Атырау, 26 сәуір 19:55
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Үкімдегі қарама-қайшылық

3 538 просмотра

Өткен жылдың 8 қыркүйегінде Дамбы ауылының тұрғындары Нұрлан ҚАЛИЕВ пен Сабыржан МҰСАЕВ 18 келі бекіре балығымен ұсталды. Алғашында сот оларға 56 млн теңге айыппұл салып, 3 жылға бас бостандығын шектеді. Кейін табиғатты қорғау прокуратурасының апелляциялық шағымы  бойынша бас бостандығын шектеу жазасы айыру жазасына өзгертіліп, олар қамауға алынды. Қалиев пен Мұсаевтың туыстары сонша қатаң жазалаудың не қажеті бар екенін түсінбей дал.

Дамбалық 36 жастағы Нұрлан Қалиев пен Сабыржан Мұсаев (жеке серіктестістікте балықшы болып жұмыс істеген) ұсталғаннан кейін сот үкімі шыққанша, тергеу изоляторында қамауда болды.  Өткен жылдың желтоқсан айында №2 Атырау қалалық сотының судьясы Жұмағали ТАШИМОВ оларды шартты түрде 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеп, 56 млн теңге айыппұл тағайындап, тергеу изоляторынан босатқан. Кейін арнайы мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы облыстық сотқа шартты жазаны бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстыру туралы өтініш түсірді. Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бұл өтінішті қанағаттандырып, екі жігіт сот залынан қамауға алынып, жазасын өтеу үшін УГ-157/9 (ерлерді түзеу колониясы) жіберілді. 

Туыстары қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы тым қатаң жаза қолданды деп есептейді. Себебі, бірінші сот отырысында екеуінің бұрын сотталмағаны және көпбалалы отбасының жалғыз асыраушысы екені ескеріліп, шартты жаза тағайындалған.

Олар түрмеден шығып, айыппұл өтеу үшін жұмысқа шығайын деп жүрген жігіттер еді. Кері түрмеге қамағанда олардың айыппұлын кім төлейді? 5 бала әкесіз қалды. Оларды кім асырайды? – деп сұрайды Қалиевтің туысы Әділхан ИБРАШЕВ.

Мұсаевтың жолдасы Альфия ЖАКЕНОВАНЫҢ айтуынша, сотталғандар айыппұлды төлеуге келісіп, соттан төлеу кестесін сұраған.

- Менің жұбайым да оның досы секілді отбысының жалғыз асыраушысы. Біз, аналар, жұмыссыз отырмыз. Олардың қамауда отырғаны кімге пайда. Одан да жұмыс жасап, айыппұл төлегені жөн емес пе?- дейді Жакенова.

Ал сотталғандардың адвокаты «темір торға қамап, оған қоса миллиондап айыппұл төлету ақылға сыйымсыз», сондықтан Жоғарғы сотқа шағым дайындап жатқанын айтады.

Осы жерде ұқсас басқа екі қылмыстық іс еске түсіп отыр. 2018 жылдың ақпанында Жанбай ауылының 4 тұрғыны 1105 келі (!) қызыл балықпен ұсталып, екі жылға бас бостандығын шектеу түрінде шартты жазасын алып, 252 млн теңге айыппұл салынды. Ал өткен жылдың қаңтарында Атырау қаласының екі тұрғыны 300 келі қызыл балықпен ұсталып, 2 жылға шартты түрде бас бостандығы шектеліп, 226 млн теңге айыппұл салу жазасы белгіленді. Сот статистикасының қолжетімді ақпаратына сәйкес, әдетте браконьерлер шартты түрде бас бостандығын шектеу жазасын алып, мойнына айыппұл жүктеледі. Алайда Қалиев пен Мұсаевтың жағдайы басқаша шешілді.

Фархат ӘБІЛОВ

Бейнежазба мен суреттерді түсірген автор

26 қаңтар 2021, 10:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.