Атырау, 2 мамыр 13:56
 ашықВ Атырау +17
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

Жабық тұрған тойхана иелері әкімдікке келді

Сурет Бейнежазба
3 106 просмотра

26 қазан күні 8 айдан бері жұмыстары тоқтап тұрған мейрамхана иелері ашылуға рұқсат беруді талап етіп облыс әкімдігінің алдына жиналды.

«ШЫҒЫНҒА БАТЫП ОТЫРМЫЗ»

Коронавирус өршіп тұрған кезде жұмысымызды тоқтатып, халықтан алынған алдын-ала төлемді қайтарып бердік. Қазір жағдай тұрақталып, кинотеатр, сауда орталықтары, тіпті кафе-мейрамханалардың жұмысына рұқсат берілді. Сол себепті билік бізге де рұқсат беруі тиіс. Қызметкерлеріміздің ақшасын төлеп, несие  жабуымыз керек. Шағын кафелерден гөрі, біз санитарлық талаптарды қатаң сақтаймыз, -дейді тойхана иелері.

Кәсіпкерлердің айтуынша, олар ай сайын 200 мың теңгеден бастап 500 мыңға дейін коммуналдық төлем жасайды. Көбі сол үшін несие алған.

Барлық талаптарды сақтауға уәде береміз. Бізге тым болмаса 30%-ға ашылу керек. Әрі қарай қалай өмір сүреміз? Несие мен басқа да төлемдерді қалай төлейміз? – дейді кәсіпкер Нұрия ҚУАНЫШОВА.

Тағы бір тойхана иесі Рахилаш ҚУАНЫШОВА берешегі үшін оның газын кесіп кеткеніне шағымданды.

Менің әлі  «АтырауОблысыСуАрнасы» мен «Атырау Жарық»-тың алдында қарызым бар. Мен көпбалалы анамын, отбасымызды асырау керек. Мүгедек бала асырап отырмын. Жағдаймызды түсініңіздер, - дейді әйел.

Ашуланған кәсіпкерлерді шенеуніктер сөйлесу үшін әкімдікке шақырды. Оларды тыңдап алғаннан кейін Атырау қаласының бас санитар дәрігері ҚАНАТ ҒАЙНЕДЕНОВ олардың талаптарын билік толыққанды орындай алмайтынын айтты.

- Карантин кезінде мобильді топ талай әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтады,- дейді санитар дәрігер. -  Мейрамхана, шағын кофелерде ешқандай санитариялық талапты сақтамай түрлі жиын-той өткізіп жатқандарды көріп жатырмыз. Сондықтан бұл талаптарыңызды орындай алмаймыз.


ТОЙ ЖАСЫРЫН ӨТКІЗІЛІП ЖАТЫР

Осыдан кейін банкет залдарының иелерін Атырау облысы әкімінің орынбасары Ержан АБЫЛХАНОВ қабылдады. Кәсіпкерлер одан санитариялық нормаларды сақтай отырып, кемінде 50 адамның қатысуымен той өткізуге рұқсат беруге және коммуналдық төлемдерді төлеуге қолдау көрсетуді сұрады.

- Қазір әлемнің көптеген елдерінде коронавирус инфекциясының екінші толқыны байқалуда. Біз бизнеске ерекше көңіл бөлеміз, алайда әрбір азаматтың денсаулығы мен қауіпсіздігі де өте маңызды. Өңірде бизнес үшін тәуекелді төмендету бойынша кезең-кезеңмен шаралар жалғасып келеді. Сондықтан тек облыс емес ел бойынша 50 адамға дейін қатыстырып,  тойхана жұмысына рұқсат беру мәселесі әлі де қарастырылуда, - деп жауап берді Абылханов.

Кездесуге қатысқан облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің м.а. Амантай ЖҰМАҒАЛИЕВ қазір халық көп жиналатын мерекелік іс-шараларды өткізу тым қауіпті екенін айтты. Ол мұның бәрі елдің бас санитар дәрігерінің қаулысына байланысты екенін, соның негізінде аймақтық қаулы әзірленетінін атап өтті.

Кездесу соңында облыс әкімінің орынбасары Ержан Абылханов кәсіпкерлердің ұсынысын ведомствоаралық комиссияның қарауына қайта енгізуге уәде берді.

Кездесуде облыстық СЭС-тен келгендердің бірі әр демалыс сайын жасырын түрде салтанатты жиын өткізетін банкет залдарын анықталатынын да атап өтті.

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

27 қазан 2020, 10:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.