласына кіргізбеді. Ол жерде толып жүретін сынып жетекшілері мен пән мұғалімдері де болмады. Түлектер алдымен бірінші өткізу пунктіне өздері өтті, сол жерден олардың қызуы өлшеніп, ескі ғимарат алдындағы алаңнан жаңа ғимаратқа қарай өтті. Ол жерге баратын жол арнайы сызықтармен сызылған, ал екі кезек балалар бір бірінен қашықта тұру үшін өзара турникетпен бөлінген. Айтпақшы кезек қыздар мен ұлдар кезегіне бөлінген. Өйткені ғимарат ішінде талапкерлерді тыйым салынған заттардың бар-жоғына тексереді. Кірер кезде талапкерлерге жаңа маска берді, қолданылған масканы қоқыс жәшігіне тастады. Екі сағаттан кейін оларға қайтадан жаңа маска таратты. 

Таңертеңгі сағат 8-дерде фототілші екеуіміз АГУ ғимаратына жақындаған кезде, балаларды ішке кіргізе бастады. Сыртта директорлар мен мектеп өкілдері кезекшілікте тұрды. Балалар оларға ұялы телефондары мен калькуляторларын тапсырып жатты. Бір қыздан ұялы телефон тапқанын көрдік. Ол гаджетті қай кезде тапсыру керектігін түсінбегенін, бұрынғы жылдардағыдай металл іздегіштен өтер алдында сынып жетекшісіне беру керек екен деп ойлағанын түсіндірді. Бірақ жанында мұғалімдер жоқ еді...

- Біздің арнайы мониторинг тобымыз ҰБТ барысына бақылау жасайды. Топ өкілдері бейнекамералар арқылы тестілеуді қадағалайды. Ереже бұзушылық анықталған жағдайда олар тиісті акт жасауға әзір. Ереже бұзушыларды аудиториядан шығарып, өз мектеп өкілдеріне тапсырады. Кәмелетке толмағандарды өздігімен үйіне жіберуге ешкімнің құқығы жоқ, қастарында ересек адам болу керек. Қазір екі түлек өздерімен бірге ұялы телефон алып кірмек болды, - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы Айдана АМАНИЯЗОВА.

РҰҚСАТ ҚҰЖАТЫН ҰМЫТҚАН

Содан соң қайтадан әбігер басталды. Мектеп бітірушілердің біреуіне ҰБТ-ға кіруге рұқсат құжат  берілмепті. Ал олсыз емтихан тапсыру мүмкін емес. Кәмелетке толған түлектерге бұл құжатты қолдарына тапсырған, ал кәмелетке толмағандарға мектеп өкілдері ҰБТ болатын күні таратуы керек болатын. Оқу орнының өкілдері дереу бұл құжатты іздестіре бастады, ал оны енді-енді әкеледі екен. Жас түлектің осы үшін қалай уайымдағанын елестеттім. Тестілеу орталығының өкілдерімен сөйлескен соң елімізде маусымдағы тестілеуден бұрын өткізуге білім беру министрлігі уәде берген наурыздағы ҰБТ-ның өтпегенін білдім. Осының орнын толтыру үшін оған тіркелгендердің барлығына Ұлттық тестілеу орталығы базасында онлайн режимінде сынама тестілеуден 5 рет өтуге мүмкіндік берілген.

Кейбір ата-ана балаларының шығармашылық емтихандарды қалай тапсыратынына алаңдады. Алайда анағұрлым толық жауапты бізге сәл кейін беруге уәде берді, өйткені барлық талапкер қандай жағдайда да ҰБТ мен КТ тапсыруы керек. Әзірге, шығармашылық емтихандарға өтініштер 20 маусым мен 7 шілде аралығында қабылданатыны ғана белгілі.

- Еліміздегі карантин шараларына байланысты көп процесте өзгерістер болып жатыр, шешімдер Білім министрлігі деңгейінде қабылданады, - деп атап өтті жергілікті тестілеу орталығы. 

Талапкерлерге ҰБТ-ға тыйым салынған заттармен (телефон, шпаргалка және т.б.) кірмек болғандардың тестілеуге жіберілмейтінін тағы да ескертті.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

21 маусым 2020, 13:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.