Атырау, 19 қараша 22:32
 дождьВ Атырау +7.2
$ 444.16
€ 487.29
₽ 5.40

Премьер-министр Ақтөбе облысында: Инвестиция көлемі 1 трлн теңгеден асты

28 рет қаралды
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов «Қазақстандық мұнай жабдықтары зауыты» мен жүнді терең өңдейтін KazFeltec кәсіпорнының жұмысымен танысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын көрді.

Негізгі назар отандық өндірісті кеңейтуге және қосылған құны жоғары өнімдердің үлесін арттыруға аударылды.

Өңірдегі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов баяндады. 10 айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1 трлн теңгеден асып, 8,2%-ға өскен. Тікелей шетелдік инвестициялар екі есе артып, 357,2 млн АҚШ долларына жетті. Өңірде энергетика, машина жасау, тамақ өнеркәсібі және басқа да салаларда жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар 400 млрд теңге инвестиция тартуға және 1,5 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін арнайы экономикалық аймақ құру мәселесі пысықталуда.

Ақтөбе қаласында Премьер-министр «Қазақстандық мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС-нің өндірістік цехтарын аралады. Кәсіпорынды дамытуға 7,4 млрд теңге инвестиция салынған. Жылдық өндірістік қуаты 100-120 мың тонна болатын зауыт сорғы-компрессорлық және шегендеу құбырларын, фонтандық арматураны, ысырмаларды, жылу алмастырғыштарды және басқа да мұнай-газ жабдықтарын шығарады.

Ағымдағы жылдың тоғыз айында шегендеу құбырларының өндірісі 31,4%-ға өсіп, 14,1 мың тоннаға жеткен. Ал басқа мұнай кәсіпшілігі жабдықтарының өндірісі 7,4 мың тоннаны құраған (2025 жылдың сәйкес кезеңінде — 179 тонна). Өнім ішкі нарыққа бағытталған және импортты алмастыруға ықпал етеді.

Үкімет басшысына өндірісті кеңейту жоспарлары туралы баяндалды. Атап айтқанда, орта және жоғары қысымға арналған клапандар мен ысырмалар шығаратын төртінші цех салу көзделген. Инвестиция көлемі — 700 млн теңге. Кәсіпорынды 2027 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 2 млрд теңге инвестиция тарту арқылы құю әдісімен металл дайындамалары мен бөлшектерін өндіретін зауыт салу жобасы пысықталуда.

Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Олжас Бектенов «KazFeltec» ЖШС-де жүнді терең өңдеу және тоқыма емес материалдар өндірудің технологиялық үдерісімен де танысты. Зауыт директоры Ерлан Жанабергеновтің айтуынша, жоба 2025 жылы жеке инвестициялар мен Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауы есебінен жүзеге асырылған. Жалпы инвестиция көлемі 5,3 млрд теңгені құрады.

Кәсіпорында италиялық CORMATEX компаниясының жабдықтары орнатылған. Олар жылына 3,6 мың тоннаға дейін жүн өңдеп, 2,2 мың тоннаға дейін дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорында 50 жұмыс орны ашылған.

Зауыт табиғи қой жүнінен жылу және дыбыс оқшаулағыш материалдар шығарады. Олар құрылыста, жиһаз өндірісінде және басқа да салаларда қолданылады. Қазіргі уақытта кәсіпорын шикізатты Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарындағы шаруа қожалықтарынан сатып алады. Бұл ауыл тұрғындары үшін өнімдерін тұрақты өткізуге және табыс табуға мүмкіндік береді. Бүгінде зауыт өнімдері ішкі нарықта сатылуда, ал алдағы уақытта экспортқа шығару жоспарланған.

Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов Ақтөбе облысының әкімдігіне бейінді мемлекеттік органдармен бірлесіп, отандық өндірісті кеңейтуге, шикізатты терең өңдеуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған инвестициялық жобалардың уақытылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ инвесторларға қажетті қолдау көрсетіп, өндірістік қуаттарды іске қосу мерзімдерінің сақталуын қамтамасыз етуді міндеттеді.

Жалпы, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, өңдеу өнеркәсібінің дамуы жаңа өндіріс орындарын іске қосу және отандық өнім түрлерін көбейту арқылы жүзеге асып келеді. Ағымдағы жылдың 10 айында өндіріс көлемі 9,3%-ға өскен. Жыл басынан бері жалпы құны 900 млрд теңгені құрайтын 125 жоба іске қосылды.

Шикізатты терең өңдеуге, автомобиль жасау мен теміржол машинасын жасау салаларын дамытуға, сондай-ақ салалық кластерлерді қалыптастыруға ерекше назар аударылып отыр.

Бүгін, 22:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.