Атырау, 15 қаңтар 21:18
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -4
$ 530.24
€ 543.97
₽ 5.16

«Крещение» күніне орай облыста суға шомылатын жеті орын белгіленді

110 просмотра

Бүгінде облыс аумағында православтық қос шіркеу қызмет етуде. Діни рәсімді қауіпсіз өткізу мақсатында шомылуға арналған арнайы орындар дайындалды. Шомылу рәсімі 18 қаңтардан 19 қаңтарға қараған түні басталып, үш күнге жалғаспақ. Бұл туралы Атырау облысы ТЖД бастығының орынбасары Рәтбек Демеуберген баспасөз брифингінде мәлім етті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Рәтбек Демеубергеннің айтуынша, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің 70-тен астам құтқарушысы, 10 бірлік техникасы діни мереке кезінде жабдықталған орындарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

- Жыл сайын өңірде мұзды суға түсуге ниет білдірушілер саны артып келеді, өйткені тазартылған су емдік қасиеттерге бай саналады. Жалпы биыл да облыс аумағында суға шомылуға болатын 7 орын бекітілді. Олар Жайық өзеніндегі «Малибу» жағажайы, «Орал» мейрамханасының тұсы, Ғазиз Жұбанов көпірі (Мечников көпірі), Индер ауданының Индербор кентіндегі Арна және Махамбет ауданындағы М.Шоқпаров көшелерінің бойы, сонымен қатар Құлсары қаласы, Береке шағын ауданындағы Қамыскөл мен Құрманғазы ауылындағы Шарон өзені, - деді ол.

Шомылу орындары қауіпсіздік мақсатында тұтқа, баспалдақ, т.б. қорғаныштармен қамтылған. Дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Мусаев жаппай шомылу кезеңінде шіркеулерде Дін істері басқармасы, полиция, дәрігерлердің, сондай-ақ ТЖД қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылатынын атап өтті.

- Қауіпсіздік мәселесіне келетін болсақ, барлық белгіленген орында құтқарушылар мен медициналық қызметкерлер кезекшілік етеді. Дегенмен әрбір азаматтың жеке қауіпсіздігі өз жауапкершілігінде екенін еске саламын. Суға түсу алдында денсаулық жағдайыңызды ескеріп, дәрігермен кеңесу қажет. Сонымен қатар алкогольді ішімдіктер қабылдауға қатаң тыйым салынады. Рәсімге қатысушыларға жылы киініп, ауыстыратын құрғақ киім және сүлгі алып келуді ұсынамыз. Ал балалар шоқыну рәсіміне ата-аналарының қадағалауымен ғана қатыса алады, - деді Қ.Мусаев.

Айта кетейік, ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 7-1 бабына сәйкес діни рәсімдерді, оның ішінде шоқыну рәсімін тек арнайы белгіленген орындарда ғана өткізуге рұқсат етіледі. Заңсыз түрде басқа орындарда шоқыну рәсімдерін ұйымдастыру немесе өткізу ҚР ӘҚБтК 490-бабының 1-1 тармағына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартуға әкеледі.

Бүгін, 17:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.