Атырау, 6 мамыр 13:02
 ашықВ Атырау +14
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

«Нұрлан, балам, біз ашпыз!». Таубаев базарды толық ашуға рұқсат берді

Сурет Бейнежазба
4 183 просмотра

17 тамыз күні таңертең «Дина» базарының 50-ден астам саудагері жұмыс орындарына келіп, базардың толық ашылуын талап етті. Кеше күшіне енген қаулыға сәйкес, базар басшылығы санитар дәрігерлердің  тексерісінен өтуі қажет еді, алайда базар санитариялық талаптарға сәйкес болмай шықты. Сол себепті базардың тек қана ашық аспан астындағы бөлігі ашылды.  Толығырақ «АЖ» репортажында.

ТАҢ ҚАЙЫРЛЫ МА?

Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, Атырау облысында карантин 31 тамызға дейін ұзартылды. Бұл ретте барлық санитариялық талаптарды сақтай отырып көптеген бизнес субъектілеріне жұмысты жалғастыруға рұқсат берілген болатын. Сауда орындарын ашпас бұрын алдын ала санитар дәрігерлер тексереді. Олардың айтуынша, «Дина» базары жұмыс бастауға дайын емес. Сондықтан кеше жабық базар мен халық арасында «пассаж» деп аталып кеткен екі сектор ашылған жоқ. Жұмысқа шығамыз деген саудагерлер, өз жұмыс орындарына кіре алмады. Сол себепті саудагерлер шағын жиналыс ұйымдастырып, базарға облыс басшылығы келмейінше тарамайтынын айтты.

- Наурыз айынан бері балаларымыз аш отыр. Нан алатын ақшамыз жоқ. Жұмысқа шықпасақ та, ай сайын салық пен жалдау ақысын төлеп отырмыз. Біздің ақшамыз да қалған жоқ! Неге қарапайым халықты ойламайсыздар? Жартысына рұқсат беріп, жартысына берілген жоқ. Халық құрылыс материалдарын жей ме, әлде тамақ  жей ме? Ойлансаңдаршы! – деп ашынды жиналған саудагерлер.


ДЕНЕ ҚЫЗУЫ – 35

Түстен кейін Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВ бастаған бір топ шенеунік базарға келді. Алдымен олар көшеде орналасқан павильондарды қарады:

- Неге мына жерге арақашықтық белгілері сызылмаған? Аралары 2 метрден белгілену керек қой! Санитайзерлер қайда? – деп  сұрады Таубаев. Оны көрген саудагерлер «Базар ашылсын!», «Өтірік тексергенше, базарды ашыңдар!» деп шулады. Кідірместен шенеуніктер екінші «пассажға» кірді. Кірген бойда Таубаев өзінің дене қызуын өлшеп еді, құрылғы 35 градусты көрсетті.

- Бұл құрылғы істемейді ғой! – деп ашуланды Таубаев.

- Істейді, тек әлі баптаулары ретке келтірілмеген, - деп жауап берді базар қызметкерлері.

- Неге мынаның ішінде желдеткіш жұмыс жасамай тұр? Сіздерге бір тұрбаны созып жіберіп, мотор қою қиынға соғып тұр ма? Бір сағатта істеуге болады ғой!

- Оның бәрі уақыт алады. Жалпы «сплит-система» жұмыс жасап тұр.

Осыдан кейін базардың артында орналасқан киім-кешек павильонына, содан соң базардың арғы шетінде орналасқан жаңадан салынған «Шаңырақ» деп аталатын жаңа ғимаратқа барды. Бұл жердің де іші қапырық, кіре берістегі дене қызуын өлшейтін құрылғы жұмыс істемейді. Таубаев қолын санитайзермен залалсыздандырғысы келіп еді, онымен құты бос тұр екен.

- Бұл жерді саудагерлер толмайынша ашпаймыз. Ал оған дейін кемшілектерді түзейміз, - деді әкімші.

- Ертең де ашпаңыздар. Ішін ретке келтіру керек, - деді Таубаев.

Осыдан кейін «Дина» ішіндегі киім-кешек сататын секторға барды. Бұл жердің де санитариялық талаптары сын көтермейді: желдеткіш пен санитайзер жоқ.

- Ертең осы жерден коронавирус шықса, сіз жауап бересіз ғой! Халық көшеде ашыңдар деп талап етіп жатыр. Қалай ашамыз? Бәрі осы базардан ауру жұқтырса, кім жауап береді? Үш ай бойы қайда қарап отырдыңдар? Өте нашар! Жүріңіз, тамақ жақты көрейік, - деді Таубаев.

Бұл жер де ашылуға дайын емес.

- Сауда орындары бір-біріне өте жақын орналасқан. Арақашықтық неге сақталмаған? Ертең коронавирус шықса сіздер қылмыстық жауапкершілікке тартыласыздар! Неге ешқандай жұмыс жасалмаған? Ал сіз не айтасыз? - деп Таубаев облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат ҒАЙНЕДЕНОВТЕН сұрады.

- Иә, ешқандай талап сақталмаған. Базар ашылуға дайын емес, - деп жауап берді ол.  

Ет сататын павильонға кіріп еді, ол жерде базар әкімшілігі қашан дезинфекция жасалғанын айта алмады.

- Өте нашар! Полный бардак! - деді Таубаев.

- Бәрін жөндейміз. Ашылуға рұқсат берсеңіздер, жұмыс істеуге дайынбыз. Халықтың жағдайы нашарлап кетті, сол себепті базарды ашу керек, - деп ақталды базардың директоры Нұрлан ТӘУЕКЕЛ.

Шенділер базарды аралап жүргенде, Өзбекстаннан келген саудагерлер сауда орындарын жауып, тығылып қалды.


«НҰРЛАН, БАЛАМ, БІЗ АШПЫЗ»

Базарды аралап шыққан Таубаев жиналған саудагерлермен кездесті.

- Таңертең Таубаевты шақырған сіздер ғой? Келіңіздер, қазір бәрін түсіндіреміз, - деді Таубаев.

- Базарды неге ашпайсыздар? Халықтың ақшасы да бітті, күн көретін бір тиынымыз да жоқ! - деді қарт саудагер.

- Оны мына директорларыңыздан сұраңыздар. Базар санитариялық талаптарға сай болса, рұқсат берер едік, бірақ өкінішке қарай олай болмай тұр. Түк дайын емес! Үш ай бойы ештеңе істелмеген!

- Өзім көп балалы анамын. Наурыздың 30-да базар жабылды, содан бері жұмыссыз отырмын. Жолдасым қысқартуға ұшырап, бала-шағамыз аш отыр. Жейтін нанымыз жоқ. Өтінеміз, базарды ашыңыздар, - деді бір әйел.

- Бар табыс көзіміз – базар. Осы айға үкіметтен 21 мың теңге беріп еді, ол да бітті. Салық мен жалдау құнын ай сайын төлеп отырмыз. Өткенде дезинфекциялық тоннель орнатуға ақша жинады. Оны да бердік. Бізден кінә болса айтыңдар, дұрыстаймыз!, - деді екінші әйел. Осыдан кейін барлығы «Базар ашылсын» деп шуласа кетті.

- Нұрлан, мен сенің әкеңнің қол астында біршама жыл жұмыс істедім. Балам, базарды аш енді, - деді егде әйел.

- Түсініңіздер, базар ашылуға дайын емес! Осы жер коронавирус ошағына айналса, оған мен жауап беремін. Нұрлан, бәрін дұрыстауға қанша уақыт керек? - деп сұрады Таубаев базар директорынан.

- 10 күнде бәрін дұрыстаймыз, - деп сөзін бастап жатыр еді, саудагерлер шулап қоя берді. Содан кейін қайтадан жоғары тондағы диалогтар жүріп, соңында Таубаев 18 тамыздан бастап базарды ашуға рұқсат берді.

- 10 күн ішінде барлық санитариялық талаптарды сақтай отырып, жұмыс істеуге рұқсат. Егер сол уақытта талаптарды орындамасаңыздар, базар қайтадан жабылады. Нұрлан Тәуекел, 10 күн бойы базардағы барлық жағдайды өз жауапкершілігіңізге алу туралы кепілхат жазып бересіз! - деді Таубаев. Мұны естіген саудагерлер «алақайлап», бір-бірлерінен сүйінші сұрап жатты. Ал Таубаев бастаған шенеуніктер қаладағы басқа сауда орындарын аралауға кетті.

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді түсірген автор

18 тамыз 2020, 11:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.