Атырау, 19 қараша 22:32
 дождьВ Атырау +7.2
$ 444.16
€ 487.29
₽ 5.40

Махамбет көпірі қайта ашылды: жеңіл көліктер үшін қозғалыс 19 қарашада басталады

35 рет қаралды
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Махамбет ауданында Атырау — Орал және Атырау — Индер автожолдарын жалғайтын көпірдің жөндеу жұмыстары аяқталды. Көпірдегі қозғалыс 19 қарашада қайта жанданады. Алайда ауыр жүк көліктері үшін шектеу келесі күнге дейін сақталады.

Махамбет ауданы әкімдігінің хабарлауынша, уақытша шектеулер жөндеу жұмыстары кезінде төселген бетонның толық қатаюы үшін қажет.

Көлік қозғалысына төмендегі кестеге сәйкес рұқсат беріледі:

  • 19 қараша сағат 21:00-ден бастап — жеңіл автокөліктерге;

  • 20 қараша сағат 12:00-ден бастап — ауыр жүк көліктеріне.

Аудан әкімдігі жүргізушілерді белгіленген шектеулерді сақтауға және бағыттарын алдын ала жоспарлауға шақырды.

Көпір уәде етілген мерзімнен бір тәулік кеш ашылады

Еске салайық, 6 қарашада «Ақ Жайық» басылымы жол жабынына орташа жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты көпірде ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізілгенін хабарлаған болатын. Шектеулер 5 қарашадан бастап күшіне енді.

Кейін 17 қараша сағат 08:00-ден 18 қараша сағат 21:00-ге дейін көпірдің толық жабылатыны белгілі болды.

9,4 млрд теңгеге салынған көпір

Махамбеттегі Жайық өзені арқылы өтетін көпірдің салтанатты ашылуы 2018 жылғы 30 қарашада өтті. Оның құрылысы 2014 жылы басталып, 9,4 млрд теңгеге түскен. Көпірдің ұзындығы — 860 метр, ені — 13 метр.

Бас мердігер — «Атырауинжстрой» ЖШС, ал құрылыс жұмыстарын «Энергомост» ЖШС жүргізген.

Алайда 2024 жылдың қарашасында «Ақ Жайық» көпірден анықталған ақаулар туралы хабарлаған болатын. Сол кезде мамандар нысанның орталық бөлігіндегі арқалықтардың бірінің жылжығанын және екі жақтағы кіреберіс жолдардың шөккенін анықтаған.

2026 жылдың шілдесінде көпір маңындағы еңістің опырылуы тіркелді. Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, бұған мол жауын-шашыннан кейін топырақтың шөгуі себеп болған. Әкімдік көпір тіректері мен аралық құрылыстарына зақым келмегенін мәлімдеді.

Бүгін, 22:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.