Атырау, 19 қараша 22:24
 дождьВ Атырау +7.2
$ 444.16
€ 487.29
₽ 5.40

Есбол мен Құлсары: оқушылар жаңа ғимараттарды қашан көре алады

32 рет қаралды
Есбол ауылындағы 320 орындық мектеп
Есбол ауылындағы 320 орындық мектеп

Құлсары мен Есбол ауылындағы балалар өздері үшін салынған жаңа ғимараттарға көшуді әлі күтіп жүр. Шенеуніктер мәселені жыл соңына дейін және қысқы демалыстан кейін шешуге уәде беріп отыр.

Есбол: мектеп партасында ғасырға жуық уақыт

Индер ауданының Есбол ауылындағы Қ. Ескалиев атындағы мектеп 1936 жылы салынған. Қызыл кірпіштен тұрғызылған ғимаратқа биыл 90 жыл толып отыр. Мектеп апатты деп танылған, ал қауіпсіздік мақсатында спорт залы жабылған. Соған қарамастан, сабақ әлі де осы ғимаратта өтіп жатыр.

320 орындық жаңа мектептің құрылысы 2021 жылы басталған. Жобаның құны 1 млрд 450 млн теңгені құрайды. Алғашында құрылысты «ОңдасынСтрой» ЖШС жүргізген. Алайда мердігер өз міндеттемелерін орындай алмай, кейін банкротқа ұшыраған. Жаңа компания анықталғанға дейін құрылыс жұмыстары тоқтап қалған.

Нысанды аяқтау «Сала» ЖШС-не тапсырылды. Ата-аналар 1 қыркүйекте балаларымыз жаңа мектепке барады деп үміттенген. Алайда жаңа оқу жылы тағы да ескі ғимаратта басталды.

Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Бірақ Төтенше жағдайлар департаментінің ескертулеріне байланысты мектепті әзірге пайдалануға беру мүмкін болмай отыр.

— Енді балаларымызды сабаққа қорқа-қорқа жібереміз. Балаларымыз әлі күнге дейін ғасырға жуық тарихы бар ескі мектепте оқып жүр. Неліктен ескертулер уақытында жасалмады? Әлде мектеп құлағанын күтіп отыр ма? — деп наразылық білдіреді ата-аналар.

Жақында Индер ауданы тұрғындарымен өткен кездесуде облыс әкімі Болат Ақшолақовқа мектеп мәселесі тағы да қойылды. Ол нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілетінін уәде етті.

Алайда Есбол тұрғындары мұндай уәдені бұған дейін де естіген. Екі жыл бұрын ауыл тұрғындарымен кездескен облыстың бұрынғы әкімі Серік Шәпкенов те мектеп мәселесі шешілетінін айтқан болатын.

Әзірге балалар 1936 жылы салынған ғимаратта оқуды жалғастырып жатыр.

Құлсары: жаңа корпус құлыптаулы тұр

Жылыой ауданының Құлсары қаласындағы Автожолшылар шағынауданында да осындай жағдай қалыптасқан.

300 орынға арналған №20 мектеп 1993 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде шағынаудан кеңейіп, оқушылар саны артқан, ал мектеп ғимараты әбден тозған. Орын тапшылығын шешу үшін мектеп аумағында 180 орындық қосымша корпустың құрылысы басталған.

Құрылысты «СұңқарҚұрылысLTD» ЖШС жүргізген. Нысанды 2026 жылы аяқтау жоспарланған. Негізгі құрылыс жұмыстары біткеніне қарамастан, корпус әлі күнге дейін жабық тұр.

Құлсары қаласындағы №20 мектеп
Құлсары қаласындағы №20 мектеп

Осы уақытта ата-аналар алдында тағы бір мәселе туындады. Жылыой ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Гүлнафис Айшуақова №20 мектептегі 350 оқушыға 50 мұғалімді ұстау экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін айтып, балаларды жаңа «Келешек» мектебіне ауыстыруды ұсынған.

Ата-аналар бұған қарсы шықты. Оларды қосымша корпус салынғаннан кейін биліктің мектептің өзін жабу мәселесін көтере бастағаны ашуландырды.

Жағдайға облыстық білім басқармасының басшысы Марат Әбуов араласып, №20 мектеп жабылмайтынын көпшілік алдында мәлімдеді.

Бірінші қыркүйекте жаңа корпустың алдында салтанатты жиын өтті. Алайда мерекеден кейін балалар қайтадан ескі сыныптарына оралды.

Облыстық білім басқармасының уәделеріне қарамастан, ата-аналар нақты жауап талап етуді жалғастырды.

— Біз облыстың бұрынғы әкімі Серік Шәпкеновке өз наразылығымызды ашық білдірдік. Кейін облыстың жаңа әкімі Болат Ақшолақовқа «Е-Өтініш» жүйесі арқылы шағым жолдадық. Алайда әлі күнге дейін жауап алған жоқпыз. Аудан әкімдігі жаңа мектепті басқа мақсатта пайдалануды көздеп отыр дегенді естіп жүрміз. Оның рас-өтірігі белгісіз. Негізі, аудан әкімдігі №20 мектептің оқушыларын шағынауданымыздан алыс орналасқан «Келешек» мектебіне ауыстыруға тырысып, мұғалімдер мен оқушылар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген, — дейді ата-аналар.

«АЖ» редакциясының сауалына жауап берген облыс әкімдігінің баспасөз қызметі қазіргі уақытта қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

18 қарашада облыс әкімі Болат Ақшолақовтың Жылыой ауданына жұмыс сапары кезінде ата-аналар тағы да нақты жауап алуға тырысты.

Білім басқармасы өкілдерімен болған әңгіменің нәтижесі туралы жергілікті тұрғын Янга Лауадиновна айтып берді:

— Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Света Аманшиева барлық ескертулер жойылғаннан кейін мектеп ашылатынын уәде етті. Оның айтуынша, ТЖД рұқсатынсыз мектепті әзірге ашу мүмкін емес. Ол үшінші тоқсаннан бастап оқушылар жаңа мектепте білім ала бастайтынына сендірді. Егер 2027 жылдан бастап балаларымыз жаңа ғимаратта оқитын болса, біз, ата-аналар, әрине, қуанамыз.

Осылайша, Есбол ауылындағы мектепті желтоқсан айының соңына дейін ашуға уәде берілсе, Құлсарыдағы жаңа корпус оқушыларды үшінші тоқсаннан бастап қабылдауы тиіс.

Екі нысанның да құрылысы бірнеше жылға созылды. Қазір құрылыс жұмыстары аяқталғанымен, ескертулер мен құжаттарды рәсімдеу мәселелеріне байланысты мектептер әлі ашылмай отыр. Бұл мәселелерді оқу жылы басталғанға дейін неге шешу мүмкін болмады және құрылыстың кешігуіне кім жауапты? Редакция алған жауаптарда бұл сұрақтарға түсініктеме берілмеген.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Бүгін, 16:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.