Атырау, 18 сәуір 19:47
 ашықВ Атырау +18
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

Алаяққа тиімді интернет

3 583 просмотра

Жыл басынан бері Атырау облысында интернет-алаяқтардың әрекетіне шағымданған азаматтардан 400-ге жуық өтініш тіркелген. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, пандемия кезінде интернет алаяқтарының белсенділігі айтарлықтай өскен: инфекция жұқтырудан қорыққандар дүкенге бармай, барлық тауарлар мен қызметтерге интернет арқылы тапсырыс беруге тырысады. Ал алаяқтар соны өздеріне тиімді пайдаланып отыр.

Бірақ көбіне олар адамның тез байып кету, қымбат дүниені арзанға сатып алу сияқты әлсіздігін пайдаланады.

- Соңғы уақытта ақшаны тез арада еселеп алу сияқты алаяқтықтың түрі кеңінен таралды. Алаяқтар аңғал адамдарға ақшасын тез арада  «айналдырып», бастапқы жарнадан әлдеқайда көп пайда табасың деп уәде береді. Сенімді азаматтар алаяқтарға ақша жіберіп, онымен қоса өзі туралы мәліметтерді және алаяқтар «оңай олжаны» аударып жіберу үшін жеке карта нөмірлерін жібереді. Әрине, оларға ешқандай ақша түспейді. Сонымен қатар, қылмыскерлер жеке деректерге қол жеткізгенде, тағы бір пайда табу айласын іске асырады. Олар банктен солардың атына несие алады. Банк несие ақшасын сол азаматтардың карточкасына жібереді. Осы жерде алаяқтар карточка иесіне қайырымдылық қорына арналған қаражат сіздің атыңызға кездейсоқ жіберілді, оларды қайтаруыңызды өтінемін деп телефон шалады.  Алаяқтың әрекетінен бейхабар олар қаражатты дереу солардың киви әмияндарына аударып жібереді. Осылайша, олар екі рет алданады: біріншіден, «айналдыруға» берген ақшадан қағылады, ол аз болса, мойнына несие ілінеді, – дейді қылмыстық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Закария РАЗҒАЛИЕВ.

Алаяқтың құрбандарының сеніміне кіру үшін сүйікті тәсілдерінің бірі - өзін банк қызметкері ретінде таныстырады. Олар адамдарға телефон арқылы қоңырау шалып, олардың шоттарына қауіп төніп тұрғанын, шұғыл түрде қорғау керек екенін хабарлайды. Шот есебінде қанша ақша тұрғанын, жеке деректерін сұрап, шотты тексеруді ұсынады. Содан кейін олардың телефонына келетін құпия кодты жіберуді өтінеді.

- Біз азаматтарға ешбір жағдайда бөгде адамдарға өздерінің жеке деректерін, карта нөмірлері мен құпия кодтарын хабарлауға болмайтынын ескертеміз. Алаяқтар бұл ақпараттың барлығын басқа адамдардың ақшасын иемдену үшін пайдаланады, - деп ескертеді қылмыстық полиция қызметкерлері.

 

ҰСТАЗ БОЛЫП ТА ХАБАРЛАСАДЫ

Алаяқтар сонымен қатар қымбат ұялы телефон сатушысы және жақсы жерден жылжымайтын мүлікті жалға берушілер ретінде де әрекет етеді. Нарықтық бағадан төмен баға ұсынады. Олар телефон жаңа, жақында сатып алынған немесе сыйлық ретінде алынған деп айтады да, шұғыл ақша қажет болғандықтан оны арзанға сатуға тура келіп тұр дейді. Осындай жолмен олар тиімді бағамен жалға берілетін жақсы жөндеуден өткен баспана ұсынады. Телефон арқылы әңгіме барысында олар пәтерді сұрап тұрған клиенттердің бар екенін ескертеді, бірақ оны картаға алдын-ала төлем жіберу арқылы брондауға болады дейді. Ақшаны алғаннан кейін алаяқтар қоңырау мен SMS-ке жауап бермей, қарасын батырады.

З.Разғалиевтің айтуынша, өткен жылы интернет желісіндегі алаяқтар өздерін балалардың сынып жетекшісі ретінде таныстырып алдаған бірнеше жағдай болғанын айтты. Олар қолданыстағы нақты аккаунттардан фотосуреттерді жүктеп, жалған парақшалар ашады. Содан кейін сол парақшалардан балалар мен ата-аналарға кеңсе тауарлары мен басқа да керек-жарақтарды сатып алу үшін тез арада ақша тапсыру қажеттігі туралы өтініш жасайды. Кейбір ата-аналар мұғалімдерге қоңырау шалып, ешқандай ақша жиналып жатпағанын анықтайды. Бірақ мұндай жағдайларда сұраған ақша аз мөлшерде болғандықтан, зардап шеккендердің көбі полицияға хабарламайды.

- Интернетте өзін басқа адам ретінде таныстыру қиын емес. Сондай-ақ, КИВИ әмиянын ашу да оп-оңай, өйткені оны іске қосу үшін телефон нөмірінен басқа дерек қажет емес. Виртуалды түрде атқарылатындықтан, оларды бақылау да қиын. «Жұмыс» жасау үшін алаяқтар басқа қала мен елдерді таңдайды. Біз шоттардағы ақшаны қай жерден түсіргенін тексергенде, Атыраудан аударылған ақша аударымдары Алматы, Шымкент, Қостанай немесе көршілес Ресейде түсіріп алынатыны анықталды. Онда алаяқтар көбінесе белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдардың, көше кезіп жүрген маскүнемдердің атына карта ашады, ал олар өздерінің құжатын біреуге бергенін де есіне түсіре алмайды, - дейді З.Разғалиев.

Жыл басынан бері Атырау облысы ПД қызметкерлері осындай 60 істі ашты. 

Зульфия ИСКАЛИЕВА

27 қыркүйек 2020, 07:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.